Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Өзгерістер есен-сау өмір үшін


4 сентября 2019, 11:21 | 465 просмотров



Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу бойынша әзірлік жұмыстарымен танысты, одан кейін қаладағы емханалардың бірін аралап көрді. Сондай-ақ министр Абай қаласында бір топ жас дәрігерлерге ведомстволық пәтерлердің кілттерін тапсыру рәсіміне қатысып, жаңадан ашылған кардиооңалту орталығында болды.

 Жүйені енгізуге жүйелі әзірлік

Кеншілер астанасында Е.Біртанов облыста міндетті медициналық сақтан­дыру жүйесін енгізуге әзірлік барысын талқылаған жиынға қатысып, жаңа жобаның ерекшеліктері туралы айтып берді.

Аталған жүйе еліміздің басқа өңір­лерінде 2020 жылдың басынан бастап іске қосылатын болса, Қарағанды облысында медициналық маңызды жоба осы жылдың 1 қыркүйегінен жұмыс істейді.

Жобаны сынамалы режімде Қара­ғанды облысында енгізу туралы ше­шімнің қабылдануы тегін емес. Неге десеңіз, мұндағы медициналық меке­мелердің түгелге дерлігі кешенді ме­ди­циналық ақпараттық жүйеге көші­рілген. Яғни, бұл емделушілердің диаг­­ноздары, тағайындалған дәрі-дәр­мектер мен рәсімдер туралы барлық деректер бірыңғай қорда сақталады деген сөз. Міне, осындай дайын дүниенің нәтижесінде өңірде МӘМС жүйесін енгізу оңайға түсетін түрі бар.

Министр міндетті әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыру жүйесінің қыр-сыры туралы егжей-тегжейлі әң­гімеледі.

– МӘМС дегеніміз – қорда жинақ­талған қаражат есебінен сақтан­ды­рылған азаматтарға ғана көрсетілетін медициналық қызметтердің қосымша пакеті. Бұл топтамаға томография, салалық мамандардың кең ауқымды кеңес беруі, тегін дәрі-дәрмек тізімін ұлғайту сияқты қызметтер кіреді. Бү­гінгі таңда біз әрбір үшінші рецеп­туралық дәрі-дәрмекті бюджеттен тө­лейміз. Бірте-бірте мұның барлығы тегін немесе субсидиялаумен берілетін болады, – деді ол.

Жалпы, медициналық сақтандыру жүйесін тестілік режімде енгізуге республикалық бюджеттен 2,3 млрд теңге қарастырылған. Жүргізілетін сынақ жүйедегі барлық кемшіліктерді анықтауға және оны 1 қаңтарға дейін жедел түзеуге мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жобаны басқаруға 2,3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы 175 мыңнан астам адамға жүрек-қан­та­мыр жүйесі, қант диабеті, глаукома және вирустық гепатит ауруларын ерте анықтау үшін алдын алу мақ­сатындағы тексерулер жүргізуге жет­кілікті. Сонымен қатар инсульт, инфаркт, ауыр жарақат немесе күрделі ота жасаған адамдарға медициналық оңалту қызметі де қолжетімді болады.

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенде, бұл азаматтарға бұдан бұрын көрсетіліп келген тегін медициналық қызметтердің күшін жоймайды. Мұндай қызметтер қатарына жедел жәрдем шақыру, ауруханаға шұғыл жатқызу және басқалары енеді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында Қарағанды облысының тұрғындарына жылына 5,6 млн теңгенің қызметі көрсетіледі деп жоспарланған.

Айта кету керек, бүгінде Қарағанды облысы бойынша жұмыс істейтін 549 мың азамат міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне жарна салған. Төлемдердің жалпы сомасы 15,4 млрд теңгені құрайды.

Жиын барысында облыс әкімі Ерлан Қошанов жобаны іске асыру әзірлігінің жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Емхананың жақсысы – жаяу баратыны

Е.Біртанов Қарағанды қаласындағы №8 емхананың тыныс-тіршілігімен танысты. Жұмысын былтыр бастаған емхана 11 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді.

– Әр ауысым сайын 200-ге жуық емделушіні қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Мұнда 8 учаскенің жетеуінде жалпы тәжірибе дәрігерлері және біреуінде терапевт жұмыс істейді, – дейді емха­наның бас дәрігері Маргарита Засухина.

Медициналық мекемеде УДЗ-диаг­­­ностикасы, емшара және егу ка­бинеттері, күндізгі стационар, дәріхана бар, зертханалық талдаулар алынады. Тіркеу орны қажетті компьютерлік техникамен жабдықталған, навигациялық жүйе орнатылған. Эндокринолог, кар­диолог, аллерголог және басқа да мамандар жұмыс істейді. Барлық жаб­дықтар заманауи талаптарға сай.

Емделушілердің бірі Ирина Филип­пова емхананың тұрғындар үшін жаяу келуге қолайлы екенін айтты.

– Жақын маңда емхана ашылғанын естіген бетте бірден осында келіп тір­келдім. Бұрын дәрігерлерден көмек алу үшін автобуспен алысқа баруға мәжбүр болатынмын. Қазір жағдай басқаша, маған бәрі ұнайды. Ең бастысы, емхана тура үйіміздің жанында, жаяу барамыз! Тәжірибелі және білікті мамандар кез келген мәселе бойынша көмек көрсетеді. Емхананың барлық жабдығы жап-жаңа, – дейді ризашылықпен қала тұрғыны.

