Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тамақтан улану


15 марта 2019, 10:58 | 40 просмотров


Тамақтан улану адамның бактерия, вирус, ұсақ жәндіктер немесе өсімдіктер (мысалы, планктон), саңырауқұлақтар, паразиттер немесе токсиндермен зарарланған тағамдарды тұтынғаннан болады. Алайда мұндай азықтың адам ағзасына түсуінен әрдайым ауру туындай бермейді. Кейбір адамдар оларға бекем болады, ал басқалары тез жұқтырып, қатты ауырады.

Тамақтан уланудың белгілері

       Жүрек айну, құсу, іш өту, ара-арасында іштің түйілуі мен ауруы ішек инфекциясының белгісі болып саналады. Кейде бұл белгілер 1-2 күнде кетіп қалады және арнайы емді қажет етпейді. Егер ауру белгілері екі күннен кейін кетпесе, және ағзаның құрғағаны (ауыздың кебуі, бас айналу, қошқыл сары несеп немесе несептің азаюы) байқалса, дереу дәрігерге қаралған жөн.

Стафилококкты тағамнан улану

        Стафилококктар. Стафилококкты тамақтан улану бөлме температурасында жақсы дамиды әрі адам ағзасына әртүрлі жағдайда енеді. Сүт өнімдері (сүт, сүзбе, ірімшік, балмұздақ, т.б.), нан өнімдері (торт, тәтті тоқаштар, т.б.), ет өнімдері (паштет, шұжық, тіл, ысталған шошқа еті) және жылы жерде сақталған басқа да азық-түліктер стафилококктар үшін тіршілік ететін қолайлы орта болып табылады. Сондай-ақ қолына іріңді жара, күбіртке шыққан науқастар немесе жұтқыншағы талаурап, баспа ауруымен ауыратын адамдар да тағамды залалдауы мүмкін. Сондықтан қолына түрлі инфекциялық, іріңді жара шыққан немесе баспа ауруымен ауыратын, азық-түлік өнімдерімен жұмыс жасайтын немесе тағам әзірлейтін адамдарды жұмыстан босату, ет өнімдерін міндетті түрде ветеринарлық тексеруден өткізу және барлық тағам түрлерін микроб, инфекциялардан қорғау керек. Сонымен қатар ет пен сүт өнімдерін жақсылап пісіру, жұмыртқаның сапасын мұқият тексеру, еріген балмұздақты қайтадан қатырып пайдаланбау, тәтті нандар мен крем қосылған торттарды тезірек сату керек. Стафилококкты тағамнан уланудың белгілері: әлсіздік пайда болады, көздің көруі әлсірейді, бас ауырады, жүрек айниды, құсады, іші ауырады, дене қызуы көтеріледі, іш өтеді, кейде іш шаншып ауырады, тамыр соғысы жиілейді, жұтыну мен сөйлеу бұзылады, ауыр жағдайларда құрысу мен коллапсқа әкелуі мүмкін.

Тамақтан уланудың алдын алу шаралары:

- ас әзірлер алдында және шикі ет немесе тауықты ұстаған соң, тамақ ішер алдында қолыңызды жақсылап сабындап жуыңыз;

- көкөністер мен жеміс-жидектерді мұқият жуып жеңіз;

- шикі етті турап болған соң, тақтай мен басқа да аспаптарды жуыңыз;

- тамақ жасар алдында мұздалған тауықты жақсылап ерітіңіз. Егер мүмкіндік болса, оны тоңазытқышта ерітіңіз, суық бактериялардың көбеюінің алдын алады;

- ет және балық өнімдерін жақсылап қуырыңыз;

- ет, тауық және балықты қуырмас бұрын бір ыдысқа салмаңыз;

- тағамдарды тарақан, маса және тышқандардан қорғау үшін бетін әрдайым жауып жүріңіз;

- буфет, асханаларда тамақтанғанда абай болыңыз;

- тамақ қалдығын тоңазытқышта сақтаңыз, ал пикникке апаратын тағамдарды арнайы ыдыстарға салыңыз;

- шикі және дайын тағамдарды бөлек сақтаңыз.

- азық-түліктерді ретсіз сауда орынынан немесе кез келген көшедегі саудагерлерден сатып алмаңыз;

- тазалық, санитарлық-гигиеналық талаптары сақталмаған жерден тамақ ішпеңіз;

- кез келген тағамның ( банкі, қалбырларға жабылған, т.б.) сыртын оқып көріңіз, шығарылу және сақтау мерзіміне аса мән беріңіз;

- кез келген азық-түлікті қолданар алдында оның иісіне және түріне назар аударыңыз, күдік туғызған азық-түліктерді қолданбаңыз;

- азық-түліктерді тек тоңазытқышта белгілі температурда сақтаңыз;

- піскен тамақты ұзақ сақтамаңыз;

- тамақтан уланып қалсаңыз, дереу дәрігер шақыртыңыз немесе емханаға барыңыз;

Есте сақтаңыз: Көктем және жаз айларында көшеде «жабайы сауда» көздері қыза түседі. Ұсақ-түйек заттар былай тұрсын, тәбетіңізді ашар түрлі тағамдар да жайнап тұрады. Алайда оның қалай және неден дайындалғаны белгісіз. Сондықтан көрсеқызарлық танытпай, белгісіз сауда өнімдерін сатып алмаңыз. Жоғарыда аталған тамақтан уланудың алдын алу шараларын мұқият есте сақтаңыз!

Н. Сайболатова,  Алакөл аудандық қоғамдық   денсаулық сақтау басқармасының санитариялық-гигиеналық қадағалау және техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің бас маманы.

 

Автор:
Н. Сайболатова,