Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тема: КГКП "Алматинский областной центр по профилактике и борьбе со СПИД",

Ауырып ем іздегенше...


9 октября 2019, 10:15 | 633 просмотра



Жуырда Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дәрігер-эпидемиологтары Еңбекшіқазақ ауданында тұрғындар мен жастар үшін «АИТВ жұқпасының алдын алу» тақырыбында семинар өткізіп қайтты.   

Таңертең мамандар аудандық Ішкі істер бөлімінің жеке құрамымен кездесті, сонсоң Есік қаласындағы Қаныш Сәтпаев пен Рахымжан Тоқатаев атындағы орта мектептер мен жеке гимназияда жоғары сынып оқушылары мен ұстаздар қауымына дәріс оқыды.

            Алдымен дәрігер-эпидемиолог Үржан Мұхаметалина аймақтың эпидемиологиялық жағдайына слайд арқылы шолу жасап, АИТВ/ЖИТС жұқпасының алдын алу шараларымен таныстырды.

–Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) халық ішінде қорғалмаған жыныстық қатынас арқылы тез тарап жатыр. Әзірге емі жоқ бұл аурумен аймақта 3300-ден аса адам ауырады. Биылғы жылдың тоғыз айы ішінде Алматы облысында 249 адам АИТВ жұқтырғаны белгілі болды, оның 26-сы – Еңбекшіқазақ ауданының азаматтары. Аталмыш жұқпамен ауыратынын адам көпке дейін сезбеуі мүмкін, тек тұмау, туберкулез, гепатит, т.б. түрлі жыныстық аурулармен  емханаға қаралғанда, қан сараптамасынан өткеннен кейін ғана біле алады. Біздің ЖИТС орталығы бұл науқастармен психологиялық, клиникалық ем-шаралар жүргізеді. Жұқпаның күшін басатын АРВ терапиясы қолданылады. Егер дәрігер кеңесін бұлжытпай орындап, дәрілерді уақытында ішіп отырса, науқастың ұзақ өмір сүруге мүмкіндігі бар. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық нақылын ұмытпай, қауіпті жұқпаның алдын алып жүрейік, - деп, сөзін аяқтаған дәрігерге қатысушылар сұрақтарын жаудырып, семинар соңы  қызықты пікірталасқа ұласты

Автор:
Алматы облыстық ЖИТС орталығының маманы