Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Талдықорғанның мектеп түлектері көлік апатына түсіп, жансақтау бөлімінде жатыр


29 мая 2019, 14:01 | 510 просмотров



ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында көлік тізгіндеген мектеп түлектері жол апатына түсті. Зардап шеккендердің екеуі жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оқиға 25 мамыр күні соңғы қоңыраудан кейін, Алматы-Талдықорған тасжолының Балпық би мен Бақтыбай ауылының арасында болған. Дәрігерлердің сөзінше, түскі сағат бір шамасында 2001-2002 жылы туған 4 адам ауруханаға жеткізілген. Олардың үшеуі бір мектептің түлегі. Көлік тізгінінде солардың бірі болған. Қазір екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Бірінің жағдайы ауыр, арнайы аппараттың көмегімен тыныс алуда. Оның мойын омыртқасы сынып, жұлынына зақым келген. Бірден ота жасалған. «Омыртқасы орнына қойылды. Бірақ  әлі нәтиже жоқ. Науқастың жағдайы ауыр. Екінші науқастың сан сүйегі сынған. Тобықтары сынған. Бір-екі күнде облыстық ауруханаға ауыстырылып, операция жасалады», - деді Көксу аудандық ауруханасының дәрігері Шыңғыс Рахимов. Ал зардап шеккен өзге екі жас жарақаттарының жеңіл болуына байланысты үйлеріне жіберілген. «Көлік апатына түскен үш бала біздің мектептің биылғы түлектері. Олардың ата-аналарына ескертілген. Балаларыңызға қараңыздар, қазір олардың алып-ұшып отырған уақыты деп те айтылды. Енді біз амандығын ғана тілеп отырмыз. Анықтамаларын әкеп берді, емтихандарынан босатылады, оларды сауыққаннан кейін тапсырады», - деді Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылындағы №11 мектептің директоры  Гүлбаршын  Бейсекенова.


Автор:
https://www.inform.kz