Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Анасынан Ақ Бата Алған


26 августа 2010, 17:46 | 2 093 просмотра



Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Оңтүстік Қазақстан облысының

төл тумасы Дулат Малдыбекұлы Малдыбеков. Алтын төбе

ауылындағы Чкалов атындағы мектептің жеті сыныбын үздік тәмәмдаған. Талапты түлек ретінде ол жолдамамен Шымкенттегі фельдшер-акушерлер даярлайтын арнайы мектепке қабылданады. Бұл 1953 жыл-тын. Дулат небәрі 14 жастағы бала.

Медицина саласына қазақ жастарын тарту саясаты жүргізіліп жатқан кезең еді елуінші жылдар. Дулат та сыныптастарынан қалмай орта буын денсаулық саласы қызметкерлерін даярлайтын оқу орнына аттанады. Ауылдан ұзап шыққаны осы шығар. Үлкен шахар, таныс та бейтаныс қалалықтар. Әдетегідей, қазан айының бірінде алғашқы лекция басталды. Оқытушы жаңадан қабылданған студенттерге оқу ордасының тарихы, дәріс беру әдістемелері, мамандықтар турасында кең көлемде әңгімелейді. Мұның бәрін жадына түйген Дулат адам жанының арашашысы болуды қалағанына қуанады. Оқуға, білім алуға деген ынтасы артады... Артта төрт жыл қалды. Дулат қолына дипломын алып, туған ауылына оралады. Еңбек жолын бастайды. Баяғы сол ауылдағы шағын емдеу мекемесіне фельдшер болып қабылданады.

- Әу баста менің медицина мамандығын таңдағаныма анам қарсы болған еді, - деп еске алады бүгінде Дулат Малдыбекұлы. – Жасыратын несі бар, замандастарымның көпшілігі ауыл шаруашылығы мамандығын таңдады. Қыздарымыз мұғалім немесе дәрігер болуды армандайтын-ды. Анамның (Болтай Мәмекова) реніші менің дәрігер мамандығын қалағанымда еді. «Дәрігер түрлі аурулармен бетпе – бет келеді, жұқтырып аласың. әйелдерді босандыруға да тура келеді. Сен соған шыдаймысың. Жасың небәрі 18-де ғана. Оқуыңды жалғастырып, басқа мамадық бойынша жоғары білім алғаның жөн ғой» деп те айтты. Мен болсам, алған бетімнен қайтпадым. Бүгін өкінбеймін,- дейді Дулат Малдыбекұлы.

Алтын төбе ауылындағы шағын аурухана. Дулат осы емдеу мекемесінде фельдшер – акушер. Алғашында қиындықтар да болды. Бірақ, шегінетін жол жоқ. Ауылдастары, тіпті кезінде Дүкеңнің орта буын медицина қызметкері болуды қолдаған жолдастарының өзі оны күлкіге айналдырғаны да бар. 18 жасқа толған жігіт күзде әскер қатарына шақырылды. Жас жауынгерлер курсынан өткеннен кейін Дулат мамандығы бойынша, дәлірек айтқанда санитарлық нұсқаушы болып әскери бөлімшенің емдеу мекемесіне жұмысқа қабылданады. Мұнда да өзін білікті маман ретінде таныта біледі. Сарбаздар арасында беделді, командирлерінің алғысына беленеді. Бұл әлбетте жұмысқа деген берілгендігі, іскерлігі, біліктілігі мен талпынысы да шығар. Жасыратыны жоқ, ауылда өскен жігіт орыс тілін де осы жерде біршама меңгеріп алады. Мұнысы кейін аса қажет тіл ретінде пайдасын береді. Азаматтық борышын өтеп жүрген жылдары Дулатты қайтсем де жоғары білімді дәрігер боламын деген ой мазалайды. Мұны ол алдына биік мақсат етіп қояды.

