Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Азаматтық қорғаныс — әркімнің және баршаның ісі


15 марта 2019, 04:47 | 931 просмотр



Жуырда 1 наурыз – Бүкіләлемдік Азаматтық қорғаныс күнін атап өту мақсатында Алматы облыстық ЖИТС орталығының Талдықорған қаласындағы филиалында «Қызыл ай» қоғамы  еріктілерінің қатысуымен  арнайы іс-шара өткізілді.

Азаматтық қорғаныстың тарихы өзінің тамырын 1931 жылдан бастау алады. Ол кезде француздық хирург, генерал Жорж Сен-Поль бірнеше елдердің бастамасы бойынша Парижде «Женевалық аймақ» ассоциациясын құрған болатын. «Женевалық аймақ» ұғымына соғыс кезінде қарапайым халықтың белгілі бір санаттары паналай алатын бейтарап аймақтар немесе ашық қалалар енді. 1958 жылы «Женевалық аймақ» ассоциациясы Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымы (ХАҚҰ) мәртебесін иеленді, бұл азаматтық қорғау саласындағы халықаралық деңгейдегі жалғыз ұйым болатын. Ал 1 наурызда  18 мемлекет мақұлдаған ХАҚҰ Жарғысы күшіне енді. Бұл мереке ХАҚҰ мүшелері болып табылатын елдерде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан және заманауи зақымдау құралдарынан қорғану құралдары мен әдістері туралы білімді халық арасында насихаттау және тарату мақсатында аталып өтіледі. Ал 1997 жылдың 31 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес біздің мемлекетіміз Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының толыққанды мүшесіне айналды.

ЖИТС қызметкерлері үшін ұйымдастырылған іс-шарада «Қызыл ай» қоғамы еріктілері Әлия Қорабаева мен Жамал Жиенбаева табиғи апатты жағдайлардан қорғану жөнінде слайд көрсетіп, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету бойынша жаттығу сабағын өткізді. 

–Әрбір азамат тұратын, жұмыс істейтін және оқитын аумағында қандай төтенше жағдайлар болуы мүмкін екендігін білуі тиіс. Біздің төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюды табысты жүргізуіміз халықтың дұрыс және епті іс-қимылдарына тікелей байланысты. Сонымен қатар үйлерімізде не жеке қорғаныс құралдары, не өрт сөндіргіш жоқ, сондай-ақ  төтенше жағдай  орын алған жағдайдағы қарапайым жүріс-тұрыс қағидаларын біле бермейміз. Сондықтан да бұл жағдай халық арасында алдын алу шараларын белсенді түрде жүргізуді талап етеді. Өйткені адам өмірі – басты құндылық екенін естен шығармайық!– дейді Әлия Шайыққызы

Автор:
Б.Райымбеков, Алматы облыстық ЖИТС орталығы қызметкері .