Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Наурыз ұлттық болмысымызды жаңғыртты


29 марта 2019, 05:26 | 849 просмотров



Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының ұжымы Шығыс  халықтарының Жаңа жылы – әз-Наурыз мерекесін ұйымшылдықпен қарсы алды.

«Наурыз мерекесін мерекелеу – Қазақстанда бірлік пен ынтымақты нығайту, ұлттық рухани болмысымызды жаңғырту, мейірімділік, адамдардың өзара сыйласуы құндылықтарын тарату», – деп Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Өмірзақ Ниязбеков құттықтау хатында жолдағандай, Ұлыстың Ұлы күні бірлік, татулық, отбасын қастерлеу сияқты адамзаттық құндылықтарды паш етті.

Аулаға қазан асылып, наурызкөже, т.б. ұлттық тағамдар әзірленді. Көпшілік ұлттық киімдер киіп, мерекелік көңіл күй шалқып тұрды.

Мәжіліс залында кең дастархан жайылып, бауырсақ, ірімшік, сары май, құрт, айран, т.б. тәттілер қойылды.  Жүргізуші  қыз - Гүлжайна Сәрсенова Наурызды тойлауға жиналған ұжым мүшелерін ақ дастархан басына шақырып, ақжарма өлеңмен сөз бастады. Ақ шашақты орамал таққан жеңгелер шашу шашып, батагөй Қызыр атаны (Кенжебай Досқұлов) ортаға шақырды.

«Уа, Жаратқан құдірет,

Мал-бастарын аман ет!

Басына бер бақыт,

Асына бер берекет!

Ғұмыр жасын ұзақ ет,

Мехнаттан аман ет,

Ұрпақтарын асыл ет!

Дүниедегі бар жақсылықты

Дәл осы жандарға нәсіп ет!» – деп бата берген Қызыр ата төрге жайғасқан соң, көпшілік  жеті дәннен жасалған қасиетті наурызкөжеден дәм татты.

Ұжым басшысы Сәуле Ермекқызы Сауранбаева көпшілікті  Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, өткен жылда жеткен жетістіктерге тоқталды.  Бүкілдүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күнінің отыз жылдығына арналған акция аясында ұйымдастырылған  «Сән балалар бақыты үшін» аты республикалық көрнекті шараға  атсалысқан жас мамандар: Александра Шевелева, Марал Матембаева, Назерке Еркіндерді «Kazakhstan Fashion Week» кампаниясы ұсынған Алғыс хаттармен марапаттады.

Мерекеде елімізге, ұжымымызға ақ тілектер, бата жаудырылды. Домбырада ұлттық әндер мен күйлер орындалып, салт-дәстүрімізге қатысты сұрақ-жауап ойынында жеңгендерге естелік сыйлықтар үлестірілді. Мереке соңында ұжым «Қара жорға» биін биледі.

Автор:
Г.Таубайқызы, Алматы облыстық ЖИТС орталығының баспасөз хатшысы