Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЕЛІМІЗДЕ ТЕГІН БЕРІЛЕТІН ДӘРІЛЕР ТІЗІМІ ТОЛЫҚТЫ


30 июля 2019, 10:38 | 1 731 просмотр



2019 жылы тегін қамтамасыз ету үшін сатып алынатын дәрі-дәрмек тізімі 2018 жылмен салыстырғанда 108 атауға артты.

Сонымен, 2019 жылға сатып алу 178,7 млрд теңгені құрады, оның ішінде: диспансерлік есепте тұрған науқастар үшін – 91,1 млрд теңге, стационарлар үшін – 87,6 млрд теңге.

Қазіргі уақытта рецепт бойынша дәрі-дәрмектер тек 46,5 млрд теңгеге берілгеніне қарамастан, қазірдің өзінде, стационарларға 55,4 млрд теңге, ал амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 66,2 млрд теңге сомасында дәрі-дәрмек жөнелтілген. Осылайша, қазір медициналық ұйымдардың қоймаларында 19,7 млрд теңге сомаға препараттар қоры бар.

Бірыңғай дистрибьютор тізімінде шекті бағаның 40% — ға төмендеуін ескере отырып, 2019 жылға сатып алу кезінде 22,1 млрдтеңге үнемделген.

Шығынды көп қажет ететін ауруларға тоқталатын болсақ, қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмекке 17 млрд теңге жұмсалған, гемофилиясы бар емделушілерге 8,1 млрд теңге сомасында дәрі-дәрмек сатып алынған. Онкологиялық ауруларды емдеуге арналған препараттарға 7,8 млрд теңге, артериялық гипертензияны емдеуге – 5,8 млрд теңге, гематологиялық ауруларды емдеуге – 4 млрд теңге жұмсалды. Бұл ретте, тегін қамтамасыз етілетін науқастардың ең көп саны (47%) артериялық гипертениямен ауырады, 17% – қант диабеті және Қазақстанда диспансерлік пациенттердің жалпы санының 15% — ы жүректің ишемиялық ауруы бойынша есепте тұр.

Сондай-ақ, бірінші жартыжылдықтағы 1439 қысқа нөмірі бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі байланыс орталығына 28 064 қоңырау келіп түсті, оның ішінде 6191 қоңырау (22%) шағымдардан тұрады. Барлық негізделген шағымдар пысықталып, емделушілер өздеріне тиесілі дәрі-дәрмекті алды.

Автор:
http://kazgazeta.kz