- Әскер қатарынан туған ауылыма орал-

ғаннан кейін мен Алматы мемлекеттік медицина институтына түсу үшін құжаттарымды тапсырдым, - деп әңгімесін жалғастырды Дулат Малдыбекұлы. – Сынақ емтихандарды тәп-тәуір тапсырғаныммен, өкінішке орай конкурстан өте алмай қалдым. Ауылға қайтуға тура келді. Аудандық санитарлық тазалық және індетті қадағалау бөлімінің бастығы мені шақырып алып, өзі басқарып отырған мекемеге жұмысқа қабылдады. Бірақ, ол маған бірден «Бірінші кезекте толық орта білім алып шығасың» деп бұйырды. Кешкі мектептен оныншы сыныпты бітіріп шықтым. 1962 жылы құжаттарымды жинастырып, тағы да жолға шықтым. Алдымда студенттер мен жастар шаһары - Алматы.

Дулат Малдыбекұлы бұл жолы барлық емтихандар мен конкурстан да сүрінбей өтеді. Алматы мемлекеттік институты педиатрия бөлімінің студенті атанады. Арада алты жыл өте шығады. Оқу орнын ойдағыдай бітірген кейіпкеріміз 1968 жылы жолдамамен Талдықорған қаласына келеді. Таныс та бейтаныс қала. Студент болып жүргенде бірге оқитын курстастарымен бір-екі рет келгені болмаса, етене жақындаспаған, танысып-біліспеген шаһар. Талдықорған облыстық денсаулық сақтау басқармасының әкімшілігі Дулатты сол кездегі облыстық аурухана жанындағы балаларды емдеу мекемесіне жұмысқа жібереді. Бұл жерде ол үш жыл еңбек етеді. Өзін жақсы қырынан танытқан Дүкең Панфилов ауданындағы жарымжан балаларды емдеу мекемесіне бас дәрігер қызметі-

не тағайындалады. Артта тағы төрт жыл қалды.

- Отбасымның жағдайымен қайта облыс орталығына қайта келуіме тура келді,- дейді Дулат Малдыбекұлы жетпісінші жылдарды еске алып. - Өз пайымдауымша мен қатардағы дәрігер ретінде жұмысқа орналасармын деп ойлаған едім. Бірақ, басқарма басшылары мені қан құю стансасына бас дәрігер етіп тағайындады. Мұнда мен 4 жыл еңбек еттім. Жаман жұмыс жасамасам керек, мені тағы да жоғарылатты. Бұл жолы Талдықорған қалалық ауруханасына бас дәрігер болып тағайындалдым.

Айта кетерлігі, ол жылдары Бүкілодақтық Балалар ауруханалары Одағының байқауында біздің емдеу мекемесі екінші орынға ие болды. Бұл марапат не үшін беріледі деген орынды сауал туындайды. Айта кетейін, Талдықорған қалалық балалар ауруханасы барлық көрсеткіштер бойынша жақсы нәтижелерге ие болды. Балалар арасындағы аурулар деңгейі төмендеді, аурудың алдын алу, профилактикалық шаралар жоспар бойынша жүзеге асырылды. Осылардың бәрі ескеріліп, біздің мекеме Республика бойынша танылды.

Бұл менің қызмет бабында кезекті жоғарылауыма әкелген «трамплин» десе де болады. Мен «Қаратал» емдеу-сауықтыру санаторийіне бас дәрігер болып тағайындалдым. Мұнда да төрт-бес жыл аялдауға тура келді.

Облыс орталығына кезекті бір келгенімде сол кездегі денсаулық сақтау басқармасының бастығы, Ұлықпан Нұрғазынов ағаға жолықтым. Ол бірден «Естіген боларсың, таяуда бізде жаңа бір жұмыс орны ашылмақ. Соған сен лайықсың ғой деймін» деді. Мен біліп жүрсем де білмеген адамның сыңайын таныттым. Ол «Сен сол жұмысты үйіріп әкетеді деп сенемін» деп кесіп айтты, - деп еске алады тәлімгерінің сөзін еске алып бүгінде Дулат Малдыбекұлы.