Бас дәрігердің айтуынша, келешекте медициналық мекеме 30 мыңға жуық адамға қызмет көрсете алатын деңгейге шығуды жоспарлап отыр екен.

Кадрға керегі баспана

Бұдан кейін министр Елжан Бір­танов, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов және облыстық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев Абай қаласына барып, 13 жас дәрігерге жиһазбен және қажетті тұрмыстық техникалар­мен жабдықталған ведомстволық пә­тер­лердің кілтін табыс етті. Бұл ма­мандардың барлығы қаладағы орталық ауруханада қызмет ететін болады. Бас­паналы болған жас мамандардың арасында төрт жалпы тәжірибе дәрігері, екі педиатр, екі анестезиолог-реаниматолог, онколог, травматолог-ортопед, офтальмолог, нефролог және неона­толог бар.

Министр жас мамандарға қолдау көрсетіп отырған облыс әкіміне алғы­сын жеткізді. Өңір басшысы Ерлан Қошанов дәрігерлерді ведомстволық баспанамен қамтамасыз ету өңірде кадрлық тапшылықты әжептәуір тө­мен­детуге мүмкіндік бергенін айтты.

– Бүгінгі таңда Абай қаласына 13 жас маман келді. Осы арқылы бұл қаладағы медициналық кадрға деген тапшылықты толық жаба аламыз. Бү­гінге дейін дәрігерлерді 100-ден астам пәтермен қамтамасыз еттік, – деді облыс әкімі.

Еске салсақ, бұған дейін Саран мен Шахтинск қалаларында жас дәрі­герлерге ведомстволық пәтерлер бе­ріл­ген болатын. Мұндай тәжірибе биыл­дың өзінде медициналық жоғары оқу орындарының 458 түлегін жұмысқа тартуға мүмкіндік берді. Солардың 81-і ауылдық жерлерде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жұ­мыс істейді. Тұрғын үйге мұқтаж барлық жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау басқармасы алдағы үш жылда 281 пәтер беруді жоспарлап отыр. Ал жылдың соңына дейін тағы 27 дәрігер баспанаға ие болады.

Кардиооңалту ғұмырды ұзартады

Сапарының соңына қарай Е.Бір­танов Қарағандыда мемлекет-жеке мен­шік әріптестік негізінде салынған кардиологиялық оңалту орталығының ашылу салтанатына қатысты.

Бұл медициналық мекеме 70 орынға арналған және жүрегінің ақауы бар емделушілерді оңалту үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Орталықтың штатында 55 адам бар, оның 16-сы дә­рігерлер.

Облыста былтырғы және 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қо­рытындысы бойынша кардиоло­гия­лық оңалтуға жылдық қажеттілік 1284 адамды құраған. Ал үшінші ке­зеңде бұдан да асып, 1512 адамға же­теді деген болжам бар екенін айтады «Тұлпар» Кардиооңалту орталығы» ЖШС директоры Баян Екіжанова.

– Біз миокард инфаркты мен кардио­хирургиялық ота жасатқан адамдарға көмек көрсетеміз. Бізге №2 қалалық ауруханадан емделушілер ауысатын бо­лады, олар бізде жеті күн ем алады, – деді ол.

Министр оңалтудың көптен бері тиісті деңгейде қаржыландырылмай келген сала екеніне өкініш білдірді.

– Бұл – адамдарды қалпына кел­тіретін қызмет түрі ғана емес, шын мә­нінде бүкіл денсаулық сақтау жүйе­сінің өте маңызды құрамдас бөлігі. Кардиологиялық бағдарламаны іске асыру аясында біз жүрек-қантамыр жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендетуге қол жеткіздік. Менің ойымша, толыққанды оңалту бұл көрсеткішті жақсартуы тиіс. Ме­дициналық сақтандыру аясында осы көмекті енгізу өте жақсы нәти­же бе­ретіндігіне сенімдімін, – деді Е.Бір­танов.

Жаңа орталық қыркүйектің басынан бастап алғашқы емделушілерді қабылдай бастайды. Мамандардың айтуынша, жылына 1800-ден астам адамға оңалту көмегін беру жоспарланған.

P.S. Жұмыс сапарының соңында министр БАҚ өкілдерімен кездесіп, МӘМС жүйесі туралы кеңінен әңгі­мелеп берді. Мысалы, ол аталған жү­­йе­­нің 50-ден астам мемлекетте қол­­­да­нылатынын, соның ішінен елі­міз­ге тиімдісі таңдалып, жобаның «қа­зақстандық үлгісі» жасалғанын айтты.

– Бұған дейін МӘМС жүйесін ен­гізу дұрыс жүргізілмей, дағдарысқа ұшырағаны белгілі. Жарнаны биыл жұмыс берушілер аударатын болады. Келесі жылдан бастап жұмыс­керлердің жалақысының 1%-ы аударылады. Мем­лекет пен халықтан қаржы түсіп, меди­циналық сақтандыру қоры молай­ғанда, барлық медициналық мекеме осы жүйе арқылы халықты тегін ем­дейтін болады, – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ министр шетелдік үлгі­лердің ерекшеліктері мен бұрын кеткен кемшіліктер ескеріліп, ұзақ жылдарға арналған жұмыс жоспары жасалғанын хабарлады.

Автор:
https://egemen.kz