Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Дератизацияның маңызы


26 июля 2019, 09:14 | 90 просмотров


Дератизация – індет ауруларын тарататын кеміргіштерге қарсы күрес. Егеуқұйрықтар мен тышқандарға, атжалмандар мен суырларға, сондай-ақ саршұнақтарға және т.б. зиянды кеміргіштерге қарсы қолданылатын алдын алу шараларының жүйесі. 

         Алдын алу (профилактикалық) шараларының мақсаты — тұрғын үйлерде, қоймалар мен сауда орындарында, мал қораларында кеміргіштердің пайда болуына жол бермеу. Ол үшін подвалды үйлердің есіктері қиюына келтіріліп, тығыз жабылуы тиіс; сондай-ақ терезелер әйнектеліп, құбырлар енетін саңылаулары цементпен бітеліп, желдеткіштердің тесіктері де 5 мм-лік ұяшығы бар торлармен жабылуы қажет және де тұрғын үйлер мен ғимараттардың астындағы жертөлелерді, қоймаларды, мал мен құс қораларын таза ұстап, азықты тышқан кіре алмайтын қоймаларда сақтау. Су кемелері тоқтайтын порттарда басқа шет елдерден ауру жұқтыру қаупі бар кеміргіштер тарап кетпеуі үшін тазалық ережелері мұқият сақталуы керек.

          Дератизациялау мынадай типтерге бөлінеді:

      1) жаппай дератизациялау – елді мекеннің шегінде ашық тіршілік ету орындарын қоса алғанда, барлық елді мекеннің аумағында жылына 2 реттен сиретпей жүргізіледі.

      2) ошақтық дератизациялау – инфекциялық аурулардың ошағындағы және оған іргелес аумақтағы дератизациялау. Таралуына кеміргіштер қатысуы мүмкін инфекциялық аурулар тіркелген кезде жүргізіледі.

      3) іріктеп дератизациялау – жекелеген учаскелерде немесе құрылыстарда, негізінен эпидемиялық маңызы бар объектілерде: ет- және балық комбинаттарында, тоңазытқыштарда, элеваторларда, азық-түлік қоймаларында, емдеу және балалар мекемелерінде, мал шаруашылығы фермаларында кеміргіштерді жою қажет болған жағдайда жүргізіледі.

         Дератизациялау улы қармақжемдерді қою, тозаңдату, газдау әдістерімен физикалық, механикалық, химиялық тәсілдермен жүргізіледі. Дератизациялау тәсілі мен әдісін таңдау өңделетін объектінің ерекшеліктерімен, нысаналы кеміргіштердің экологиясымен және дератизациялау құралдарының ерекшеліктерімен айқындалады. Денсаулық сақтау ұйымдары, білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, қоғамдық тамақтану, азық-түлік сауда объектілерінің құрылыстары мен аумақтарының барлық ауданы тоқсанына бір рет кеміргіштердің болуына тексеруге жатады. Әр түрлі үй жайларды және обьектілерді жаппай дератизациялау жүргізген кезде бұл туралы оның тұрғындарына дератизацияның басталуына дейін 24 сағат қалғанда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлануы тиіс.

        Дератизация жұмыстарын қалалар мен жергілікті жерлерде денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттіктің қызметкерлері, арнайы медициналық мекемелер, өсімдік қорғау мамандары мен агрономдар атқарады. Дератизация жасалған жерде темекі тартуға, тамақ ішуге болмайды.

 

      «Талдықорған қалалық тауарлар

      мен көрсетілетін қызметтердің сапасы

      мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы» РММ

      басқарма басшысының м.а, «Нұр Отан» партиясы

      «Тазалық» БПҰ мүшесі     А.Байсалбаева

Автор:
А.Байсалбаева