Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Шылым шегуге қарсы күреске аналар шықты


10 сентября 2010, 10:36 | 2 889 просмотров



Аналар балалардың темекіге ерте әуестенуіне қарсы. Қарсы болуы заңды да. Дегенмен енді олар «Қарлығаш-аналар кәмелетке толмаған жасөспірімдердің темекі шегуіне қарсы» жобасының аясында қарсы болып қана қоймай, онымен күресу жолдарын үйрене алады.

«Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» қолға алған бұл жоба бес жылдан бері еліміздің Астана, Ақтау, Орал, Шымкент, Павлодар қалаларында жүзеге асырылған екен. Енді Алматы қаласында өз жұмысын бастады. Бұл жобаны Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссия қолдап отыр. Осы уақыт аралығында мыңнан аса әйелдер ерікті ретінде қатысып, зияны мол әдеттің жас ұрпақтың арасында кеңінен тарауына қарсы жұмыс істеп келеді. Жобаның басшысы Раушан Сәрсембаеваның айтуына қарағанда, оның негізгі бағыттары - біріншіден, сатушылар арасында ақпараттық жұмыс жүргізіп, кәмелетке толмағандарға темекі сатуға тыйым салу болса, екіншіден, осы идеяны қолдайтын, өз ұрпағының болашағына бейжай қарай алмайтын аналар арасында ерікті топтарды құру.

Бірінші бағыт бойынша шағын дүкендер мен ірі супермаркеттердің сатушылары мен менеджерлері арасында арнайы семинарлар мен тренингтер өткізілуде. Қазір жасөспірімдер өз жасынан ересек көрінетіндіктен, сатушы ең бірінші жеке басының куәлігін сұрауы шарт. Сонымен қатар жасөспірімдерге темекі сату заңмен қудаланатынын естерінде ұстауы шарт. Ал екінші бағыт бойынша, аналарға баланың темекіге әуестенгенін қалай анықтауға болатыны, бұл жолдан қайтарып алудың әдіс-тәсілдері үйретіледі. - Бұл жобаға мектептер мен жоғары оқу орындарын да тартпақпыз. Бізге кез келген адам ерікті ретінде қосыла алады. Еріктілер заңның орындалмай жатқан жері болса хабарлап, керек болса, арнайы кеңестер де береді. Сондықтан жобаны жүзеге асыруда еріктілердің рөлі үлкен. Жақында Алматы қаласының Бостандық ауданында Ішкі саясат департаментінің инспекторларымен бірге рейд жүргізілген еді. Рейд барысында 300-ден аса сауда нүктелерін аралап шықтық. Өрескел заң бұзушылықтар анықталмағаны жасөспірімдерге темекі сатуға тыйым салу жобасының оң нәтиже бергенінің көрінісі, - дейді Раушан Сәрсембаева.

Өкінішке қарай, қазір қанша кәмелетке толмаған жасөспірімнің темекі шегуге әуестенгені туралы нақты мәлімет жоқ. Біріншіден, елімізде ондай әлеуметтік зерттеулер жүргізілмесе, екіншіден балалардың көпшілігі шылымды ата-аналарынан тығып тартады. Дегенмен жобаның үйлестірушісі Әйгерім Тұрманбетованың айтуына қарағанда, жобаны қолға алардың алдында өздері әлеуметтік сауалнама жүргізген көрінеді. 400-ден аса адам қатысқан сауалнама нәтижесі бойынша, жасөспірімдердің 12 пайызы өздерінің темекі шегетіндерін мойындаған. Соның ішінде 80 пайызы қыз балалар көрінеді. Бірақ шынайы көрсеткіштер бұдан әлдеқайда үлкен болуы мүмкін. Өйткені көшеде езуіне шылымды қыстырып бара жатқан жас балаларды көптеп кездестіруіміз соның дәлелі. - Өткен айда біз біраз жұмыстарды атқардық. Қала бойынша 400-ден аса бөлшек сауда нүктелері мен ірі сауда желілерін қамтыдық. Алматыда 3 мыңнан аса бөлшек сауда нүктелері бар, біз солардың бәрін ақпараттандырып шықпақпыз.

Автор:
Үмітжан ЖАПАР