Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Сары аурудан сақтаныңыз


13 августа 2019, 09:07 | 625 просмотров



үниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша әлемде 325 млн адам В немесе С вирусты гепатитіне шалдыққан, жыл сайын аталған дерттен 1,4 млн адам көз жұмады. Өлім-жітім деңгейі жағынан бұл инфекциялық ауру туберкулезден кейінгі екінші орында тұр. Ал гепатит жұқтырғандар саны АИВ санынан 9 есеге көп

Дәрігерлердің айтуынша, гепатиттің алдын алуға да, емдеуге де болады, ал С гепатиті толық жазылады. Бірақ гепатитпен ауыратын адамдардың 80 пайызына алдын алу, тексерілу және емдеу шаралары қолжетімсіз. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда былтыр осы сырқат бойынша диспансерлік есепте 67 мыңнан астам адам тіркелген, олардың 5717-сіне диагноз алғаш рет қойылған екен. Гепатитпен ауыра­тын науқастардың басым бөлігі Алматы (8943), Нұр-Сұлтан (8088) қалаларында, Түркістан облысы (6592) мен Шымкентте (6369) тұрады.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, вирусты гепатит A, B, C, D және E вирусты гепа­титінің бірін тудыратын бауыр қабы­нуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Бұл вирустар түрлі жолмен бері­леді. Мәселен, А және Е гепатиті – вируспен лас­танған азық-түлік пен су арқылы, сон­дай-ақ тұрмыстық байланыс кезінде адам­нан адамға жұқса, В және С гепатиті – қан арқылы, жыныстық қатынас кезінде жұғады және жүктілік кезінде анадан балаға беріледі. Ал D гепатиті жеке өзі жұқпағанымен, В гепатиті болған кезде дамиды екен. Аталған вирустардың бәрі жіті гепатитті тудырады, яғни соның салдарынан тәбет жоғалады, дене қызуы көтеріліп, терінің сарғаюы және шелдің пайда болуы сияқты белгілер дами бас­тайды. Ал В және С гепатиттері созылмалы түрге ауысып, бауыр циррозы мен обырына әкелуі мүмкін. Гепатиттің созылмалы инфекцияларының 57 пайы­зы жағдайында бауыр циррозы және 78 па­йызы жағдайында бастапқы бауыр обы­ры пайда болуы ықтимал.

Қазақстандағы сырқат­тану­шылықтың көпжылдық дина­ми­ка­сы­ның талдауына сүйенсек, А және В жіті вирус­тық гепатиттеріне қарсы жоспарлы иммундаудың нәтижесінде соңғы 20 жылда жіті вирустық гепатиттермен сырқаттанудың тұрақты төмендеуі байқалады. Жыл сайын республикада жіті вирустық гепатиттің шамамен 1 мың жағдайы және созылмалы вирусты гепатиттің 5-6 мың жағдайы тіркеледі.

Вирусты гепатиттер жөніндегі жоға­ры санатты инфекционист-дәрігер, меди­цина ғылымдарының докторы Дина­гүл Баешеваның айтуынша, бауыр жасушаларының  вирустармен зақым­далуынан болатын гепатитті тудыратын  бірнеше вирус бар. Бұл екі топқа бөлінеді: энтеральды (ауыз арқылы жұғатын А, Е гепатиттері) және парэнтеральды гепатиттер (В, С, дельта, тета, т.б. вирустар). А, Е энтеральды гепатиті адамнан адамға инфекция, вирус түскен су, тағам арқылы жұға­тын болса, парэн­теральды гепатит қан арқылы жұға­ды (мысалы, адамға гепатитпен ауырған науқастың қаны құйылса немесе стоматологқа барғанда дәрігер­лер ауырған адамға қолданған құрал-сайманын басқа адамға қолданатын болса, сонымен қатар маникюр, педикюр, денеге татуировка салатын жерлерде де жұғуы мүмкін). А гепатиті көбінесе көктем, жаздың аяғы, күз айларында кездессе, парэнтеральды гепатит жыл бойы кездесе береді. Энтеральды, парэнтеральды гепатиттердің өзінің клиникалық белгілері, даму кезеңі бар. Мысалы, А гепатитіне келсек, оның дамуы бірнеше кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңі – инкубациялық кезең. Бұл 5-45 күнге дейін созылса, одан кейін 4-7 күнге созылатын программалды кезең (немесе сарғаю алды деп те атайды) басталады. Одан әрі сарғаю, жазылу кезеңдері. Ал парэнтеральды, В, С гепатиттерінің инкубациялық кезеңі 6 айға дейін созылады. Сарғаю алды білінбейді. Науқас күннен-күнге шаршап, біраз уақыттан кейін өзінің сарғайғанын біледі, қашан ауырғанын айта алмайды. Сондықтан оларға эпидемиялық анализ жинап, клиникалық көріністеріне мән берсек, қандай гепатит екенін білуге болады, дейді Динагүл Аяпбекқызы.

