Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БҰҰ Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күнінің он жылдығын атап өтті


10 сентября 2019, 16:40 | 462 просмотра



БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстан бастамасымен құрылған Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күнінінің он жылдығын жоғары деңгейдегі ресми пленарлық отырыс форматында атап өтті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырысты БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Мария Фернанда Эспиноса ұйымдастырып, оған БҰҰ Бас Хатшысы Антониу Гутерриш қатысты. Арнайы шақырылған қонақтар ретінде Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының (ЯСЖТШҰ) Атқарушы Хатшысы Лассина Зербо және ЯСЖТШҰ-ның бұрынғы ресми өкілі болған швециялық Анника Тунборг сөз сөйледі.

Пленарлық отырысты ашқан М.Эспиноса Қазақстанның жаһандық ядролық қарусыздану саласындағы көшбасшылығын ерекше атай отырып, ядролық сынақтардың ауыр салдарынан әлі де зардап шегушілерге пікірлестігін білдіріп өтті. «1991 жылы сіз осы полигонды жабу үшін батыл әрі қажетті қадам жасадыңыз. Содан бері сіз ядролық қарусызданудың белсенді жақтаушысына айналдыңыз. Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруды қолдай отырып, осы халықаралық күнді бекіту туралы бастама көтердіңіз» - деді ол.

БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы, сонымен бірге, әлемнің бүгінгі таңда ядролық қаруға ие мемлекеттер арасындағы шиеленістің өте қауіпті кезеңін бастан өткеріп жатқанын және оларды тек диалог арқылы ғана шешуге болатынын айтты. Ядролық қаруға шұғыл түрде тыйым салу маңыздылығын айта отырып, М.Эспиноса барлық елдерді Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялаған Қазақстанның үлгісін қайталауға шақырды.

БҰҰ

БҰҰ Бас Хатшысы А.Гутерриш өз сөзінде Семей ядролық полигонын жапқан дәл осы күн - 29 тамыз - Халықаралық күн ретінде бекітуге арнайы таңдалғанын еске салды. «Бұл халықаралық күннің қос мағыналы мақсаты бар: біріншіден, ядролық сынақтардың құрбандарына құрмет көрсету болса, екіншіден, мұндай сынақтардың қоршаған ортаға және халықаралық қауіпсіздікке төнетін қаупі туралы хабардар болу», - деп атап өтті БҰҰ басшысы. Ол ядролық сынақтарға және ядролық қаруға заңды түрде тыйым салуды қамтамасыз етуді жалпы моральдық міндетке теңеді.

Лассина Зербо Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кездегі үлкен батылдық пен басшылықты қажет ететін тарихи шешімін айшықтай отырып, Қазақстан халқына жаһандық ядролық қарусыздану мен таратпауды ұдайы қолдайтындықтары үшін алғыс айтты.

ЯСЖТШҰ басшысының мәлімдеуінше, есте қаларлық айрықша күннің жыл сайынғы шолулары ядролық сынақтардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға апатты әсерін әлемнің есіне жарқын түрде түсіру қызметін атқарып келеді. «Олар сондай-ақ, ядролық сынақтар мәселесінің жаһандық күн тәртібінің алдыңғы шебінде қалдырудағы Қазақстанның рөлін айшықтай түседі», - деді Л.Зербо.

Отырыстың басқа қатысушылары, солардың ішінде бес континенттің отыздан астам елінің тұрақты өкілдері Қазақстанға ядролық қаруды таратпау саласындағы жетекші рөлі үшін алғысын білдіре отырып, бұл мәселені халықаралық қоғамдастықтың басты назарында үнемі ұстап тұрудың қағидатты маңыздылығын атап өтті.

БҰҰ

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде ядролық қаруға түпкілікті тыйым салу жөніндегі ұжымдық күш-жігерлерге қатысты сын-қатерлер арта түскенін мәлімдеді. «Қазіргі геосаяси жағдайларды байқай отырып, біз ядролық сынақтардың жаңа айналымына әкелуі мүмкін ядролық қару жарысын қайта жаңғырту қаупін сезінудеміз», - деп Елші атап өтті. 

Қ.Омаров мүше мемлекеттерді басталған істерді аяқтау жолында күш-жігерлерін арттыруға және біріктіруге шақырды. Біріншіден, ол ЯСЖТШ-ның күшіне енуі, екіншіден, ядролық қаруға толық тыйым салу және, үшінші, ядролық қарусыз әлем құру туралы келісімді әзірлеу жөніндегі диалогты ертерек бастау. Елші үстіміздегі жылдың 29 тамызында Қазақстанның Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау туралы құжатты БҰҰ-ға тапсырғанын еске салып, осылайша оның ядролық қарусыз әлемге берік екендігін тағы бір дәлелдеп өтті.

Автор:
https://egemen.kz