Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Шабақтар теңізге жіберілді


10 сентября 2010, 10:41 | 1 721 просмотр



Атырауда еліміз бойынша балық шаруашылығында бұрын болмаған тәжірибе өз нәтижесін берді. Бекіре өсіру мамандарының қол жеткізген осы табыстары балық өнеркәсібі туралы тарих парағына ерекше айшықталып жазылып қалды.

«Атырау бекіре өсіру зауыты» РКМК-ы биыл шабақтарды өзенге жіберу маусымын кешіктіргенімен бұрынғы 3 грамдық олардың орнына, биыл шабақтардың салмағын 20-25 грамға жеткізді. Ал салмағы әжептәуір шабақтың ұзындығы 22 см жетіп қалған. Мұндай көрсеткішке Атырау бекіре өсіру зауыты мамандары биылғы жылы ауа райының +45-47 және судың +30 градустық ыстығына қарамастан тәулік бойы шабақтарды күтіп-баптаудың арқасында қол жеткізіп отыр. «Атырау бекіре өсіру зауыты» РКМК-ның директоры Рашиден Қалидуллиннің айтуынша, биыл шабақтарды жіберу маусымы кеш басталды. Көршілес астрахандық мамандардың тәжірибесі бойынша дене тұрқы өскен әрі салмақ жиған шабақтар өздерін өзен мен теңізде еркін сезініп, өсіп, ірі балықтардан өздерін қорғай алатын жағдайда өмір сүреді.

Сайып келгенде, бұл шабақтардың кері қайтып келуіне себепкер болады екен. Тағы бір айта кетерлік жайт, тәжірибе арқылы өсіп, жетілген осы шабақтардың теңіз төсіне жіберілген 100 мыңының елуіне арнайы құрылғы арқылы чип енгізіліп, «құжатталып» барып теңізге жіберілді. Биылғы шабақ жіберу маусымында Атырау бекіре өсіру зауыты 3 млн 543 мың шабақтың 20-25 грамм салмақ тартқанынан 100 мыңын тікелей Каспий теңізіне тасымалдап, 13 грамм салмақ жинаған шабақтарды Жайық өзеніне жіберді. Атыраудағы балық өсіретін екі зауыттың келер жылы жаңғыртудан кейін қосар үлесі зор болмақшы. Осы балықтардан 3 жыл сайын тұқым алуды жоспарлап отырған зауыт басшылары балық қорын көбейту мақсатында екі есе өнімге қол жеткіземіз деп отыр. Бұдан өзге, Елбасының табиғи байлықты сақтау және оны көбейту туралы тапсырмасына сәйкес 2001-2014 жылдары Атырау өңірінде бекіре өсіру зауытының жаңа жобасы салынып, пайдалануға берілетін болады.

Автор:
Тұрсын ҚАЛИМОВА, Атырау облысы