Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тұмаудың алдын алу


4 октября 2019, 10:40 | 84 просмотра


Тұмау және басқада жіті респираторлық вирустық жұқпа— бұл әрбір адам өмірінде бірнеше рет кездестіретін жұқпалы вирустық сырқаттанушылық. Жыл сайын дүниежүзінде тұмаумен және басқа жедел вирустық жұқпалармен миллиондаған адамдар науқастанады.  

Бұл сырқаттанушылықпен жиі көктем, күз, қыс кезінде ауырады. Себебі осы уақытта ауа райының салқындығынан және күн сәулесі, дәрумен жетіспеушілігінен адам ағзасының иммунитеті төмендейді. Жіті респираторлық вирустық жұқпаның маусымдылық кезеңі күз мезгілінің соңғы айынан басталып, жоғары сырқаттанушылықтың ең көп тіркелуі қаңтар – ақпан айларына келеді.  

Адам ағзасының тұмау жұқпасына қабылдағыштығы өте жоғары. Тұмау вирустары жоғары температураға тұрақсыз болғанымен, төмен температурада тіршілігін ұзақ уақытқа дейін сақтайды. Вирустар залалсыздандыру заттары, ультра күлгін сәулелері әсерінен тез өледі.

Вирус адамнан адамға ауа-тамшылы жолмен жөтелу немесе түшкіру кезінде, ал кейбір кезде сөйлеу барысында майда бөлшектердің науқас адамнан шығуы  арқылы жеңіл тарайды.

Жұқпа көзі - ауру адам, әсіресе сырқаттанғаннан бастап алғашқы 2-3 күндері айналасындағыларға қауіпті. Жұқпаның жасырын кезеңі орташа алғанда 3 күнге дейін. Ауру жіті басталып, клиникалық белгілер тез пайда болады. Алғашқы 24-36 сағаттың ішінде дене қызуы 39-400С жоғарылайды, бас ауруы, бұлшық еттер мен буындардың ауруы, жөтел, мұрынның бітуі, кейбір науқастарда ауыр жиі тыныс алу, конъюктивит, асқазан-ішек қызметінің бұзылыстары байқалады.

Тұмауға әр-түрлі асқынулар тән, ең жиі кездесетіндері өкпенің және ортаңғы құлақтың қабынуы, менингит пен менингоэнцефалит.

Тұмаудың ең тиімді, арнайы алдын алу шаралары иммундау болып табылады.

Тұмауға қарсы барлық тұрғындар егілгені абзал, дегенмен бірінші кезекте келесі тұлғалардың егілуі қажет: 6 айдан 3 жасқа дейінгі балалар, жиі ауыратын балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, сәбилер үйлерінің балалары, жүрек-қан тамыр және тыныс алу жолдарының созылмалы аурулары бар адамдар, иммунды жетіспеушіліктері барлар, жүктіліктің 2-3 триместріндегі әйелдер. 

Тұмауға қарсы арнайы иммундаудан басқа тұмау және жіті респираторлық вирустық жұқпаның жоғарылау кезеңінде жұқпаның арнайы емес алдын алу шараларын да естен шығармауымыз керек.

Жұқпаның жоғарылау кезеңінде тұмаудың алдын алуының ең қолайлы, кең таралған, қолжетімді түрі – тыныс алу жолдарын қорғау үшін қолданылатын бетперде. Осы кезеңде жіті респираторлық вирустық жұқпаның және тұмаудың алдын алу үшін мүмкіндігінше халық тығыз орналасқан және жаппай шаралар ұйымдастырған жерлерге баруды шектеу, әсіресе балалар үшін жұқпа көзі мүмкін болатын қарым-қатынасты шектеу қажет.

Тұмаудың алдын алуда жеке бас гигиенасын сақтаудың да пайдасы мол, қолды жиі сабынмен жуу қажет. Түшкірген және жөтелген кезде ауызды немесе мұрынды бет орамалмен жабу керек.

Барлық мүмкіндікті мүлт жібермей уақытында емханаға қаралып, жұқпалы аурулардың алдын алғаныңыз жөн.

Сырқаттануды емдегеннен көрі алдын-алу анағұрлым жеңілірек екенін естен шығармаңыз!.

Б.Оңғарбекова,

Алматы облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін

бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы

Автор:
Б.Оңғарбекова,