Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Кене энцефалитінен сақ болыңыздар!!!


29 марта 2019, 05:28 | 970 просмотров


Көктем мезгілі басталысымен кене энцефалиті вирусын таратушы – қансорғыш кенелердің белсенділігінің күшейгендігін естеріңізге саламыз. Кенелер - кене энцефалитінің тасымалдаушылары болып табылады. Кенелер орманды, таулы жерлерде кездеседі.

Алакөл ауданының маңайы кене энцефалиті бойынша қолайсыз аймақ болып табылады. Біздің аймақта олардың белсенді кездері наурыздан қарашаға дейінгі аралық. 2018 жылдың наурыз-қазан аралығында кене шаққан 92 адам қаралды, оларға дер кезінде қажетті медициналық көмек екпе жұмыстары жүргізіліп, ауруға жол берілген жоқ.

Кене энцефалиті – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын өте қатерлі ауру. Аурудың белгілері кене шаққаннан кейін 1-2 аптада немесе 30 күнге дейінгі аралықта біліне бастайды. Аурудың белгілері: дене қызуы 38-39 С-ға көтеріледі, қалтырау, қатты бас ауруы, жүрек айну, бұлшық еттердің ауырсынуы және тағы басқалар. Ауыр түрімен ауырған кезде дененің бұлшық еттері салданып, мүгедектікке немесе қазаға әкеліп соғуы мүмкін.

Табиғат аясына шығуға жиналғанда бітеу киім, міндетті түрде бас киім киіп, кене көрінетін ашық түсті киім киген жөн, өйткені кенені тез табуға ыңғайлы. Шалбардың балағын нәскиге салған жөн, кенеден сақтану жолдарын ойластырыңыздар, қаланың дәріханалары мен шаруашылық тауарларын сататын дүкендерден (мысалы, «Антиклещ», OFF-репелленттерді, т.б.кенеден сақтандыратын) кенелерден сақтандырғыштарды сатып алыңыздар. 2 сағат сайын денені тексеріп отыру қажет.

Кене шаққан жағдайда дереу жергілікті емдеу мекемесіне  қаралып, кене энцефалитіне қарсы аурудың алдын алу мақсатында иммуноглобулин алуы қажет. Емделушілерге тәулік бойы және тегін көмек көрсетіледі.

Кене шаққаннан сақтанып, аталған алдын-алу шараларын ескеріңіздер!

Автор:
Г.Абикенова, Алакөл аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.у.а. А.Таужанова,