Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қоршаған ортаның тазалығы - баршамызға ортақ іс.


10 апреля 2019, 09:16 | 2 118 просмотров


                      Қоршаған ортаны қорғау бүгінде бүкіл ғаламдық көкейтесті проблемаға айналып отырғаны белгілі. Топырақтың, ауа мен судың ластануынан Қазақстан халқының да шеккен, әлі күнге шегіп келе жатқан зардабы аз емес. Әрине, осылай екен деп қарекетсіз қарап отыра берсек ауру-сырқаудың, небір індетті дерттердің  одан әрі қаптап түсері айқын. Бүгінгі күні дәл осы мәселелерге мемлекеттік деңгейде мән беріліп, мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, түрлі шаралар қарастырылып  отыр. Соның бірі – ауданымызда жыл сайын жүргізіліп отырған санитарлық тазалық айлығы. Жыл сайын елді мекендерде жүргізілетін көктемгі-күзгі санитарлық тазалық айлығының іс-шаралары аудандық қоғамдық денсаулық сақтау мамандарының қадағалауында болады. Айлық барысында коммуналдық шаруашылық, сондай-ақ барлық  мекемелер, жекеменшік нысандар түгелдей қар кетер-кетпестен тазалау жұмыстарына кірісіп, ауқымды іс-шаралар атқаруда. Осы қадағалау барысында анықталған жағдай, бұл - халықтың санитарлық тазалық туралы түсініктерінің әлі де болса төменгі деңгейде болуы. Ауыл және қала тұрғындары өз аулаларынан сыпырып-сиырып шығарған күл-қоқыстарын ауласының сыртқы жағына, көшелерге төгіп қала және ауыл ажарының сиқын кетіреді. Қазақ халқының «су ішкен құдығыңа түкірме» деген аталы сөзін жиі естен шығарып алып отырмыз. Ретсіз шашылған қоқыс үйінділері түрлі кеміргіштер мен қаңғыбас иттердің мекеніне айналатыны сөзсіз, ал олар өз кезегінде адамдарды тістеу арқылы  аса қауіпті жұқпаларды тарату көзі болып табылатыны баршамызға мәлім болса да, мән бермейміз! Аудан елді мекендері көлемінде жыл сайын өткізілетін санитарлық тазалық айлығы кезінде ғана тазалау жұмыстарымен айналысып ғана қоймай, үнемі тазалық сақтау әрбір аудан тұрғынының міндетіне айналса,  құптарлық жай болар еді. Бүгінгі күні әркімге өзінің жеке ауласын мәжбүрлеп тазалату өзекті мәселелердің біріне айналып отырғаны қынжылтады. Тұрғындарымыздың басым көпшілігі өз мәдениетінің төмендігін көрсетіп, ескерту айтып, әкімшілік шара қолданбайынша өзінің жеке меншік ауласының сыртындағы қоқысты, арық жүйесін тазаламайды, тіпті кейбіреулері «еңбек биржасында жұмыс істейтін адамдар келіп жинасын» деген нұсқаулар айтып, жинап береді деп күтіп отыратындар да жоқ емес! Өскелең ұрпаққа қандай үлгі- өнеге көрсетеміз? Дені сау, бақытты ұрпақ өсіру үшін, ең алдымен әр адам «Тазалық- саулық кепілі» деген аталы сөзді есінен шығармаса екен. Болашақ-бүгіннен басталады. Қоршаған ортамызды, туған ауылымызды, тұрған үйімізді ластамай таза ұстауға бір кісідей жұмыла атсалысып, әр тұрғын саналы түрде бүкіл ауыл, қала көшесіне өз ауласындай жанашырлық танытса ғана қала және ауылымыздың көркейіп, таза болуына қол жеткізер едік!

Г. Абикенова,

 Алакөл аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысының м.у.а.

Л.Мустапова,

Алакөл аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының санитариялық-гигиеналық қадағалау және техникалық регламенттер  талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің бас маманы

Автор:
Г. Абикенова, Алакөл аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысының м.у.а.Л.Мустапов