28 июня 2019, 04:20 | 741 просмотр
Баршаға аян, денсаулық сақтау саласы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде қарқынды даму үстінде. Облыста бой көтерген жаңа нысандар мен білім-біліктілігін жетілдіргендер қатарының өсуі – соның айғағы. Қай сала болсын тиімді жұмыс істеуі үшін маңызды фактордың бірі - білімді мамандардың болуы және де кадр мәселесі бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Жуырда «Құжаттаудың жаңа ережелері аясында кадрлық іс жүргізу. Электрондық еңбек шартын енгізу. Кадрлық құжаттарды мұрағаттық сақтау» тақырыбында семинар болып өтті. Семинардан ұққаным, қазіргі таңда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Е-hr электронды еңбек шарттарын қолданысқа енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Бұл жұмыстың мақсаты – электронды үлгідегі еңбек шарттарына отыру процесін заңды тұрғыдан реттеп, кететін уақыт көлемін азайту. Сонымен қатар, бұл үлгі еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етіп, қағазбастылықтан және еңбек шарттарын жасаған кезде ұсынылатын құжаттар топтамасын жинаудан арылуға мүмкіндік береді. Министрлік электронды еңбек шарттарының құқықтық деңгейін реттеу мақсатында заңнамаға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар топтамасы құжатын әзірледі. Ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығынан бастап республикада электронды еңбек шарттарының есептік жүйесі енгізілмек.
Бүгінгі таңда жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасында іскерлік қарым-қатынастарды осылай рәсімдеу әдісі аса маңызды, себебі қазір көбі бір-бірімен қашықтықтан әріптестік орнатады.Алдағы уақытта жұмысқа орналасу үшін тек қана бір құжат талап етіледі. Ол – азаматтың жеке куәлігі. Өзге ақпарат базада сақталады.
Бұл жүйенің қолданысқа енуі нәтижесінде мемлекет азаматтардың жұмыс берушілермен еңбек қатынастары бақылап қадағалауға, елдегі жұмысшылар санына бағалау жасау арқылы олардың жұмыспен қамтылуына қажетті тиісті шараларды қолдануға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, электронды еңбек шарттарын жасау жұмыс берушінің міндеттерін айқындап, ай сайынғы міндетті зейнетақы және әлеуметтік жарналардың аударылымын бақылау арқылы жұмысшыға төнетін әлеуметтік қатерден қорғауға мүкіндік береді.
Жұмыс беруші үшін қолайлы кадрлық іс жүргізуде қызметкерді жалдауға не ауыстыруға болады. Сондай-ақ, үміткердің электронды жеке ісіне қолжетімді болғандықтан ол жеке куәлігі, білімі, еңбек өтілі, қызметі, біліктілігі туралы анық деректерді ала алады. Осының нәтижесінде білікті әрі сапалы кадр таңдауға мол мүмкіндік болады.