Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Көкжөтел.


15 марта 2019, 11:04 | 34 просмотра


Көкжөтел (лат. pertussіs) – жедел таралатын, көбінесе, 8 жасқа дейінгі балаларда болатын жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы қысқа таяқша тәрізді бактерия (Bordetella pertussіs).  Қоздырғыш бактериялар науқас бала жөтелгенде оның демі мен қақырығы арқылы тарап, сау балаға жұғады. Бактериялар баланың тыныс органдарында өсіп-өнеді. Ауру қоздырғышы сыртқы ортада төзімсіз, бірақ ол өте сирек те болса сырқат баланың тұтынған заттары (ойыншығы, ыдысы) арқылы жұғуы мүмкін. Көкжөтелмен бір рет ауырған бала қайталап ауырмайды, өйткені аурудан кейін организмде тұрақты иммунитет пайда болады. Аурудың білінбейтін (инкубациялық) кезеңі 2 – 15 (көбінесе, 5 – 7) күнге дейін созылады. Көкжөтел, әдетте, 6 – 7 аптаға созылады. Алғашқы кезде бала жөтеледі, мұрны бітіп ұйқысы қашады, дене қызуы 38,5 – 39°С-қа дейін көтеріліп, тамаққа тәбеті тартпайды. Бірте-бірте жөтелі күшейеді (әсіресе, түнге қарай), 2 – 3 аптада жөтел жиі ұстағанда бала булығып қысылады, қызарып-көгеріп, көзінен жас ағып, тілі аузына симай, кейде кіші дәретін де ұстай алмай қалады. Жөтел қақырық түскеннен кейін басылады. Бұл кезең 2 аптадан кейде 2 айға созылады. Содан кейін дерттің беті қайтып, тұншықпалы жөтел азая бастайды, бала 2 – 3 апта “жай” жөтеліп жүреді де, бірте-бірте аурудан айығады. Аурудың алдын алу үшін балалар емханасында баланың 5 айлығынан 14 жасқа дейін  вакцина егеді, аурумен жақын араласқан 7 жасқа дейінгі балаларды басқалардан оқшаулап (2 аптаға, ал егер сырқатпен бірге тұрған болса – 25 күнге дейін) карантин жариялайды. Ауру баланы қалалық көлікпен алып жүруге болмайды. Көкжөтелді жоғары қысымды таза ауамен (баротерапия) емдейді. Науқас балаға витамині мол құнарлы тамақ ішкізу қажет. Режим сақтап, тек дәрігер белгілеген әр түрлі антибиотиктерді уақытымен қабылдауы керек.

Ауырған адаммен қарым-қатынаста болғаннан кейін бір немесе екі аптадан кейін басталады. Қызу көтеріледі, тұмау мен жөтел пайда болады. 2 аптадан кейін қатты (күшейген) жөтел (көкжөтел) басталады. Бала ауыз шырышынан жабысқақ қақырықты түкіріп тастағанша дем алмастан, үздіксіз жетеле береді, сондай кезде ауа шуылымен қатты дыбыс шығара (қиқылдау) өкпеге барып енеді. Бала жөтелге булығып, оның ерні мен тырнақтары ауаның жетіспеушіліктерінен көгеріп кетуі мүмкін. Жөтел ауруы үстағанда бала құса бастайды. Жетел ұстамаған аралықта баланың дені сау болып көрінеді. Көкжетел әдетте 3 ай немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Көкжөтел, әсіресе, бір жасқа дейінгі емшектегі балалар үшін қауіпті, сондықтан көкжөтелге қарсы екпені мүмкіндігінше ерте жасаған дұрыс Көкжөтел сәбилерде білінбей өтеді, сол себепті оның диагнозын дұрыс қою қиынға соғады. Егер сәби қатты жетелсе және көздері ісіп кетсе, сонымен қатар айналаңызда кекжөтелмен ауырғандар болса, дереу көкжөтелге қарсы ем қолданыңыз;

Емдеу жолдары : Антибиотиктер жөтел ауыруы үстамастан бұрын, көкжөтелдің алғашқы сатысында ғана көмектеседі.  Ауырудың алғашқы белгілері бойынша сәбилерді 6 айға дейін емдеу өте қажет.Салмағын жоғалтпауы үшін және тамаққа жарымай қалуын болдырмау үшін баланың құнарлы тамақтануын қадағалаңыз. Бала ішіндегіні құсып тастағаннан кейін оны бірден тамақтандырыңыз.

Асқынуы Көздің ішіндегі аққа ашық қызыл түсті қанның құйылуы жөтелдің салдарынан болуы мүмкін. Ешқандай емнің қажеті жоқ. Егер ауру қозып ұстаса немесе өкпенің қабыну белгілері пайда болса, дәрігерге қаралыңыз Барлық балаларды көкжөтелден сақтаңыздар.

 2 айлық кезінде көкжөтелге қарсы егуді ұмытпаңыздар. Вакцинация сәбидің 2 айлық (2,3.4 ай, 18 ай, 6 жас) кезінен басталады. Бұл жұқпаға қарсы вакцинация Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген.

Құрметті ата-аналар балаңызды уақытылы ауруға қарсы ектіріп жұқпалы аурулардың алдын-алғаныңыз жөн.

З.К.Куштекова, Жамбыл аудандық Қоғамдық Денсаулық сақтау  басқармасының бастығы м.ғ.к.

  Мираш Сатова, Жамбыл аудандық Қоғамдық Денсаулық сақтау  басқармасының эпидемиология бөлімінің бас маманы

Автор:
З.К.Куштекова