Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Атырауда су айдыны өлі балықтардан тазартылып жатыр


12 марта 2019, 14:50 | 569 просмотров


Өкініштісі, жұт Жайықтағы қара балықтарға ғана келген жоқ, өңірдегі бекіре балық өсірумен айналысатын екі зауытқа қатер төнді. «Жайық-Атырау» бекіре өсіру зауытында 1,7 тонна, «Луговой жылқы зауытында» ЖШС-ға қарасты бекіре өндіру зауытында 101 тонна бекіре балық айдын-күннің аманында қырылып қалды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғындармен есептік кездесуде бұл жағдайдан сырт айналып кетпеді. «Алғашқы су сынамаларының қорытындылары хлоридтің рұқсат етілген шекті мөлшерден екі есе артық болғанын анықтады. Сондай-ақ тірі және өлі балықтардан сынама алынып, сараптама аммиакқа оң нәтиже көрсетті. Тексеру жұмыстары жіті бақылауда, кінәлілер анықталып, жазаланады», – деп атап өтті. «Сасықсайдың» салдары ма? Өңірдегі ірі кәсіпорындар тарапы­нан табиғатқа жанашырлықпен қара­мау деректері жиі кездесетіні рас. Миллион­дап айыппұл төлейді. Жағдай тағы қайта­ланады. Атыраудың басты байлықтарының бірі саналатын балық қырылып қалған кезде көпшіліктің басына келген әуелгі ой да осылай болды. Мұны белгілі эколог-ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұфтах Диаров та жоққа шығармайды. «Өзендегі балықтардың өлуіне табиғи-антропогендік факторлар әсер етуі мүмкін, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға салғырт қарауларының да салдары болуы ықтимал», дейді академик. Жайық арнасының тарылып, түбі тайыздалып, суы ластанып бара жатқаны жайлы мәселе бұрыннан бар. Өткен жылы «Жайық-Каспий» бассейнінің және Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің түптерін тереңдету жұмыстары басталды. Өңірдің экологиялық жүйесі үшін аса маңызды бұл шараға біраз қаражат бөлінді. Облыстық балық шаруашылығы басқармасы құрылды. Балық өнеркәсібіне қатысты жаңа жобалар қолға алына бастаған мезетте осындай жағдайдың болуы әрине, көңілді түсіреді.  «Атыраудағы экологиялық ахуалдың оңалмауына кәсіп­орын­дардың өндірістік қалдық­тары, сарқынды лас сулар кері әсе­рін тигізіп отыр», дейді М.Диаров.  Ғалым бұл ретте өткен ғасыр­дың орта тұсында салынып, бүгін­ге дейін қолданылып отырған «Са­­сықсай» полигонының пайдасынан зияны көп екенін айтады. Булану алаңында 70 млн текше метрге жуық лас сұйық қалдық жинақталған. Жерасты суларына жүргізілген зерттеулер мұнай өнімдерінің концен­трациясы, күкіртсутегі мөлшері шамадан асып кеткенін көрсетіп отыр. «Қай күні екенін тап басып айта алмағаныммен, түбін­де «Сасықсайдағы» лас сулар­дың Жайық пен Каспийдің жаға­лауларына құйылуы әбден мүмкін. Оның алдын алу үшін булану алаңының батыс бөлігінен Жайыққа дейінгі аралықтағы гидрогеологиялық ұңғымаларды бұрғылау керек», дейді ғалым. Бұл мәселе де жақын жылдары шешілер деген үміттеміз, өйт­кені облыс ор­талығында жаңа кәріз суын тазарту кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қазір кәріз суы «Сасықсайға» жеткенге дейін тазартудың толық сатысынан өтпейді, бұл өз кезегінде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға кері әсерін тигізіп отыр­ғаны анық. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың айтуынша, нысан биыл жыл соңына қарай іске қосылады, сол кезде «Сасықсай» да жабылады. Ака­демик айтып отырған қа­уіп-қа­терлер де жорамал түрінде қал­са игі.  