Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Серіктеске адалдық – АИТВ жұқпасынан басты қорғаныс


12 сентября 2019, 04:21 | 934 просмотра



Адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырудың негізгі жолдары – бұл мүшеқапсыз жыныстық қатынас, инъекциялық есірткіні пайдалану кезінде залалсыздандырылмаған құралдарды ортақ пайдалану және АИТВ жұқтырған анадан балаға (жүктілік уақытында, босану кезінде және емшек сүті арқылы жұғуы мүмкін). Жұқтырудың басқа жолдары жоқ, сондықтан АИТВ-ны ауа-тамшылы жол арқылы, қол алысу кезінде, ортақ ыдысты пайдалануда, бассейнде, саунада, жәндіктердің шағуы кезінде жұқтыру мүмкін емес. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арасында ауық-ауық таралып жатқан – банандарда, апельсиндерде инфекцияланған қанды анықтау туралы және т.б. хабарламалардың жалған ақпарат екендігіне халықтың назарын аударғымыз келеді. Өйткені вирус сыртқы ортаға бейімсіз болғандықтан, ол адам денесінен тыс жерде өмір сүре алмайды. Сондай-ақ халыққа күмәнді, санитарлық ережелерді сақтамайтын салондардың қызметтерін пайдаланбауды ұсынамыз, себебі В және С вирусты гепатиттерін және АИТВ-ны жұқтыру қаупі бар болғандықтан, маникюр, татуировка мен пирсингке арналған тек стерильді бұйымдарды пайдалануды талап ету керек.

АИТВ-ның емі бар ма?     

АИТВ-ны емдеу мәселесінде заманауи медицина алға жылжып, өз жетістіктерімен қуантады. Қазір АИТВ-инфекциясын емдеуге арналған заманауи жоғары тиімді дәрілік препараттар қолданылуда. Иммунитетi төмен, өзi ауруға ұшыраған науқас адамдарға басқа жұқпалы аурулар тез жұққыш келедi. Сол себептi оларды бiр емес, бiрнеше аурумен қатар емдеуге тура келетiндiктен, дәл емiн табу әзiрге мүмкiн болмай отыр. Дегенмен де, қазiргi кезде антиретровирустық дәрi-дәрмектер қолдану арқылы науқастың иммунитетiн қалыптастыратын ем шаралары жүргiзiлуде. 

АИТВ-ның ретровирусқа қарсы терапиясы пациентке өмір бойы амбулаториялық деңгейде жүргізіледі, сонымен қатар үштік емдеу схемасы қолданылады, артықшылық күнделікті бір рет қабылданатын біріктірілген дәрі-дәрмектерге беріледі. Емдеуді аурудың клиникалық сатысына қарамастан, СД4 жасушаларының кез келген санында бастаған жөн. Алайда, вирустан толық сауығу және оны ағзадан шығару мүмкін емес, дегенмен қазіргі заманғы дәрі-дәрмектер адам ағзасының қанындағы вирустың көбеюін тежейді және АИТВ-ның асқынуына кедергі келтіреді. Емдеудің арқасында вирус анықталмайтын деңгейге жеткен науқастар инфекцияны басқаларға жұқтыра алмайды.

АИТВ инфекциясы әлеуметтік маңызды ауруға жатады, осыған орай мемлекет алдын алу, емдеу, сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың құқықтарын қорғау мәселелерінде көптеген шаралар қабылдап отыр. ЖИТС және АИТВ анықталған пациенттерге мемлекет тегін медициналық көмек көрсетуге және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, динамикалық бақылауды қамтамасыз етуге, психоәлеуметтік, заңгерлік және медициналық кеңестер беруге, әлеуметтік және құқықтық қорғауға кепілдік береді. Сонымен қатар, біздің еліміздің заңнамасы бойынша АИТВ/ЖИТС бар пациенттерді жұмыстан босатуға, мектепке дейінгі балалар мекемелері мен оқу орындарына жұмысқа қабылдаудан бас тартуға, сондай-ақ өзге де құқықтарына нұқсан келтіруге жол берілмейді.

Аурушаңдықтың қазіргі деңгейінде және бірінші орында жыныстық қатынас жолдары арқылы жұқтыру болғандықтан, АИТВ жұқтыру мүмкіншілігін ешкім де жоққа шығара алмайды, сондықтан репродуктивті жастағы азаматтар әлеуетті қауіп аймағында тұр.

Адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыруға АИТВ жұқтырған адаммен бір ғана жыныстық қатынаста болу жеткілікті.

Сондықтан  кездейсоқ және ерте некесіз жыныстық қатынастардан аулақ болыңыздар.  Егер серіктесіңіздің АИТВ-статусы  туралы білмесеңіз, әрбір кездейсоқ жыныстық қатынаста мүшеқапты пайдаланып, үнемі АИТВ-ға тестілеуден өтіп тұрған абзал. Жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың болуы АИТВ жұқтыру қаупін 2-3 есеге арттырады, осыған орай мұндай ауруларды уақтылы емдеу АИТВ-ның алдын алу болып табылады. Бiздi жастардың есiрткiге, жаман ауруларға жақынырақ болуы алаңдатады. Сол себептi, соңғы жылдары анықталған жаңа жағдайлардың арасында жыныстық жолмен жұқтыру жоғарылауда. Ол жағынан тек бiздiң облысымызда ғана емес, бүкiл республика деңгейiнде әйелдердiң үлес салмағы артып тұр. Соның iшiнде, жүктi әйелдер. Сондықтан жүкті әйелдер жүктілік кезінде міндетті түрде екі рет АИТВ-ға тестілеуден өтуі керек, АИТВ анықталған жағдайда, әйелге жүктіліктің 14 аптасынан бастап баладағы АИТВ-ның алдын алуға арналған ретровирусқа қарсы дәрі-дәрмектер тағайындалады, баланың жұғу қаупін азайту үшін әйелге кесар тілігі әдісімен босандыру ұсынылады, емшек сүтінде вирус бар болғандықтан, бала туғаннан кейін жасанды тамақтануға ауыстырылады.

Автор:
Марал Матембаева, Алматы облыстық ЖИТС орталығының маманы