Кеңес дәуіріндегі бірнеше жоғары марапаттардың, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» белгілерінің иегері Ұлықпан Нұрғазынов шын мәнінде Дүкеңе аға ғана емес, ақылшы ұстаз да болды. Кейіпкеріміздің жеке құжаттарымен жете таныс, оның іскерлігін, тапсырылған жұмысты тек тындырымды атқаратындығынан хабардар ол тектен-тек Дулат Малдыбекұлына жауапты істі тапсырып отырған жоқ. Бұл сол кездегі медицина саласындағы соны қондырғылардың бірі - эндоскопия аппараты – тін. Дүкең Жетісу өңіріне келмес бұрын Алматыдағы онкология аурулары институтында біраз еңбек еткен болатын. Аталған құралмен етене таныс болмаса да оның қолдану мақсаты, аясымен бір кісідей жұмыс жасауды білетін.

- Қазекем «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демей ме, - деп әңгімесін сабақтады Дулат Малдыбекұлы. - Кезінде мен онкология институтында еңбек еткенімде адамның іш құрылысын зерттейтін құралмен жұмыс жасағаным бар. Менің ойымша, өзінің денсаулығына жаны ашитын адам жылына бір рет болса да міндетті түрде дәрігерге қаралып, толық медициналық тексеруден өтіп отырғаны абзал. «Неге?» деген орынды сауал туындайды. Себебі, адам өзінің қай жері ауыратындығынан, қандай ем қабылдау керектігінен хабардар болады. Екіншіден, дәрігер де сол адамды тұрақты түрде бақылауында ұстайды, дұрыс ем жасайды. Мен тәжірибемде адамның іш құрылысын көп зерттеген маманның бірімін. Жасыратыны жоқ, қазірде рак ауруына шалдыққандар саны артып отыр. Осыдан 30-40 жыл бұрынғы статистикаға жүгінсек, ойық жарамен (язва) белгілі мөлшердегі адамдардың небәрі 3-3,5 пайзы ғана ауырған екен. Ал бүгінде бұл көрсеткіш бірнеше процентке өсіп отыр.

Аталған аурудан кең таралуына не себеп? Біріншіден, әлеуметтік жағдай. Адамдардың өз денсаулығына немқұрайлы қарауы, шылым шегу, ішімдікке әуестенушілік, ауыр жұмыс, тағысын – тағы сондай себептер көптеп әсер етеді.

Бір ғана мысал келтіре кетейін. Сүйел. Сүйел денеде ғана емес, адамның асқазанында да болады. Бұл тек арнайы құрал арқылы ғана анықталады. Оны бастапқы кезде ғана емдеу мүмкіншілігі бар. Асқынып кеткен ауруды емдеу әлбетте қиынға соғары даусыз, - дейді тәжірибелі дәрігер – эндоскопист.

Тәжірибе демекші, Дулат Малдыбекұлы адамның іш құрылысын зертеу мамандығы бойынша 25 жыл еңбек етіп келеді. Кезінде ол Ленинградтағы (Санкт-Петербург) ғылыми-медициналық институт жанындағы арнайы курстан өтіп, эндоскопист мамандығын алып шыққан болатын.

- Кезінде медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей медицина ғылымдары академиясының және Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ тағамтану академиясының президенті, Профилактикалық медицина академиясының президенті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) кеңесшісі Төрегелді Шарманов пен «КСРО және Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісінің иегері, Республикамызға танымал адам жанының арашашысы Әбу Омарұлы Сәрсембаев облысыздың барлық аудандарында дәрігер – эндоскопист штат бірлігін енгізген болатын, - деп еске алады Дулат Малдыбекұлы. – Бүгінде солардың бірен-сараңы ғана жұмыс жасап тұр. Кадр жетіспейді, аппараттар ескірген. Егерде мен сөз етіп отырған бөлім бүгінде қолданыста болған жағдайда қатерлі ауруларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік болар еді ғой, - деп қынжылыс танытады Дулат Малдыбекұлы бүгінде.