Мамандар А гепатитін жұқтырған адамда сарғаюдың алдында түрлі белгі­лер байқалатынын айтады. Мысалы, тұмау тиіп қалған тәрізді дене қызуы көтеріліп, құсуы мүмкін немесе ішек ауруы тәрізді басталып, іші өтіп, не буындары сырқырап, басы айналуы кәдік. 5-6 күннен кейін денесі, көзі сарғая бас­тайды.  Кіші дәреті қою қоңыр түсті болады да, үлкен дәреті ағарып кетеді. Ал В, С гепатиті біраз уақыт созылмалы түрде өтеді. Науқас ауырғанын сарғайғанда ғана болмаса, бірден біле қоймайды. Мұндай жағдайда дәрігерлер анализ­дік талдау жасап, эпидемиологиялық анамнездерін міндетті түрде сұрауы керек. Науқас сырқаты жасырын өткен 6 айдың ішінде тіс емдеген болса, бір ауру­мен ауырып қан құйған болса, гепа­титті басқаларға да жұқтыруы мүмкін деп ойлауға негіз бар. А гепатиті жедел түрде өтеді. Сондықтан бұл аурудың созылмалы түріне айналмайды, толық емделсе жазылып кетеді. Е гепатиті әсіресе жүкті әйелдерге өте қауіпті. Ал В, С, дельта гепатиті секілді қан арқылы жұға­тын гепатиттердің 30-40 пайызы созыл­­малы түрге айналып кетуі мүмкін. Жедел емделмесе, цирроз ауруына, тіпті әрі қарай бауыр обырына апарып соғуы мүмкін.

Емделгеннен кейін міндетті түрде бауырға ерекше күтім қажет. Сондықтан, біріншіден, дәрігер айтқан тағамды ғана тұтынған жөн. Тағаммен бірге режім сақтау, ауыр жүк көтермеу маңызды. Гепатитпен ауырған науқастардың бар­лығы диспансерлік бақылауда тұра­ды. Биохимиялық зерттеуден өткізіп, бауыр жасушаларының жұмыс атқаратын күшін дәрігерлер бақылап отырады. Сондықтан жоғарыдағы режім­­дерді міндетті түрде ұстануы тиісті. Сондай-ақ қуырылған және жартылай дайын тамақтарды, шикізаттарды, ұзақ сақ­­талатын консерванттар қосылған тағам­дардан аулақ болу керек. Ішімдік, кока-кола сияқты газдалған, химиялық заттар қо­сылған сусындар ішуге болмайды. Сонымен қатар дәрілік заттардың да бауырға әсері аз түрін қарастыру керек. Әсіресе өздері ауырып, ана болу­ға дайын­далатын қыз-келіншектер денсау­лықтарын күтуі тиіс. Екпені уақытында алып, скринингтен өтіп тұрғанын абзал, дейді Д.Баешева.

Жалпы, бұл аурудың тырнағына кез келген адам ілігуі мүмкін. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мә­ліметін­ше, тұрмысы бақуатты, да­мы­ған елдерде тұратын азаматтар ағзасы керісін­ше вирусты тез қабыл­дауы ықтимал. Сон­дықтан қауіпсіз­дік­тің қарапайым ғана ережелерін есте сақ­тау қажет. Әйел­дер маникюр жа­саған­да өз жиынтығын пай­далан­ғаны дұрыс немесе құралдарын мұқият зарарсыздандыратын сенімді маман тауып алуы керек. Жалпы, өткір, кесетін құралдармен қызмет көрсететін кез келген жерде (стоматологиялық клиника, барбер-шоп, тату салоны) абай болған абзал. Бірақ кейде гепатит адами факторға қатысы жоқ беймәлім жағдайларда да таралуы әбден мүмкін. Мәселен, 1988 жылы азық-түлік пен ауыз судың ластануы салдарынан 300 мың адам сары ауру жұқтырған Шанхай оқиғасы тарихтан белгілі.

Ең бастысы, иммундау шарасынан тыс қалмау керек. ДДСҰ дерегінше иммун­дау шаралары жыл сайын 2-3 млн адамды өлімнен арашалап қалуға мүмкіндік береді. Ал елімізде жаппай екпе егу арқылы соңғы ширек ғасырда В гепа­титінің таралу көрсеткіші балалар арасында 1234,5 есе, ересектер арасында 311,5 есе азайды.

Автор:
https://egemen.kz