Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Елімізде жанармай арзандап келеді


18 июня 2019, 04:07 | 995 просмотров



Қазақстанда бензин өндірісі бір жылда 9%-ке өсті.

Биыл алғашқы төрт айда 1 млн 200 мың тонна жанармай өндірілген. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда шамамен 10 процентке артық. Ал дизель отынын өндіру көлемі 10,3%-ке өсіп, 1 млн 600 мың тоннаға жеткен. Қаңтар мен наурыз айлары аралығында елдегі мұнай өңдеу зауыттары отандық бензинге деген сұраныстың 98 процентін, ал дизель отынына деген сұраныстың 93 процентін қамтиды. Елде бензин арзандап келеді Сонымен, бензиннің жылдық импорты 94%-ке қысқарып, 16 мың 700 тоннаны құрады. Ал экспорт бір жылда 11 есе артқанымен, оның көлемі әзірге шамамен 666 тоннаға жеткен. Энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, шілде айында Қырғызстанға Қазақстан бензинінің алғашқы тоннасы жеткізіледі. Осы жылдың мамыр айында елімізде сұранысы ең жоғары АИ-92 маркалы бензиннің жылдық бағасы 6,9%-ке түсіп, литріне 147 теңге 6 тиынға дейін арзандады. АИ-95/96 бензині 3,8%-ке арзандап, литріне 168 теңге 6 тиынға дейін түсті. АИ-98 бензинінің бағасы шамамен 3 жарым процентке құлдилап, литріне 186 теңгеге дейін төмендеген.

«Қазіргі таңда Қазақстанда АИ-92 және АИ-95 бензиндерінің профициті байқалып отыр. Бұл мұнайшылар үшін жағымды жаңалық болмаса да, халық үшін жақсы», – дейді энергетика министрі Қанат Бозымбаев. Energyprom.kz порталының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында Теректі ауданының Алғабас кентінің жанында Қазақстандағы төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Жоба құны – 420 млн АҚШ доллары. Жаңа зауыт шикізатты Қарашығанақ кен орнынан алады. Инвесторлар жаңа зауытты екі жылда салып, 2020 жылдың аяғына дейін іске қоспақ

. Қашағандағы мұнай өндірісі тәулігіне 450 мың баррельге дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы «Солтүстік Каспий операциялық компаниясының» басқарушы директоры Ричард Хоув хабарлады. Оның айтуынша, алдағы уақытта газ айдайтын қосымша компрессор мен нысандардың арасына қосымша құбырлар орнатылады.

Қазақстан-ЕАЭО арасындағы тауар айналымы – $6,1 млрд Алдын ала деректер бойынша, Қазақстан мен Еуразия экономикалық одағы елдері арасындағы тауар айналымы 2019 жылдың алғашқы 3 айында 6 млрд 125 млн 800 мың АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда небәрі 0,1%-ке артық, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті. Мәселен, есепті кезеңде Қазақстан одақтас елдерге 1 млрд 865 млн 3 мың долларға тең тауар экспорттаған. Бұл 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы көрсеткіштен 3,8%-ке аз.

Есесіне импорт көлемі шамамен 2%-ке артып, 4 млрд 260 млн 5 мың АҚШ долларына жеткен. Қазақстанның Еуразия экономикалық одақ елдерімен сыртқы сауда айналымының басым бөлігі Ресей Федерациясының үлесіне түсіп отыр – 92,6%. Кейінгі орындарда Қырғыз Республикасы – 4,1%, Беларусь Республикасы – 3,2% және 0,1 процентпен Армения Республикасы тұр. Елімізде соңғы 5 айда шамамен 17 мың көлік құрастырылды Соңғы 5 айда елімізде 114 млн 709 мың теңгеге 16 мың 921 көлік шығарылған.

Бұл туралы қазақстандық автобизнес қауымдастығына сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады. Аталған кезеңде 15 мыңнан астам жеңіл көлік, 495 жүк көлігі, 404 автобус, 270 тіркеме және өзге де мамандандырылған 19 техника құрастырылды. Ал өткен жылдың алғашқы бес айында елде 71 млн 520 мың теңгеге 11 мың 848 көлік құралы шығарылған болатын. Жыл басынан бері қазақстандықтар 14 мың 300 отандық көлік сатып алды. «Қазақстанда құрастырылған автомобильдердің сатылымы 41 процентке артты. Сонымен қатар жалпы нарықтық өсім тек 19 процентке ұлғайды.

Осылайша Made in Kazakhstan өнімдерінің нарықтағы үлесі 60 процентке жуықтайды. Биылғы жылғы үлес өсімінің негізгі қозғаушысы Ұлттық банктің жеңілдетілген автонесиелеуге қаржыландыруды арттыру шешімі болды. Нәтижесінде Қазақстанда құрастырылған кореялық маркаларға сұраныс артқан», – дейді Қазақстандағы автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева. Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ доллары 62 тиынға арзандап, 383 теңге 43 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 384-385 теңгеге сатып алуға болады.


Автор:
https://24.kz