Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тері аурулар немесе дерматомикоз жайлы не білуіміз керек?


4 октября 2019, 10:39 | 68 просмотров


Дерматомикоз (трихофития, микроспория) – бұл микроскопиялық саңырауқұлақтар тудыратын адам және жануарлардың жұқпалы тері ауруы. Аурудың көзі - осы жұқпамен ауырған жануарлар (ит,мысық, төрт түлік мал) немесе орта және кіші жастағы науқас балалар болып есептеледі. Аурудың белгілері көбіне, денеде, бастың шаш бөлігінде, тырнақта пайда болуы мүмкін, ауру біртіндеген қызғыш немесе қызарған дақтардың пайда болуынан басталып, одан әрі көптеген ошақтарға айналады.

Ауру науқас адам немесе жануармен тікелей қарым –қатынаста болған жағдайда жұғады, сонымен қатар, науқас адамның заттарын (киім, бас киім, тарақ, қайшы, төсек жабдықтары) қолданған кезде жұғады. Ауру лабораториялық тәсілмен анықталады. Аурудың әрбір тіркелген жағдайында үй ошағында күнделікті дезинфекция жүргізілуі керек, толық емделіп болғаннан кейін  дезостанция қызметкерлерімен қорытынды дезинфекция жүргізіледі.

Дерматомикоз ауруымен ауырмау үшін не істеу керек немесе алдын алу шаралары:

  • Жеке бас гигиена ережелерін сақтау (моншада жуынатын легендерді дезинфекциялау, отбасының әрбір мүшесінде жеке бас гигиенасына арналған заттардың болуы);
  • Бассейндерде, моншаларда, жағажайда резинке аяқ киімдерді пайдалану ;
  • Қоғамдық орындарда болғаннан соң, қолды сабынмен мұқият жуу;
  • Қаңғыбас иттермен қарым – қатынаста болмау;
  • Үй жануарларын ветеринарлық дәрігерге уақытылы көрсетіп, қажетті екпелер алу;
  • Егер өзіңізде жоғарыда аталған белгілерді байқасаңыз, дер кезінде тұрғылықты дерматолог дәрігерге қаралыңыз .
  • Егер маңайыңызда тері ауруымен ауырған адам болса, жеке бас гигиенасын сақтауды ұмытпаңыз!

 

А.Таужанова,

Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекші маманы.

Автор:
А.Таужанова,