Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Өз үлесімді қосудың уақыты келді


26 марта 2019, 11:55 | 712 просмотров



Талдықорған қаласында Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы, СӨСҚ,  ЖИТС орталығы,  ҚДСД басшылары, ОТҚД фтизиатрлары және «Жетісу» телеарнасының қатысуымен Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған «2022 жылға дейінгі кезеңге арналған туберкулезге қарсы күрес бойынша БҰҰ-ның саяси декларациясының мақсаттарына қол жеткізуге өз үлесімді қосудың уақыты келді» ұранымен баспасөз конференциясы өткізілді.

Іс-шараны Алматы облыстық туберкулезге қарсы диспансер  ұйымдастырды. Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дәрігер-эпидемиологы  Р.Ақашева  «ТБ/АИТВ анықтау, диагностикалау және емдеу бойынша іс-шаралар: негізгі жетістіктер, проблемалар және шешу жолдары» тақырыбында баяндама жасады.

Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымы 2016-2035 жылдарға арналған «Туберкулезді тоқтату» стратегиясындағы көрсеткіштерді төмендетудің мынадай келісім-мақсаттарын қойып отыр:

- 2025 жылға қарай – сырқаттанушылықты 2015 жылғы деңгейден 50%-ға (Еуропалық аймақта – 100 мың адамға шаққанда 55), өлім-жітімді 75%-ға төмендету;

- 2035 жылға қарай – сырқаттанушылықты 90%-ға (100 мың адамға шаққанда 10), өлім-жітімді 95%-ға төмендету.

Соның нәтижесінде туберкулезбен зардап шеккен отбасылардың ешқайсысы ауруға байланысты орасан зор шығындарды көтермеуі керек. Бұл мәселені шешу үшін республикада барлық мүмкіндіктер бар, тек барлық мемлекеттік мекемелер, ведомстволар мен азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіру қажет.

Қазақстан Республикасында туберкулездің эпидемиологиялық ахуалын жақсарту бойынша тұрақты үрдіс байқалады, бұны соңғы 10 жылда туберкулез аурушаңдық көрсеткіші 2008 жылғы 125,5-тен 2018 жылы 100 мың адамға шаққанда 48,2-ге дейін, яғни 2,6 есеге, өлім-жітім көрсеткіші 2008 жылғы 16,9-дан 2018 жылы 2,4-ке дейін, яғни 7,0 есеге, балалардың аурушаңдық көрсеткіші 2008 жылғы 26,0-дан 2018 жылы 7,0-ке дейін, яғни 3,7 есеге дейін төмендеу көрсеткіштері куәландырады.

Алматы облысында туберкулезге қарсы іс-шараларды іске асыруда мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес секторлардың және медициналық ұйымдардың бірлесе қатысуының арқасында соңғы 10 жылда негізгі көрсеткіштер: аурушаңдық деңгейі 2,2 есеге, оның ішінде балалар арасында аурушаңдық 4,0 есеге, жасөспірімдер арасындағы аурушаңдық 1,8 есеге, өлім-жітім 4,7 есеге төмендеді. ДДҰ-ның бағалау миссиясы Алматы облысында өткізіліп жатқан туберкулезге қарсы күрес шараларының нәтижелерін жоғары бағалады.

- Туберкулезді анықтау, диагностика мен емнің барлық заманауи әдістері Қазақстанда, облыс деңгейінде тегін көрсетіледі;

- Дер кезінде анықталып, уақытында ем шаралары қабылданатын болса, туберкулезден толықтай айығуға болады;

- Туберкулез Сіздің еңбекке қабілеттілігіңізге теріс ықпал етпейді;

- Туберкулез сіздің бизнесіңізге әсер етпейді!

Автор:
Г.Таубайқызы, Алматы облыстық ЖИТС орталығы