Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Конституция. Мемлекет. Халық.


26 августа 2010, 17:20 | 2 178 просмотров



Кез келген мемлекеттің қалыптасуында Конституция қайта бағамдалуы мүмкін емес айрықша маңызға ие. Нақ осы Конституция мемлекеттің әлеуметтік-саяси жүйесін айқындайды. Әлемдегі көптеген елдердің Конституцияларының көбінесе алғашқы баптарының өзінде-ақ қысқаша түрде сол мемлекеттің мәні, ондағы биліктің қайнар көзі болып табылатын табиғатының кең ауқымды, жалпылама және негізгі сипаты айтылады. Әрбір мемлекет өзінің даму барысында өз халқының тарихына, салт-дәстүріне, саяси мәдениетінің деңгейіне және ең бастысы, менталитетіне неғұрлым толық сәйкес келетін саяси жүйе мен Конституцияның үлгісін таңдайды. Конституция жайлы бейнелеп былай деуге болады: бұл - белгілі бір халықтың жоғарыда айтылған ерекшеліктеріне кигізілетін киім, егер де бұл киім халықтың менталитетіне сәйкес келсе (яғни «дәл шақ» болса) - онда бұл халық тұрақты даму мен гүлденуге қол жеткізеді. Егер басты заң саяси мәдениет деңгейі мен менталитетке сәйкес келмесе - онда халық тұтастай күрделі мәселелерге тап болып, ақырында өз дамуынан ажырап, тіпті кейде қайғылы күйге душар болады. Әрбір мемлекет өзінің дамуында Конституцияны қабылдау және оны елдің ең басты құжаты ретінде қалыптастыру кезеңін бастан кешеді. Латын тілінен аударғанда «constіtutіo» сөзі «бекітемін», «құрамын» деген мағынаны береді. Заңдық мағынасында Конституция - бұл құрылтайшылық сипаттағы құжат.

Қазақстан Республикасы Конституциясы философиясының (концептуалдық) тамыры тереңде жатыр. 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы біздің мемлекетіміздің негізін қалаушы әрі оның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың саяси философиясына негізделген. ҚР Конституциясы концептуалдық, жекелей алғанда инстиутуционалдық және қызмет етуі жөнінен Француз Республикасының V Конституциясына бағдарланып әзірленген. 1958 жылдың 28 қыркүйегінде V Франция Республикасының Конституциясы жалпыхалықтың референдум бойынша қабылданды.

Бұған сайлаушылардың 79 % дауыс берді. Алдымен Парламенттік билікке негізделген 1946 жылғы Конституцияға қарағанда, Францияның жаңа Конституциясы Президенттің өкілеттігімен бірге мемлекеттік биліктің негізгі органдарының құзыретіне мән берді. Содан бері Президентке мемлекеттегі жетекші рөл берілді. Францияның Президенті Конституцияның сақтаушысы, ұлт тәуелсіздігінің, елдің аумақтық тұтастығының кепілі. Сонымен қатар ол билік тармақтарының қалыпты қызмет етуін және мемлекеттік саясаттың сабақтасуын қамтамасыз етеді. Ол мемлекеттік органдардың заң аясында қалыпты қызмет етуіне кепілдік беруі тиіс.Қазақстан Республикасы Конституциясы Тұжырымдамасының негізінде Еуразиялық идея жатыр.

Автор:
Камал Бұрханов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдардың докторы, профессор