Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қызмет көрсету деңгейі бағаланды


4 сентября 2019, 11:29 | 554 просмотра



Жуырда Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы медициналық мекемелердің жыл сайынғы рейтингін жариялаған болатын. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық көмек көрсететін барлық мекемелердің қызметін бағалайтын рейтинг осы саладағы 50-ге жуық индикатор негізінде жасалса керек. Рейтингке жеке медициналық мекемелер де, ғылыми орталықтар мен институттар да, қысқасы түрлі медициналық мекемелер қатысқан. Сөйтіп еліміздегі медициналық мекемелердің 2018 жылғы қызмет көрсету деңгейі бағаланды.

Әдетте мұндай рейтингтер медици­налық ұйымдардың қызмет көрсету сапасын ұдайы арттыруға, сонымен қатар тұтынушыларға қажет ақпа­рат­тарды кө­бірек тарату арқылы пациент­тердің емдеу мекемелерін таңдауына мүмкіндік береді. Былтыр менеджмент көрсеткіштері бойынша рейтингте жоғары баға алу үшін ұлттық аккредиттеу рәсімінен өту, медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша медициналық ұйымдардың белсенді жұмысы, кадрлық ресурстарды нығайту және дамыту, корпоративтік басқаруды дамыту тәрізді факторлар ескерілді. Клиникалық көрсеткіштер бо­йынша рейтингте жоғары деңгейге же­туге ықпал еткен негізгі факторлар қа­тарына стационарды алмастыратын меди­циналық көмек көрсетудің сапасы мен көлемін жетілдіру, жоғары технологиялық медициналық қызметтерді дамыту, сон­дай-ақ 2017 жылмен салыстырғанда кли­никалық көрсеткіштердің оң серпіні тәрізді өлшемдер кірді. Нәтижесінде баға­лау әдістемесінде бірқатар инди­каторларға қойылатын талап та күшейген. Мәселен, рейтинг жасау барысында стационардағы өлім-жітім, ақпараттық медициналық жүйелердің болуы, қыз­меттің пациенттер көңілінен шығу дең­гейі, қызметкерлердің өз жұмысына қана­ғаттану деңгейі, дәрігердің 1 орташа айлық жалақысы мөлшерлемесінің аймақ экономикасындағы орташа ай­лық еңбекақыға арақатынасы тәрізді көр­сеткіштер назардан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар биыл рейтингке «Орталық аудандық ауруханалар» деген жаңа өлшем қосылды. Бұл өз кезегінде аудандық ауруханалардың қызметін бағалауға мүм­­­кіндік беріп отыр. Сарапшылар рей­тинг­ті «жұлдызбен» бағалапты. Яғни, ең үздіктеріне «бес жұлдызды» деген баға беріледі, сәйкесінше қызметі нашар мекемелерге «жұлдыз» бұйырмай қалуы мүмкін.

Жаңа рейтингке қатысқан 163 орталық аудандық аурухананың 8-і немесе 5 пайызына менеджмент көрсеткіштері бойынша «бес жұлдызды», 13-іне (8%) клиникалық өлшемдер бойынша осындай мәртебе берілген. Қос санат бойынша 77 аурухана жұмысы «төрт жұлдызды» деген баға алды. Бұл – рейтингке қатысқан барлық орталық ауруханалардың 47 пайызы. Өзгелеріне берілген баға төмен болса керек. Ал медицина саласындағы ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар арасында менеджмент тұрғысынан да, клиникалық индикатор бойынша да топ басында ірі медициналық ұйымдар тұр. Мәселен, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ қос санат бойынша «бес жұлдызды» деп танылса, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ менедж­мент бойынша, «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ клиникалық көрсеткіштер бойынша осындай мәртебеге ие болды. Жалпы рейтингке медициналық 17 ғылыми-зерттеу институты мен орталық қатысты.

Жаңа рейтингке осы жо­лы 38 перзентхана мен перинаталдық орта­лық қа­тысты. Олардың арасында клиникалық және менеджмент көрсет­кіштері бо­йын­ша Батыс Қазақстан облы­сының «Об­лыстық перинаталдық орталығы» мен Жамбыл облысының «Қалалық пе­ри­­наталдық орталығы» көшбасшы бол­­ды. Сонымен қатар клиникалық көрсеткіштері бойынша 3 қалалық және 1 облыстық медициналық ұйым, менедж­мент көрсеткіштері бойынша 1 об­лыстық және 4 қалалық босандыру мекемесі көш­басшылар қатарына кірді.

Жалпы, рейтинг нәтижелеріне көз жүгіртсек, елдегі көптеген медициналық мекемелердің қызметін жетілдіре түсу қажет екені байқалады. Айталық, рейтингке қатысқан 181 медициналық-сани­тариялық алғашқы көмек мекемесінің ішінде 17 қалалық емхана менеджмент бойынша ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізсе, клиникалық талаптар бойынша тек 2-еуі ғана үздік деп танылды. Ал рейтингке қатысқан 78 диспансердің арасынан менеджмент бойынша 5, клиникалық индикатор бойынша тек 2 мекеме ғана «бес жұлдызды» деп танылған. Балаларға арналған медициналық стационарлар арасында менеджмент көрсеткіштері бойынша үздік деп танылған бірде-бір мекеме жоқ. Клиникалық көрсеткіштер бойынша 2 қалалық және 3 облыстық балалар стационары жоғары баға алды. Рейтингке 26 балалар стационары қатысқанын ескерсек, бұл көрсеткіш мақтана қоятындай деңгей емес. Әрі денсаулық сақтау ұйымдары арасында балалар стационарларының қызметін жетілдіру қажет екенін көрсетеді. Дегенмен балалар стационарларының саны ересектерге арналған медициналық мекемелерден он есеге жуық аз екенін ескерсек, қызмет сапасы жағынан көш соңында ересектер стационарлары тұр-ау деген ой түйесіз. Өйткені рейтингке 224 ересектер стационары қатысқан. Олардың арасында осы санат бойынша Алматы қалалық «Орталық клиникалық ауруханасы» АҚ және «Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасы» ғана «бес жұлдызға» ие болса, менеджмент сапасы жағынан үздік деп 6, клиникалық өлшемдер тұрғысынан 18 медициналық ұйым ғана танылды. Яғни, «бес жұлдызды» деген атаққа лайық ересектер стационары қос санатты біріктіргеннің өзінде барлық мекемелердің 10 пайызын ғана құрады.

Әрине жыл өткен сайын денсаулық сақтау мекемелерінің қызмет көрсету сапасы жақсарып келе жатқанын мойындау керек. Әрі оған нақты баға беру өлшемдері де күрделене түсті. Сонымен қатар биылғы рейтингке қатысқан медициналық мекемелер саны да артқан. 2017 жылғы рейтингке 538 мекеме қатысса, 2018 жылы 724 ұйымның қызметіне баға берілді. Бағалау нәтижелеріне қарасақ медициналық мекемелердің клиникалық көрсеткіштері менеджменттен гөрі тәуір екені байқалады. Жаңа рейтингте 308 мекеме клиникалық өлшем бойынша 4 және 5 деген баға алса, менеджмент сапасы жағынан 277 мекеме мұндай бағалауға лайық деп танылды. Бірақ 2017 жылғы рейтингте менеджмент санаты бойынша 538 мекеменің 71-і 4 пен 5 жұлдызға ие болған еді.

Автор:
https://egemen.kz