Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тақырыбында түсіндіру жұмысы жалғасып жатыр


17 мая 2019, 04:18 | 1 304 просмотра



  26 сәуір күні Қарасай  аудандық әкімдік пен аудандық аурухана ұйымдастырумен  Қаскелен қаласының мәдениет үйінде  міндетті әлеуметтік медициналық  сақтандыру тақырыбында жиын өтті. Жиынға  Коммерциялық емес акционерлік қоғамы «Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры» Алматы облысы филиалының директоры Сабит Құралбек Раймбекұлы, Алматы облысының денсаулық  сақтау  басқармасының бас маманы Малейұлы Альганибет, Алматы облысы электрондық денсаулық орталығының директорының  орынбасары  Біржан Досымжанұлы  Байжанов арнайы келген болатын. Жиынды Қарасай  аудандық  орталық  ауруханасының директоры Ербол Жақсылықұлы Сарсенбаев ашып берді.

Көпшілікке түсінікті болу үшін         міндетті әлеуметтік  медициналық сақтандыру (МӘМС) дегеніміз не және ол не үшін керек деген сұрақтарға жауап беруді жөн көріп отырмын.

Медициналық сақтандыру —  денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі, медициналық көмек қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады. Негізінде медициналық сақтандырудың екі түрі бар. Олар — міндетті медициналық сақтандыру және ерікті медициналық сақтандыру. Міндетті медициналық сақтандыру медициналық жәрдемнің сапасын бақылауды қарастырады, оның мақсаты — міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасымен және медициналық жәрдемнің қолданыстағы стандарттарымен кепілденілген көлемде, сапада және шарттарда медициналық жәрдем алуға азаматтардың (сақтандырылған) құқықтарын қамтамасыз ету. Ал ерікті сақтандыру адамның қалауы бойынша ғана жүзеге асырылады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы жиналған қаражат азаматтардың тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады. Яғни, бұрын мемлекет есебінен жүзеге асырылған тегін медициналық қызмет түрлері аталған сақтандыру жүйесі арқылы орындалмақ. Зейнеткерлерге, еңбек жасына толмаған азаматтарға, мүмкіндігі шектелген азаматтарға қызмет тегін көрсетіледі. Міндетті медициналық сақтандыру кез келген тұрғынды медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Оның басты маңыздылығы да сонда. Медициналық сақтандыру ең алдымен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған аурухана мен емханадағы дәрігеріне барып, емделуге мүміндік алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы дәрігерлерге сол қордан төленеді. Ал медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатын болғандықтан, енді емдеу мекемелері арасында бәсекелестіктің басталатыны сөзсіз. Өз кезегінде бәсекелестік медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырады. Көбірек пайда табуға тырысқан медицина қызметкерлерінің емделушілерге барынша сапалы қызмет көрсету көрсеткіші жоғарылайды. Өйткені емделушілер қай дәрігерге баратынын өзі шешеді. 

   2020 жылдан бастап республика көлемінде медициналық көмек көрсету осы жүйемен жұмыс жасайды.Олай болса бұл ақпарат  әрбір қазақстандыққа жетуі керек. Жиынға жеке кәсіпкерлер, жеке меншік медицина орталықтарының  басшылары, үкіметтік емес  ұйым өкілдері, ауыл және қала округ әкімдері,мектеп,бала-бақша басшылары, медицина қызметкерлері, халыққа қызмет көрсету орталығы, мемлекеттік кірістер басқарма өкілдері,өзін жұмыспен қамтып жүрген азаматтар шақырылды. Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылды. Облыстан келген қонақтар МӘМС  жүйесі туралы түсінікті  және нақты ақпарат берді.

    Қарасай  аудандық ауруханасының әлеуметтік қызметкерлері жиынға қатысушыларға МӘМС тақырыбындағы ақпараттық түсіндіру құралдарын тарқатты.  Барлығы 400-ге жуық адам ақпартпен қамтылды.

 

 

 

Автор:
Дана Таждинова,ШЖҚ «Қарасай аудандық орталық ауруханасы» МҚК дәрігер-валеологы.