Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Дәрігер мәртебесін де көтерген ләзім


18 марта 2019, 09:01 | 655 просмотров



Бүгінде дәрігер мәртебесі жөнінде әңгіме қозғаудың уақыты келген секілді. Өйткені елімізде дәрігерлердің құқы бұзылатын кез жиі кездеседі. Айталық Ақтөбеде ақ желеңді абзал жандарға пациенттер тарапынан анайы сөйлеу, дөрекілік таныту, тіпті қол жұмсау деректері тіркелген. Таяуда облыс орталығында масаң күйдегі ер адам шақыру бойынша барған жедел жәрдем қызметкерлерін пәтерінде ұрып-соққаны осының бір дәлелі. 

Денсаулық сақтау саласының май­тал­­мандары Роман Рахиев, Тамара Сафронова және Сара Дәулетовалар осын­дай теріс көріністер жөнінде бізге қын­жыла баяндады. Денсаулық сақ­шы­­ларының ар-намысын таптап, қыз­мет бабын­дағы іс-қимылына ке­дергі келті­ріп, дауыс көтеруге кім құ­қ­ық берді? Көлде­нең көк атты­лар медицина қызмет­керлеріне зәбір көрсеткені үшін жауап­кершілік арқаламай, емін-еркін жүре бере ме? Ақ желеңділер адам өмі­рін қорғайды. Ал оларды кім қор­ғайды? «Осындай сансыз сауал бізді елі­міздің бас басылымы «Egemen Qazaq­stanǵa» келуге мәжбүр етті» дейді дәрі­­­герлер. Ақтөбе облыстық ден­сау­­­лық сақтау саласы қызмет­керлері арда­­герлер кеңесінің төра­ғасы Роман Рахиев бастаған аға буын медицина өкілдерімен кездесу барысында соңғы уақытта түйткіл туғызып жүрген өзге де жайттарға қанықтық. Біріншіден, ұлттық скринингтік тексеруге қатысты мәселе. Зейнет жасына жетсе де дәрі­гер­лік қызметтерін жал­ғастырып жүр­ген жандардың мә­лім­­­деуінше, скрин­ингтің мәнін түсін­бей жүрген, өз ден­саулықтарына нем­құрайлы қарайтын аға­йындар жет­кі­лік­ті. Тұрғындар заманауи аппарат­тар­дың көмегі арқылы ағзаны түгелі­мен тегін тексерістен өткізе алады. Зертханалық бақылаулар да ақы­сыз жүргізіледі. Сөй­тіп қатерлі дерт­тер­дің алдын алу­ға болады. Әйтсе де тек­се­рілу­дің ор­нына өнбес дау туғызып, ашу-ы­заның жетегінде кетудің қандай қа­жеті бар. Бұл денсаулық алдындағы жауап­­кершіліктің жоқтығы емей, немене?! Тіпті, көлік екеш көлікті де жылына бір рет техникалық тексеруден өткізбей ме? Ал асқынған ауру кейін бой бермей кетсе бұған да дәрігерді кінәлайды», деп толғанады Роман Рахиұлы.  Дәрігерлердің айтуынша, дұрыс тамақ­танып, саламатты өмір салтын ұс­та­­ну – денсаулық кепілі. Меди­­ци­­налық сақтандыру реформа­сы­на қаншалықты әзір екенімізді анық­тау­дың да пайдасы мол. Дамыған ел­дер­дің бәрі осы жүйемен жұмыс іс­тейді. Екіншіден, осы арқылы адамдар жұмыс істеуге, табыс табуға тал­пынады. Үшіншіден, жеке табысы­нан медициналық сақтандыруға қара­жат төлеген кезде әр адамның ден­сау­лы­ғына деген жауапкершілігі арта түседі. Мұндай жағдайда екі жақтың мәртебесі де биік болады, дейді олар. Дертіне дауа іздеген жан дәрігерге сөз емес, ем іздеп келмей ме? Екеуінің ортақ мақсатқа ұмтылуы емдеу мен сауығу үдерісін тездете түседі. Өзара сенім осылай орнығады. Бұл емнің шипа болуына апаратын тура жол. Әйтсе де оны біржақты қабылдап, дәрігерлердің дәйекті дәлелдеріне келіскісі келмейтін пациенттер де бар. Қазіргі кезде мемлекет тарапы­нан медициналық көмекке берілетін қаржы мөлшері қомақты. Саладағы қызметті үйлестіру мен ұйымдастыру ісінде ең тиімді жолдар қолданысқа енгізілген. Тәжірибелі дәрігерлердің айтуынша тұрғындар тарапынан мұндай жаңашылдыққа да қолдау аз. Тіпті кейбір топтар оны мүлдем тү­сін­гісі келмейді. «Неге біз сая­си-қоғамдық өзгерістер мен сән үлгі­сінің жаңалығын, немесе валю­та бағамының құбылуын қабыл­дай­мыз да, денсаулық сақтау сала­сын­дағы жаңа үрдістерге селқос қараймыз? Соның бірі – күндізгі емдеу жүйесі. Бүгінгі емханалардың материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуеті алпыс түрлі ауруды амбулаториялық жолмен емдеуге қабілетті. Бұл мәселе жан-жақты зерттеліп, сараланып әрі кәсі­би талқылаудан өтіп қолданысқа енгі­зілді. Осы арада денсаулық сақ­тауды ұйымдастыру ісінде экспе­рименттердің болмайтынын айтқы­мыз келеді. Өйткені кез келген мем­ле­­кеттің басты байлығы – адам. Сон­­дықтан тұрғындардың портал бой­ын­ша кезек күту мәдениетін үй­рен­­генін, жоспарлы түрде емделу тәрті­бін түсінгенін қалаймыз», дейді дәрігерлер. Стационар негізінен жедел әрі аса шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдайда пайдаланылуға тиіс. Бұл үшін жедел жәрдем қызметі тұрақты жолға қойылған. Осы орайда жедел жәрдем көлігінің жолындағы кептелістер, өзге жүргізушілер тарапынан оған жол беру мәдениетінің төмендігі, көптеген мекенжай дерек­те­рінің тиянақсыздығы да кездеспей тұрмайды. Мұндай кезде «Жедел жәрдемді» жерден алып, жерге салатындар да бар. Осылай дей келе Роман Рахиев, Тамара Сафронова және Сара Даулетовалар қоғамда дәрігерге деген көзқарасты өзгертетін, оның қоғам­дағы мәртебесін қайтаратын уақыт жеткенін мәлімдеді.