Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тікұшақ апаты: Әскерилердің мүрделері түгел табылған жоқ


29 марта 2019, 02:57 | 993 просмотра



Апатқа ұшыраған тікұшақта болғандардың мүрделері түгел табылған жоқ Қызылордада апатқа ұшыраған тікұшақта болғандардың мүрделері түгел табылған жоқ. 13 әскеридің әзірге тек 10-ы ғана анықталды. Кешелі бері Жалағаш ауданындағы апат болған жер түгел қоршауға алынып, тікұшақ пен адам денелері іздестіріліп жатыр. Бұл туралы КТК теларнасы хабарлады.

Қорғаныс министрлігінің тікұшағы Жалағаш ауданына қарасты Бұхарбай ауылынан шамамен 7-8 шақырым жерде құлаған. Алайда, апат орнына жету мүмкін емес. Оған баратын жолдың барлығын әскерилер мен полицейлер қоршап алған. Түннен бері не тілшілер, не марқұмдардың туыстары кіре алмай жатыр. Тікұшақ құлаған тұсқа жеткісі келгендер көбейген соң түске жақын жол бойына арнайы темір қоршаулар қойылып, сарбаздар да тартылды. Таңертеңнен бері опат болғандардың туыстары да осында жүр. Мәселен, мына жігіттер 600 шақырым жердегі Шымкенттен келіпті. Не апат орнына жете алмай, не кері кете алмаған олар тікұшақ ішінде ағаларының болғанын айтады. Жалпы, МИ-8 тікұшағы ауылдардан шалғай иен далаға құлаған. Сондықтан көрдім-білдім дегендер жоқтың қасы.

Лұқман Серитханов, малшы:

— Кеше кешке жақын көршім хабарласты. Тікұшақ құлады деп. Біз даусын естімедік. Өйткені құлаған жер 7-8 шақырым жерде. Ал МИ-8 тікұшағының апаты 4 әскери тікұшақтан тұратын бөлімнің құрамында Ақтау қаласынан Шымкент қаласына бара жатқанда болды. Қорғаныс министрлігі әскери-әуе күштерінің ұшағының бортында 13 адам болған. Төрт тікұшақтың екеуі Қызылорда қаласына аман қонса, тағы біреуі апат орнына қайтып оралды. Бортта болған әскерилердің тірі қалуының екіталай екенін мына кадрлардан-ақ байқауға болады.

— Бұл Жалағаш ауданы. Қырғын болып жатыр. Өртеніп кетті бәрі.

Оқиға орнында кешелі бері жұмыс істеп жатқан құтқарушылар мен әскерилер қазірге дейін 10 адамның денесін Қызылордадағы мәйітханаға жеткізді. Сот-сараптамалық орталығы мамандарының айтуынша көпшілігі бөлшектеліп кеткен. Сондықтан әрқайсысың кім екенін анықтауға бар күштерін салуда.

Рахымжан Әліп, Қызылорда облысы бойынша сот сараптамасы орталығы директорының орынбасары:

— Қазіргі таңда 7 мәйітті әкелді. Қалғандарына іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Дене бөлшектері бар. Геномдық сараптама жүргізіледі. Сол арқылы анықтауды бастаймыз. Күл-талқаны шығып, өртеніп кеткен тікұшақтың қалдықтары мен әскерилердің денелерін түгел табуға аз-кем уақыт керек. Іздестіру жұмыстарына бірнеше күннен бері төпеп жатқан жауын да кедергісін келтіріп жатыр.

Автор:
http://jasqazaq.kz