Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Е.Біртанов: Елімізде онкологиялық көмек үш деңгейде көрсетіледі


18 марта 2019, 11:43 | 617 просмотров



Денсаулық сақтау министрі Үкімет отырысында елімізде онкологиялық көмек үш деңгейде көрсетілетінін айтып өтті.

«Бірінші амбулаториялық-емханалық деңгейде онкологиялық ауруларды ерте анықтау, диагнозды қою кезінде, сондай-ақ диспансерлік байқауда амбулаториялық деңгейде қызмет көрсететін 405 онколог кабинеті және 1604 қарау кабинеті жұмыс істейді. Екінші деңгейде қатерлі ісіктермен ауыратын науқастарға медициналық көмекті 16 өңірлік онкологиялық диспансер және Ақтөбе, Жезқазған, Шымкент және Көкшетау қалаларында көпбейінді ауруханалардағы 4 онкологиялық бөлімше көрсетеді. Үшінші деңгейде медициналық көмекті екі республикалық ұйым, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты және Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығы көрсетеді» деді министр. Е.Біртановтың айтуынша, сәулелік терапия - ісікке қарсы емдеудің негізгі компоненттерінің бірі. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде онкологиялық науқастарды жоғары технологиялық сәулелік емдеумен қамту орташа 60-75%-ды құрайды екен. Жоғары технологиялық сәулелік терапия ісіктің нысанын тура қайталайтын өрісті қалыптастырумен жоғары энергетикалық сызықтық жылдамдатқышта іске асырылады. Порттық визуалдау жүйесінің арқасында шынайы уақыт режимінде пациенттерді позициялауға бақылау жүргізу мүмкіндігі бар. «Қазақстанда бүгінгі күні 5 жоғары энергетикалық сызықтық жылдамдатқыш жұмыс істейді, жоғары технологиялық емдеумен қамту 20%-ды құрайды. Кешенді жоспардың шеңберінде өңірлерде қосымша 10 сызықтық жылдамдатқышты орнату көзделген» деді министр. Сызықтық жылдамдатқыштар санының артуын, 2018 жылы Астана қаласында томотерапия орталығының ашылуын, Ұлттық ғылыми онкология орталығындағы протон орталығының және 3 сызықтық жылдамдатқыштың іске қосылуын ескере отырып онкологиялық пациенттерді сәулелік терапиямен қамту 2022 жылға МАГАТЭ стандарты ұсынымдарына сәйкес 60 %-ға жететін болады. «Радионуклидтік терапия Қазақстан Республикасында әзірге емдеудің қолжетімсіз жүйелік түрі болып отыр. Бұл ісік жасушаларының нақты түріне әсер ету үшін радиофармпрепараттарды қолданатын ядролық медицинаның бір әдісі. Бұл бағытта радиойодтерапияны өткізу үшін Семей қаласында ядролық медицина орталығын, сондай-ақ Астана қаласында құрылысы басталған Ұлттық ғылыми онкология орталығында бөлімше ашу көзделген. Хирургиялық емдеудің қолжетімділігін кеңейту мақсатында Кешенді жоспардың шеңберінде МЖӘ арқылы өңірлерде ең төменгі инвазивтік хирургия үшін 10 аппаратты және инновациялық емдеуге 35 аппаратты орнату көзделген» деді министр.


Автор:
https://egemen.kz/