Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жас ұрпақты АИТВ жұқпасынан сақтайық!


8 октября 2019, 10:07 | 38 просмотров



Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары Қаскелең қаласындағы Абдырахман Байжанов және А.С.Пушкин атындағы орта мектеп оқушылары мен ұстаздарымен кездесіп, «АИТВ жұқпасының алдын алу» тақырыбында семинар өткізді.

Дәрігер-эпидемиолог Ләззат Байманова сөзін  аймақтағы эпидемиологиялық жағдайдан мәлімет беруден бастады:

– АИТВ-мен тіркеліп жатқандар елімізде жыл өткен сайын көбеюде. Статистикаға көз жүгіртсек, Алматы облысында бүгінгі таңда АИТВ жұқпасымен ауыратын 3298 адам есепте тұр. Бұл оқиғалардың 1902-сі (57%) – жыныстық  қатынас арқылы жұқтырғандар, ал 1273-і (38,6%) – инъекциялық есірткі тұтынушылар, 54 оқиға (1,6%) жүкті анадан балаға, яғни жүктілік, босану, емшекпен тамақтандыру кезінде жұқтырып алғандар болса, 8 оқиға (0,2%) парентеральды жолмен, 1 оқиға кәсіби міндетті орындау барысындағы апаттық ахуалдар кезінде берілген, ал 59 оқиғаның жұқтыру жолы анықталмаған. Ең өкініштісі, АИТВ  жұқпасы жастар арасында кең таралып жатыр. Бұл тек медицина қызметкерлерін ғана емес, әр адамды алаңдатуы тиіс, – деген дәрігер жұқпаның берілу мен алдын алу шараларына тоқталып өтті.

Ал эпидемиолог көмекшісі Ольга Потуданская барлық қатысушыға ақпараттық-оқыту құралдарын таратып, АИТВ/ЖИТС-тің шығу тарихын баяндайтын бейнеролик қойып берді.  Семинар соңында мамандар оқушылар сұрақтарына жауап берді.