Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

САЛАМАТТЫЛЫҚ


10 сентября 2010, 10:43 | 1 481 просмотр



Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықтың дамуына үлкен әсері бар жол ретінде оның білімі мен денінің саулығына үнемі назар аударып келеді. Соның ішінде саламатты өмір салтын насихаттау, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, жастардың спортпен айналысуына, бос уақыттарын мәнді өткізулеріне жағдай туғызып отыру – бүгінгі Қазақстан мемлекетінің әлеуметтік саладағы басты мәселелерінің біріне айналғандығына көз жеткіземіз.

Жуырда ғана Қазақстан Үкіметі денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Бұл бағдарлама «Саламатты Қазақстан» деп аталады.

Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, онда ауырған адамдарды емдеуден гөрі аурудың алдын алу дұрыс болатындығы атап көрсетіліп, осы қағидат басшылыққа алынған. Енді осы бағдарламаның аясында спорттың бұқаралық түрлерін дамытуға, Қазақстан азаматтарына, әсіресе, жастарға спорт алаңдарының қол жетімді болуына баса мән берілмек. Әрбір ауылдан адамдар, әсіресе жастар бос уақыттарында шұғылданып, денсаулықтарын нығайтуы үшін спорт алаңдары салынатын болады.

Егер әлемдік тәжірибелерге назар аударатын болсақ, адамдардың бос уақыттарын мәнді өткізуге деген ұмтылысы, соның ішінде өз денсаулығын сақтауға ерекше жауапкершілікпен қарап, спортпен шұғылдануы, денсаулығына зиян тигізетін әдеттерден аулақ жүруі көбінесе білімі мен мәдениеті дамыған қоғамдар мен елдерге тән екен. Мұның жақсы белгілерін Батыс Еуропа адамдарының бойынан байқауға болады. Қолдары бос уақыттарында олар елдерді аралап, табиғаттың көрікті жерлерінде болуға тырысады. Яғни, саламатты өмір салтын сақтауға ерекше мән береді.

Осындай жақсы дәстүр енді біздің Қазақстанымызға да келе бастағандай. Қазіргі күні жан-жақты толысқан адамдардың, сонымен қатар алдағы болашаққа сеніммен қарайтын жастардың спортпен көбірек шұғылданатындығын, дұрыс тамақтанып, дұрыс ұйықтауға мән беретіндігін байқап жүрміз. Енді осы жағдайды жаппай ел жағдайына енгізу талаптары байқалады. Мұны Елбасының тапсырмасымен Үкімет пен жергілікті атқару органдары жүзеге асыруға кірісті. Аталған іске бизнес-қауымдастықтар да атсалысу үстінде. Мәселен, еліміздегі ірі ұлттық­ компаниялардың бірі «Қаз Мұнай­Газ» АҚ еліміздің әр өңірлерінен, түрлі қалалардан спорт алаңдарын ашу жобасын жасап, оны іске асыруда. Қазірдің өзінде бірқатар мектептердің қасынан осы жоба бойынша жақсы жабдықталған жаңа спорт алаңдары бой көтеріп үлгерді.

Саламатты өмір салтын нығайту мәселесі көбінесе мекемелер мен ұйымдарда осы іске басшылықтың қаншалықты көңіл аударатындығына байланысты екендігі түсінікті. Міне, осы тұрғыдан алғанда Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінің ректоры Бақытжан Жұмағұловтың басшылығымен көп жұмыстардың тындырылып жатқандығын айтуға болады. Ректордың өзі университет қабырғасында бұқаралық спорттың жандануына көп көңіл бөледі. Білім ордасында түрлі спорт жарыстары, мәдени және саламатты өмір салтын насихаттауға арналған шаралар, елімізге есімдері танымал мәдениет және өнер қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылармен кездесулер жиі өтіп тұрады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлектері республиканың барлық аймақтарында, тіпті, әлемнің басқа елдерінде де еңбек етуде. Солардың ішінде биология факультетінің адам және жануарлар физиологиясы, биофизика кафедрасының түлегі – Байқош-

қарова Салтанат Берденқызын ерекше атап өтуге болады. Биология факультетінің қазіргі деканы, профессор Шалахметова Тамара Минажқызы және адам және жануарлар физиологиясы, биофизика кафедрасының меңгерушісі, профессор Сұлтан Төлеуханұлының айтулары бойынша, Салтанат Берденқызы студент кезінде факультеттің және университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысқан. Дәл қазіргі уақытта Салтанат Берденқызы елімізде бірінші «Экомед» медицина орталығының басшысы. Экомед орталығы 1995 жылы Салтанат Байқошқарованың басшылығымен құрылған. Орталық посткеңестің кеңістікте бедеулік мәселесін алға тартып, ең алғаш денеден тыс ұрықтандыруды, яғни пробиркада бала өсіруді жүзеге асырған мекеме болып табылады. Сол жылы клиника еліміздегі тұңғыш экоорталық ретінде Франциядағы дүниежүзілік экорегистріне қосылды. Осы орталықтың нәтижесі 1996 жылы 31 шілдеде пробиркада бала өсіріп, дүниеге әкелуден көрінді. Көршілес еліміз Ресейде осындай жолмен алғашқы сәби 1986 жылы профессор Б.Б.Леоновтың басшылығымен дүниеге келсе, ал әлемде осындай бала 1987 жылы Англияда дәрігер Ричард Эдварстың лабораториясында дүниеге келген.

«Экомед» клиникасы әрдайым бедеуліктен арылу жолдары жайлы кеңестер береді. Сонымен қатар диагностика және емдеу кезінде ең соңғы үлгідегі жоғары әсерлі әдістерді қолданады. Осындай еңбектердің нәтижесінде Салтанат Берденқызы факультетіміздің, университетіміздің ғана емес, еліміздің мақтанышына айналды. Сондай-ақ факультетіміздің биология мамандығын ойдағыдай тәмамдаған студенттерін жұмыспен қамтамасыз етіп жатыр. Біз еліміздің осындай білімді де білікті қыздарының бар болғанына қуанамыз.

Салтанат Байқошқарова секілді кешегі университет түлегі, бүгінгі білікті басшы маманның, әрі еліміздегі денсаулық сақтау ісін ұйымдастыруға белсене қатысып, осы салада табысқа жетіп отырған жанның аузынан айтылған осындай сөздер бізге маңызды естіледі.

Автор:
Зура ЕСІМСЕЙІТОВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, биология ғылымдарының кандидаты