- Естен кетпейтін оқиғалар болады дәрігер тәжірибесінде, - дейді әңгімесінде Дүкең. – Осыдан біраз жыл бұрын ауруханаға 10 жасар бала түседі. Температурасы жоғары, өзі өте әлсіз жағдайда. Емдеуші дәрігерлер оған «өкпесіне суық тиген» деген диагноз қояды да емдей бастайды. Бірақ, бала бері қарамайды. Халі ауырлай түседі. Содан емдеуші дәрігер маған жолығып, жағдайды баяндайды. Мен баланы эндоскоп құралымен қарадым. Науқастың буылтығының (онекі елі шек) екі жағында жара бар екендігі анықталды.Бірақ, олар жарылып кеткен екен. Әріптестеріме жедел операция жасау керектігі жөнінде кеңес бердім. Арада бірнеше күн өткен соң әлгі бала құлан таза айығып, үйіне оралды, - дейді Дулат Малдыбекұлы.

Иә, мұндай жағдайлар кейіпкеріміздің тәжірибесінде жиі кездескені жасырын емес. Солардың бәрінде дерлік дұрыс шешім қабылдай білген Дүкең әріптестері арасында беделге ие болды. Өзіне тапсырылған учаскеде жауапкершілікпен еңбек етті. Біліктілігі мен білгірлігі шыңдала түсті, жанындағылардың беделіне ие болды. Мерейі атты. Жас мамандардың ағасы, тәлімгері атанды. Осының бәрі адал еңбегінің арқасы, соны жемісі мен жеңісі.

Әңгіме басына қайта оралайықшы. «Алтын төбе» ауылы. Дулат сол ауылындағы емдеу мекемесінде фельдшер-акушер. Демалыс күні болатын. Дүкең ауыл шетіндегі ұстаханаға жеке шаруасымен бара жатып жолда емдеу мекемесіне соғады. Кезекші медбикеден «жағдайдың бәрі жақсы» деген жауап алған ол сыртқа шығады. Қараса емдеу мекемесін бетке алып, иығына әйелін артып алған еңгезердей адам келе жатады. Жөн сұрасады. Сөйтсе, шалғайдағы малды ауыл адамы екен. Әйелі болса үш күннен бері босана алмай қиналған көрінеді. Амалы таусылған малшы ауылдың емдеу мекемесіне келе жатқан беті - тін. Дәрігерлер міндеті - ананы аман-есен босандыру.

Арада жарты сағат өткенде жарық дүниеге шыр етіп нәресте келді. Ана да сәби де дін-аман. Тағы бірер минут уақыт өтеді. Медбике екінші сәбидің келе жатқандығынан хабар береді. Фельдшер нәрестнің теріс келе жатқандығын байқайды. Мұндайда әрбір минут қымбат екенін жақсы білетін, жас та болса білікті маман дұрыс шешім қабылдап, егіздің сыңарын да аман алып қалады. Бұл оқиғадан соң күллі ауыл тұрғындары аузында Дулаттың ерлігі ғана болады. Баласының осы әрекетінен соң анасы Болтай «Мен қателесіппін. Сен адам жанының арашашысы болып туған екенсің. Бердім саған ақ батамды» деп ағынан жарылыпты. Міне содан бері ондаған жылдар өте шықты. Қазірде 72 жастағы Дулат Малдыбекұлы қатардан қалған жоқ. Облыстық ауруханада еңбек етіп келеді. Әлі де тың. Бір әзілінде ол «мені жаз айларында қаладан таппайсың» деп қалды. Кейін білгеніміздей Дүкең шаһар сыртындағы саяжайында болады екен. Ол дәрігер ғана емес, шын мәнінде бағбан да көрінеді. Жеміст іде жеңісті еңбегіңіз жана берсін!

Автор:
Ырыс АҚАДЫҚ. К.Р.А.