Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Есті алған есірткі


25 сентября 2019, 09:46 | 582 просмотра



Біздің елімізді ға­на емес, жалпы әлем жұртшылығын алаңдатып отырған наша­қорлық дерті жер бетін жайлап келеді. Есірткі сау­дасымен қалта­ларын қалыңдатып отырған қылмыстық топтар жыл сайын 500-700 миллиард доллар пайда түсіреді.

Есірткі саудасы жекелеген адамдардың пайдасына жүр­гі­зілгендіктен, маңызы жа­ғынан әлемдік мұнай саудасынан еш кем емес деуге негіз бар. Та­рихты ақтарсақ, есірткі саудасы ашық түрде әрі алпауыт мем­ле­кеттердің сыртқы саясаты ретінде жүр­гізілген, қазіргі таңда бұл астыр­тын жүргізілетін саудаға айналған. Мәселен, Ұлыбритания ХІХ ғасырда Үндістанға есірткі екті­ріп, қытайлықтарға оны шек­тіру арқылы қыруар табысқа ке­неліп отырды. Отар елдерді қ­а­наған Англияның бұл әрекеті Қы­тай­дағы атақты «Апиын со­ғыстарын» туғызған болатын. Дегенмен бүгінгі күні бұл «кө­леңкеге» өткен есірткі саудасында Ауғанстан алғашқы орында тұр. Сарапшылардың айтуынша, ау­ған елінде өндірілген героин үлесі 92 процентті құрайды. Олар ге­роин өндірісінде қолданылатын шикізат апиын өндірісін ұлғай­туды да жалғастыруда. 2001 жылы Америка Құрама Штаттары Ау­ған­стандағы «Талибан» террорис­тік ұйымын жоямыз деп басып кірген болатын. Және әлемді сол уақытта Ауғанстанда есірткіге қарсы компания жүргіземіз деп сендірді. Айтып-айтпай не керек, бұл Америка Құрама Штатта­ры­ның негізгі ішкі саяси миссиясы болса керек. Өйткені дәл сол кез­де бірнеше уақыт азайған нар­котрафик, бір-екі жыл өткенде қайта қарқын ала бастады. 2017 жылы ресми және бейресми деректерде Америка Құрама Штат­тарының ауған апиынына қарсы күресінен кейінгі 16 жыл ішінде есірткі өндірісі мен айна­лым деңгейі 2001 жылмен са­лыстырғанда, 40 есеге өсіп кет­кені айтыла бастады. Бұл туралы: «Есірткі саудасы терроризм, экстремизм және діни радикализмнің кең қанат жаюына мүмкіндік беріп отыр. Өйткені Ауғанстан жерінде есірткіні өн­діріп, экспорттаушылар көбіне террористік және экстремистік ұйымдардың өкілдері болуда. Сондай-ақ әлемдік ірі есірткі сау­далаушылары есірткінің төлемі ретінде кей кездері Орталық Азия­ға қару-жарақ жөнелтіп отырады. Сондықтан бұл топтар Ауғанстан жерінде тұрақсыз­дықтың болуына тікелей мүдделік танытып отыр дей аламыз», – дейді Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшылары. Айтар болсақ, Ауғанстаннан әлемнің түкпір-түкпіріне та­ралғанға дейін есірткі заттары ­көп­теген елдердің шекарасын ба­сып өте­ді. Есірткі тасымалының 70 па­йызы – автокөлік, 20 пайы­зы – теміржол, 10 пайызы әуе­жол­дары арқылы жүзеге асы­рылуда. Транзит елдерде қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге тиісті арнаулы қызметкерлердің көбісі есірткі саудасына көз жұмып қа­рауда. Өйткені шебер ұйымдас­тырылған есірткі сауда жүйесі мемлекеттік қызметкерлердің кө­бісімен сыбайласып, өз мақ­саттарын жүзеге асырып отыр­ғаны белгілі. Негізінде, Ауғанстан есірткісі әлем елдеріне негізгі үш бағыт бойынша тасымалданады. Оның бірі – солтүстік бағыт. Бұл – Ор­талық Азия елдері арқылы Ресей­ге, Ресей арқылы Еуропаға тасы­малданатын дәліз. Екіншісі – ба­тыс бағыт. Бұл Иран мен Түркия территориясы арқылы Еуропаға жеткізілетін жол. Бұл бағыттың Кавказға бұрылып, Ресей аумағы­на өтетін тармағы да бар. Оңтүстік бағыт. Бұл – Пәкістан аумағы ар­қылы әлемдік мұхитқа шығары­латын жол. Біріккен Ұлттар Ұйымы кел­тірген дерек бойынша, Ауған­станда еселеп өндіріліп жатқан есірткі салдарынан, Орта Азия, Ресей, Шығыс Еуропада қара базарлар саны көбейіп кеткен. Бұл аталған елдердегі аймақтарда нашақорлар саны да өсе түскен. БҰҰ мәліметтеріне сүйенсек, дүниежүзінде 200 миллионнан артық нашақор бар екен. Ма­ман­дардың пікірінше, әлемдік есірткі нарығы мафияның қолына ша­мамен 500-700 миллиард доллар пайда түсіреді. Ал нашақорлықтың салдарынан, әлем бойынша жыл сайын 250 мың адам өледі. Осы жағдайға алаңдап отыр­ған Біріккен Ұлттар Ұйымы ауған есірткісінің Балкан жолы деп аталатын бағытпен, яғни Иран, Түркия арқылы Еуропаға ағылуы да қарқындай түсті, ал ескі «Жібек жолымен», яғни Орта Азия, Ресей арқылы Еуропаға шығатын есірт­кі жолымен ағылып жатқан есірт­кі тасымалы