Эколог Бостан Сүлейменов те ба­лықтардың өлуіне өзен суын­дағы өндірістік қалдық­тар­дың кесірі тиді деген пікірде. «Біз уақыт өткізіп алд­ық, сол се­бепті балықтың нақты не­ден қы­рыл­ғанын анықтау оңай емес. Мәселеге біржақты қарауға болмайды», дейді ол. Жайықта балық қалды ма? Бұл сауалға да жауап беру қиын. Жайықтың тазалығы – судағы тіршілік иелеріне ғана емес, осы өңірде өмір сүріп жат­қан жұрт үшін де нөмірі бірінші проблема. Сондықтан да болып жатқан жағдайға бей-жай қарамаған жергілікті тұр­ғындар өзенді өлі балықтан тазарту жұ­мысына атсалысып жатыр. Өт­кен жексенбіде өзен жаға­лауына шыққан 150-ге жуық атыраулық су бетінде қалқып жүрген 1,3 тонна балық жинады.  – Мексика шығанағында мұ­най төгілген кезде жағалауды өлі балықтан тазартуға жергілікті тұрғындар мен фермерлер қатыс­қанын көрдік. Бүгін бізде де жұрт­шылық су айдынын тазартуға ниет білдірді. Бұл – халықаралық тә­жірибе. Өзіміз өмір сүріп жатқан ортаның қауіпсіздігіне өзіміз жа­уапкершілік пен қарамасақ, та­за­лықты қамтамасыз ете алмаймыз, − дейді ұйымдастырушы-ерік­­тілердің бірі Шынар Ізтелеуо­ва.  Облыстық балық шаруашы­лығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы өзенді тазарту шараларына «Арнаулы автобаза» ЖШС қызметкерлері мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары ғана емес, жергілікті тұрғындар да қатысып жатқанын айтады. «Бұл бастамаға қуаныштымыз, адамдардың табиғатқа, Жа­йық­қа деген жанашырлығын, қол­дарынан келетін көмектерін аямайтынын көрдік», дейді ба­сқар­ма басшысы.  Балық өлекселері жиналып, актіленген соң жойылған. Ал бар­лық мәлімет қылмыстық істер­дің ма­териалдарына тір­келді. Алдағы күндері өзен мұздан толықтай тазарады, арнаны тазартумен балық аулау кооперативтерінің тәжірибелі мамандары айналысады. «Атамекен Эко» қоғамдық қорының жетекшісі Арман Хай­руллин бұл іске еріктілердің ара­ласқаны дұрыс болғанымен, су айдынын толық тазартуға күш жет­кіліксіз дейді. «Қазір Жайықтың қайраңында және жағасында мыңдаған тонна өлген балық жатыр. Егер оны күн жылығанша жинап үлгермесек, өлекселер саси береді. Ішіп отыр­ған суымыздың санитарлық жағ­дайы нашарлайды, кінәліні тапқанша қол қусырып қарап отырмауымыз керек», деді қоғам белсендісі.  Облыстық қоғамдық ден­сау­лық сақтау департаменті бас­шы­сының орынбасары Аман­тай Жұмағалиевтың айтуынша, Жайық өзенінің түрлі нүкте­лерінен күн сайын дерлік сына­малар алынады. Санитарлық нормадан ауытқу анықталмаған. Бір көңілге медеуі, судан немесе балықтан улану дерегі тір­келген жоқ. Ветеринарлық қыз­мет пен полиция өкілдері сауда орындарындағы балық өнімдерін бақылауда ұстап отыр.  Өткен жылы өңірде 7 277 тон­на балық өнімі өңделген еді. Әне-міне дегенше көктемгі балық аулау маусымы да басталады. Биылғы көрсеткіштің қандай боларын болжаудың өзі қиын. Балық қырылуын тексеруге қатысты құ­рылған ведомствоаралық комиссия оқиғаның себеп-салдарын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатқанымен, әзір нақты қорытынды айтпады. Облыс әкі­мінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов: «Тергеу құпия­лылығын сақтау мақ­сатында кей­бір жайттарды жария ете алмаймыз. Ең бас­тысы, не болғанын хабарлау емес, Жайықты құтқару. Әртүрлі аран­датушылыққа және астыртын түрде кедергі кел­тірушілерге жол бер­меуіміз керек», деп атап өтті. Жа­йықтан жи­налып жатқан ба­лық­тар былтыр желтоқсанда өл­гені, жаңа деректер жоғы ғана мәлім.