Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жастарды АИТВ мен есірткіден сақтандырайық


10 сентября 2019, 09:18 | 555 просмотров



ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Алматы облыстық орталығының мамандары Талдықорғандағы Бизнес, құқ пен жаңа технологиялар колледжі студенттерімен «АИТВ жұқпасының алдын алу» тақырыбында семинар өткізді.

Жастар жұқпаның берілу жолдары мен туберкулез, ЖЖБИ, АИТВ-ның алдын алу шараларымен танысты, сондай-ақ стигма және дискриминация ұғымдары туралы білді.

–Денсаулық – басты байлық. Деніміз сау болмаса шалқыған байлықтан, қалтадағы ақшадан не пайда?! Денсаулық Алла Тағаланың адамға берген аманаты, оған адам қиянат жасамай, дұрыс бағалай білуі қажет. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Қазіргі таңда  аурулардың саны қаншалықты көбейген сайын оларға қарсы қолданар дәрі мен дәрмектің де көптеп жасалып жатқаны аян. Сол дәрі-дәрмектердің санатында аты жаман аурулардың алдын алатындары да бар. Оның бірі – білгір мамандардың (дәргерлердің) пайдалы кеңестері, – деп сөз бастаған дәрігер Дархан Серікболатұлы жастардың аумалы-төкпелі өмірінде жұқпалы аурулардың таралу қабілеттілігі басым екендігін баса айтты. – Оған себеп те жоқ емес. Тіпті көп. Маман ретінде солардың ең басты, жиі орын алатын жолдарына тоқталып, бетін қайтару мақсатында өз кеңестерімді ұсынып отырмыз. Адамзат баласының болашағы – жастардың өмірі күллі елім деген саналы азаматтардың уайымы болуы керек. Біз сақтандырып отырған тілсіз жаулардың санатында АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) мен ЖИТС (жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы) аса қауіпті. Жастардың ұрынатын жері осы. 

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында   2019 жылдың 31 тамызына дейін 35432 жағдай тіркелген. Сұмдық болғанда бұл тек тіркелгені ғана. Санатта не санда жоқ дерттілер қанша екені бір Аллаға аян. Соның ішінде өңіріміз Алматы облысына тиесілісі 3298 жағдай. Мұның өзі мақтанарлық сан емес. Уақыт өткен сайын науқастар саны артып келе жатқандығын  аңғартады. Негізінен ауруды жұқтырғандардың көпшілігі – жас мөлшері 20-29 жастағы – тепсе темір үзетін жастар және 30-39 жас аралығындағы азаматтар. Негізінен жастардың көбі АИТВ жұқпасы тек есірткі тұтынушыларға, жыныстық қатынаспен әуестенгендерге (заңсыз) және масқара болғанда көгілдірлерге (гомосексуалистерге) ғана жұғады деп есептейтін пікір басым. Бұл қате пікір. АИТВ-ның берілу жолының үш түрі бар:

- Жыныстық жол – гетеросексуальды және гомосексуалды қатынастар кезінде;

- Парентаралды – қанмен және оның құрауыштарымен шырышты қабықтың,

терінің тұтастығы бұзылған жағдайда;
- Перинатальды – анадан бала – жүктілік кезінде, босану кезінде және анадан балаға емізу кезінде.

Көріп отырсыздар, індетті жұқтыру жолы оп-оңай. Сондықтан жастарымыз өмірі мәнді де мағыналы болуы үшін салауатты өмір салтын ұстанғандары абзал. Өз мемлекетіңді АИТВ және есірткіден, нашақорлықтан сақта, өз ұлтыңның санын өсір. Дүниеге дені сау ұрпақ әкел! Ол үшін денсаулыққа зиян келтіретін нәрселерден, жаман әдеттерден аулақ болайық. Жаман әдеттерден аулақ болудың жолы – адам баласының өзін-өзі тәрбиелей білуі, өз денсаулығын қорғай білуі, адамдық қасиетін жоғалтпауы, жеке бас және қоғамдық тазалықты сақтауы, спортпен айналысуы. Тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі болар жас ұрпақтың дені сау болса ғана биік шыңдарға қолы жетері, халқына қызмет етері даусыз.

 

Автор:
Алматы облыстық ЖИТС орталығының қызметкері Ілияс БАЙМОЛДАНОВ