Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АИТВ жұқпасы – ғасыр дерті


26 июля 2019, 03:12 | 1 353 просмотра


Ғасыр індетіне айналған ЖИТС (жұқпалы иммунитет тапшылығы синдромы) қоздырғышын 1983 жылы француз ғалымы, вирусолог Л.Монтанье тапты. Ал 1984 жылы америкалық ғалымдар барлық қасиеттерін жан-жақты зерттеп тексеріп жариялады. Адам ағзасына енген ол қанның лимфоцит клеткаларының ішіне кіріп, клетканың генетикалық аппаратына жабысып тез көбейе бастайды. Осының əсерінен клетка жарылып өледі. Одан шыққан вирустар жаңа клеткаларға жабылып, өткен процестерді қайталайды. Лимфоцит клеткаларының осылай өле беруі салдарынан күндердің күнінде адам ағзасында иммунитет жетіспеушілік пайда болады. Бұл жасырын кезең ондаған жылға созылуы мүмкін. Айрықша еске алатын жай, осы жасырын кезеңде адам өзін аурумын деп есептемейді. Бірақ, ол өзімен қатынастағы адамдарға қасіреттің көзі боп табылатын АИТВ жұқпасын тарата береді.

1987 жылы Қазақстанға ЖИТС деген үрейлі дертті шетелдік студент əкелген болатын. Бұл дерт сол жылдан бері талай адамдарды өз жүгеніне іліктірді.

ЖИТС деген ауру пайда болған жылдарда əлем дəрігерлері қауіпті дерттің сырын ақтарғанымен, əлі күнге дейін оны толық емдеп-сауықтырудың қырын таппай келеді. Дей тұрғанымызбен, бұл дертті ауыздықтаудың алғы шарттары – антиретровирустық терапия кең көлемде жүргізіліп келеді.  

Алғашында бұл ауруға шалдығатындардың 90 пайызы нашақорлар болатын. Ал соңғы жылдары вирусты жыныстық қатынас арқылы жұқтырушылар саны көбейіп кеткен.

Бұл дерттің қара бұлты бүкіл жер шарын басып келеді. Сондықтан осы аурудың алғашқы және негізгі белгілері, одан сақтану жолдары, аурудың алдын алу және емдеу тәсілдерін білгеніміз жөн.

ЖИТС – өлім-жітімге әкелетін соңғы саты болса, бұл аурудың қоздырғышы – АИТВ жұқпасы (Адам иммун тапшылығының вирусы). 

АИТВ жұқпасының қазіргі кезде негізгі жұғу жолдары мынадай:

  • мүшеқапсыз жыныстық қатынас кезінде;
  • жұқтырған қан құю арқылы;
  • анадан-балаға, жүктілік және босанған кезде, егер анасында вирус болса;
  • жыныстық жол негізгі жұғу жолы болып табылады.

 

АИТВ жұқпайды:

Қол алысқанда, құшақтасқанда, сүйіскенде, бір ыдысты қолданғанда, жөтелгенде, түшкіргенде, ортақ төсек-орын жабдықтарын және басқа нәрселер, дәретхана қолданғанда, жәндік шағып алғанда. Сырт киімдерді алмастырып кигенде, тіпті бір төсекте жатып ұйықтаған кезде де ЖИТС вирусының жұғу қаупі жоқ.

 

АИТВ жұқпасын жұқтырудан қалай сақтанамыз?

Әртүрлі инфекциялардан сақтанудың ең тиімді тәсілі — вакцина егу. Алайда вакцина дайындау бағытында тыңғылықты зерттеулер жүргізіліп жатса да, ондай профилактикалық препарат алу әзірше қолдан келмей отыр. Әзірге АИТВ жұқпасының алдын алу жұмыстарын жүргізудің маңызы ерекше артып отыр. Әркім аурудың қалай тарайтынын, одан қалай сақтану қажет екенін жетік білуі тиіс. Жалпы халықты, әсіресе балалар мен жастарды өнегелілікке тәрбиелеу мәселесін жолға қоймайынша, ЖИТС-пен күресу мүмкін емес. Жеке бас профилактикасы қарапайым әрі денсаулық үшін ұтымды. Қорыта айтқанда, әдепті өмір сүріп, отбасы бірлігі берік болса, арақ-шарап ішіп, наша тартудан, кездейсоқ жыныстық жақындасудан аулақ болса, әрбір адам өзін-өзі ЖИТС-тен қорғай алады.

Автор:
Дархан Серікболатов, эпидемиолог-дәрігерАлматы облыстық ЖИТС орталығы Талдықорған филиалы