Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тема: Хирургия

Елорда емханасында алғаш рет лазер арқылы варикозға ота жасалды


5 сентября 2019, 05:09 | 1 545 просмотров



НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұңғыш рет амбулаторлық түрде варикоз ауруына ота қалалық №10 емхана қабырғасында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

«Бүгін елордада алғаш рет амбулаторлық түрде варикоз ауруына ота жасалды. Ота жарты сағатқа созылды. Әрине алдымен пациенттердің рұқсатын алып және олар ота жасау үшін тиісті тексерулерден өтті. Ота біткен соң пациентті көтеріп жүргіземіз, яғни оның аяғын баса алатындығына көз жеткізуіміз керек. Ота біткен соң пациент өзін жақсы сезінсе үйіне жіберіледі. Бізге маман ретінде ота жасауда соншалықты қиыншылық жоқ деп айтуға болады. Себебі қазір технология заманы, ота жасау құрылғысы автоматтандырылған. Яғни ота түйнеліп кеңейген аяқ тамырларына эндовазальдық лазер арқылы жасалынады. Сол сияқты ота алдында наркоз салынбайды, оның орнына УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу) арқылы аяқ тамырына енгіземіз», - деді хирург, PHD, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-дың хирургиялық аурулар кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Әшімов.

Дәрігерлердің айтуынша, лазерлік технология арқылы ота жасау тәжірибесі қалалық емханалар арасында алғаш рет қолға алынып отыр.


«Бүгінгі жоспарға сәйкес 4 адамға тегін ота жасадық. Ал жалпы алғанда хирургтің мүмкіндігі болса күніне 50 отаға дейін жасауға болады. Ол үшін бізде маман да, қажетті технология да бар. Елордада алғаш қолға алынған варикоз ауруының ота жұмысына бүгін 3 маман жұмылдырылды. Ол хирург яғни мен, одан бөлек жас үйренуші маман және анестезиолог. Ота жасау құрылғысына келсек, ол ресейлік өнім. Жалпы варикозға ота жасау лазерлік технологиясы Еуропа елдерінде кеңінен өндіріледі және қолданылады. Біз біраз елдің тәжірибесіне сүйене келе, көрші Ресей құрылғысын дұрыс деп шештік. Себебі ол автоматтандырылған және бағасы да қонымды», - деді ол. Сондай-ақ алматылық хирург варикоз ауруына шалдығудың басты себептеріне де тоқталып өтті.


«ДДҰ-ның мәліметінше ірі мегаполис қалалар тұрғындарының 10%-да варикоз ауруы кездеседі. Варикозға ұшыраудың басты себебі, адамның аз қимылдауы, одан бөлек күні бойы отырып немесе тұрып жұмыс істейтін адамдар жиі ұшырайды. Оның үстіне қала тұрғындары жұмыстан шыға сала автокөлікке мінеді», - деді Н.Әшімов.


«Менің жасым 24-те. Варикозбен ауырып жүргеніме 2 жыл болды. Бұл аурудың қиындығы сол жүргенде аяққа салмақ түседі де өзіңді жайсыз сезінесің, оның үстіне аяғың ісіп кетеді. Жалпы ота жасату жоспарымда болған, бірақ мүмкіндік болмай жүрді. Осы емханаға кезекті тексерілуіме келгенімде дәрігерлер арнайы Алматыдан хирургтар келіп варикозға ота жасайтынын айтты. Және маған ота жасауды ұсынды. Мен өз келісімімді бердім. Отаның өзі 20 минуттай уақытқа созылды. Қазір өзімді жақсы сезінемін», - деді отадан шыққан пациент Раушан Асылханова.



Автор:
https://www.inform.kz