болса, соңғы жылдар ішінде көбейіп кетті. Нашақорлар саны соңғы жылдары Орта Азия, Ресей, Албания, Беларуссия, Мол­дова, Польша, Румыния және Балтық елдерінде белең ал­ды деп мәлімдеме жасады. Ауғанстандағы есірткі ал­қа­бының көлемі соңғы жылдары 200 мың гектардан 328 мың гектарға дейін артқан. Есірткіні заңсыз экспорт­тай­тын тек Ауғанстан ғана емес, оның балама түрлері елімізге Ресей мен Қытайдан да келіп жа­тыр. Соның кесірінен, Қазақ­стан­да есірткіге тәуелді 23 мың адам тіркелген. Ал қоғамдық ұйым­дар есірткіге еліккендердің саны 120 мыңнан асады деген де­рек келтіріп отыр. Халықаралық сарапшы­лар­дың деректері бойынша, «сол­түстік маршрут» деп аталатын Қазақстанның аумағы мен әуе­жолы бағыты арқылы өтетін ауған героині транзитінің жыл сайынғы көлемі шамамен 50 тоннаны құ­райды екен. Ішкі істер министр­лігінің қызмет­керлері 2016-2018 жылдары заң­сыз жолмен Ресей мен Еуропаға және осы Қазақ­станда өткізуге тырысқан ауған герои­нының 400 келісін тәркі­леген. Есірткі бизнесіндегі ұйым­дасқан 11 қыл­мыстық топтың қыз­меті жойыл­ды. Бұл – бір ғана Ішкі істер ми­­нистрлігінің мәлі­меті. Ал Ұлт­тық қауіпсіздік коми­теті болса, 2018 жылы 14 есірткі сатудың жо­лын кесіп, бес бірдей халықа­ра­лық есірткі тасы­малы­ның ар­насын ауыздықтаған. Міне, осы кезеңде ауған герои­нының 76 келісін тәркілеген болатын... Сонымен бірге бізде Ауған­стан мен Колумбиядағыдай кең кө­лемдегі көкнәр алқабы болмаса да, елімізді шулатып отырған Шу даласы бар. Елімізде жыл сайын маусым айынан қазан айына де­йін ауқымды «Көкнәр» опера­ция­сы өтеді. Мақсаты – есірткі қыл­мыскерлерінің іс-әрекетін тоқ­тату. Міне, күзгі «орақ» науқанын­да Қазақстанда тікұшақ көмегі­мен 23 есірткі алқабы анықталған. Жалпы, Жамбыл облысында да тек қана сегіз айда 2 тоннадан ас­там есірткі тәркіленген. Соны­мен бірге 18 есірткі затын өткізу, 3-тен аса ірі көлемде есірткіні сақтау фактілері болса, одан бө­лек есірткі өсімдіктерінің 38 ал­қабы жойылған. Полиция қыз­меткерлері тәркілеген есірткінің жалпы салмағы 6 тоннаға жуық, оның ішінде 5,5 кг астамы – ге­роин. Мысалы, жақында Түркіс­тан облысы полиция қызмет­керлері жедел іздестіру іс-шарасы кезінде Сайрам ауданының тұр­ғынын ұстады. Тінту кезінде жедел уәкілдер марихуанаға ұқсас өсімдік тектес есірткі затын тап­қан. Одан ары ұсталған күдіктінің үйінен тағы бірнеше полиэтилен пакет пен есірткі орамасы тәркі­ленді. Сараптамаға сәйкес, алын­ған есірткі заты – жалпы салмағы 5 келіден асатын марихуана бо­лып шықты. Сонымен бірге қылмыстық топтар есірткінің синтетикалық түрлерін саудалауды табыс көзіне айналдырып отыр. Ал әртүрлі химиялық құрамды пайдалану арқылы жасалған жасанды есірт­кілердің зияны табиғи есірткіге қарағанда, әлдеқайда ауыр екені белгілі. Сондықтан олар түрлі ай­ла-тәсілдерге барады. Олар интернетті де жақсы пайдалануда. Мәселен, Алматы облысының Тал­ғар қаласының пошта бөлім­шесінде салмағы 110 грамм бола­тын 7 экстази салынған пакеті бар 27 жастағы алматылық әйел ұс­талды. Сәлемдеме әйелге сонау Нидерланды Корольдігі атынан жіберілген. Сондай-ақ тамыздың соңында Павлодар қаласында тінту кезінде сатушылардың бі­рінен 667 грамм «жылдамдық» пси­хотропты заты табылған. Есірт­кі сатушылар тұтынушымен жүздеспей-ақ, сауда жасай бас­тады. Интернет сайттардың кө­ме­гімен олар есірткі сатып, оны келісілген жерге қояды. Тұты­ну­шы мен сатушы бір-бірін көр­мейді. Құқық қорғау органдары­ның қызметкерлері оларға қарсы тұру үшін интернет кеңістігін үне­мі қадағалап отырады. Осы уа­қытқа дейін олар барлығы есірт­кі сататын 4 800 сайтты бұ­ғат­тап, интернет дүкендердің ме­кенжайы бар 1 200 граффитиді анықтады. Ал Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің дерегінше, Қазақ­станда есірт­кі тұтынушылардың басым бөлігі – 15-35 жас ара­лы­ғындағы жастар. Нашақорлар­дың орташа өмір сүру ұзақтығы – 28 жыл. Және де есірткіге тә­уелділердің 25 пайызы 13 жасқа дейін қауіпті препараттарға ауыз салған. Со­нымен бірге әлемде қылмыстың 90 пайызға жуығы осы нашақорлық негізінде орын алуда. Есті алған есірткіні заңсыз тарату бизнесі әлемді дүрлік­тіруде. Олай болса, бұл қылмысқа аяусыз соққы беретін уақыт жеткен сияқты.


Автор:
https://aikyn.kz