Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жастар ресурстық орталығында АИТВ мәселесі талқыланды


12 сентября 2019, 10:25 | 540 просмотров



Жуырда ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Алматы облыстық орталығы мен облыстық Жастар ресурстық орталығы мамандарының бірлескен күш-жігерімен ынтымақтастықты қамтамасыз ету және жастар арасында жүргізілетін алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстел отырысында: АИТВ/ЖИТС бойынша аймақтағы соңғы эпидемиологиялық жағдай, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері, КГН алдын алу бағдарламасы бойынша үкіметтік емес ұйымдар үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс барысы, 2018-2019 жж. жасалған жұмыстар есебі талқыланды.

Спикер – Алматы облыстық ЖИТС орталығының дәрігер-эпидемиологы Рая Байшалқызы Ақашева былтырғы және биылғы жылдың 7 айы бойынша АИТВ жұқпасының эпидемиологиялық жағдайына тоқталып,  жастар арасында індетті жұқтыру оқиғалары өсіп отырғанына көпшілік назарын аударды.

– Алматы облысында ең бірінші жағдай тіркелген 1993 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін АИТВ жұқпасымен ауыратын 3298 адам есепте тұр. Бұл оқиғалардың 1902-сі (57%) –жыныстық  қатынас арқылы жұқтырғандар, ал 1273-і (38,6%) – инъекциялық есірткі тұтынушылар, 54 оқиға (1,6%) жүкті анадан балаға, яғни жүктілік, босану, емшекпен тамақтандыру кезінде жұқтырып алғандар болса, 8 оқиға (0,2%) парентеральды артифициалды (медициналық емес манипуляциялар кезінде), 1 оқиға парентеральды жанасудан кейінгі (кәсіби міндеттерін орындау барысындағы апаттық ахуалдар) кезінде берілген, ал 59 оқиғаның жұқтыру жолы анықталмаған. Тепсе темір үзер шақтағы жігіттеріміз бен қыздарымыздың АИТВ жұқтырып жатқанын өкінішпен айтар едім. АИТВ  жұқпасы жастар арасында кең таралып жатыр. Алматы облысында АИТВ жұқтырғандардың 26 пайызы 20-29 жастағылар  болса, 40 пайызы - 30-39 жастағылар, ал 20 пайызы - 40-49 жастағылар,  50-59 жастағы жандар 7,5 пайызды құраса, 60 жастан асқан үлкендеріміз 2 пайыз. Сондай-ақ 1,6 пайызы 15 жасқа дейінгі балаларға тиесілі болса, 1,9 пайызы 15-19 жас аралығындағы балаларды құрайды. Бұл көрсеткіштер тек медицина қызметкерлерін ғана емес, әр адамды алаңдатуы тиіс, – деп сөзін қорытындылады  Рая  Байшалқызы.

Өз баяндамалары мен пікірлерін облыстық Жастар ресурстық орталығының медицина қызметкері А.Бақтыбаев, «Амелия» қоғамдық бірлестігінің директоры Н.Жолнерова, «Қос қанат Жетісу» қоғамдық бірлестігінің  директоры Е.Родионова және Алматы облысы КЖД КҚПБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы - полиция подполковнигі Д. Смахов ортаға салды.

Тақырып талқыланғаннан кейін сұрақтарға жауаптар беріліп, алдағы уақытта атқарылар істер жоспарланды.

Автор:
И.БАЙМОЛДАНОВ, көмекші эпидемиолог