Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ МАМАНДАРЫН 8 НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ


11 марта 2019, 09:45 | 535 просмотров



«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай Астанадағы қалалық №1 аурухананың ару қызметкерлері мен Мамандандырылған балалар үйінің әйелдер қауымын арнайы барып құттықтады. 

Сондай-ақ ол елордадағы көпбалалы отбасылардың бірі Тоқымовтар шаңырағына да ат басын бұрып, мерекемен құттықтап шықты. Астана қалалық №1 аурухана шаһардағы ең көне медициналық мекемелердің бірі. Негізі 1925 жылы қаланған. Ал 2011 жылы ауруханаға 533 орындық арнайы жаңа ғимарат салынды. Соның нәтижесінде ол қазіргі таңда елордадағы заманауи көпсалалы клиникалық орталықтардың біріне айналып отыр. Мұнда емделушілерге бірегей жоғары технологиялық қондырғылардың көмегімен сапалы әрі жедел медициналық көмек көрсетіледі.

Аурухана басшысы Марат Әбдуовтің сөзіне қарағанда, мекеменің бірқатар қызметкерлері әлемнің жетекші клиникаларында біліктіліктерін арттырып, білімдерін жетілдіріп келген кәсіби мамандар. Медициналық мекеме 28 клиникалық бөлім мен хирургиялық, терапевтік, сондай-ақ, диагностика және даму орталығы сияқты үш блоктан тұрады. Ондағы әлемдік брендтердің өнімі саналатын эксклюзивті қондырғылар Еуропамен қатар АҚШ, Жапония сияқты дамыған елдерден әкелінген. Аурухананың «Nur Otan» партиясының игі бастамаларын үнемі қолдап, саяси ұйыммен тығыз байланыс орнатқанын да атап өткен жөн. Мұнда тіпті «Nur Otan»-ның бастауыш партия ұйымы да жұмыс істейді. Оның 140-қа жуық мүшесі бар. Жалпы 1100-ден астам қызметкер еңбек ететін ұжымда қыз-келіншектердің де саны айтарлықтай көп. Дегенмен, олардың бәріне бірдей мереке күндері еркін демалуға мүмкіндік бола бермейді. Өйткені халық денсаулығына адал қызмет ететін абзал жандар бұл күндері де жұмысқа шығып, өз міндеттерін орындауда. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары осындай жұмыс үстіндегі аруларды арнайы құттықтап, оларға гүл шоқтарын сыйлады. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Астана қаласындағы Мамандандырылған балалар үйіне барып, мекеме аруларын мерекемен құттықтады. Аталған балалар үйі 1933 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал 1986 жылы «мамандандырылған» санатқа өтіп, орталық жүйке жүйесінде ақауы бар балаларға ем-дом көрсетуге бейімделген. Мұнда жаңа туған нәрестеден бастап 4 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. Жетімдіктің алдын алу және баланың биологиялық отбасын сақтау мақсатында 2012 жылы арнайы бөлім ашылған. Осы ретте бұл нысанда да «Nur Otan»-ның бастауыш партия ұйымы жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Мекеменің қыз-келіншектерін мерекемен құттықтаған Мәулен Әшімбаев елімізде Елбасының тапсырмасымен әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Сондай-ақ ол партия тарапынан да бұл бағытта көптеген игі істер қолға алынғанын және таяуда өткен кезекті XVIII съезде қабылданған 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламада да әлеуметтік салаға басымдық берілгенін тілге тиек етті. «Балалар мен жетімдерге жағдай туғызу бұл қоғам дамуының көрсеткіші. Осы арқылы мемлекетіміздің дамуы мен әлеуметтік бағдары жайында сенімді түрде айта аламыз. Біздің партия отбасыларға, әйелдер мен балаларға аса қатты мән береді. Партияның және өзімнің атымнан балаларға бөліп отырған махаббат пен мейіріміңіз үшін Сіздерге алғыс айтамын. Тәрбиелеп отырған балалардың Сіздерді мама деп атайтынына куә болып отырмыз. Сіздер өте маңызды жұмысты атқарып жүрсіз, — деді Мәулен Әшімбаев мекеме қызметкерлеріне. Қазіргі таңда елімізде көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету жұмыстары ерекше екпінмен жүргізіліп жатқаны белгілі. Соған орай Мәулен Әшімбаев бас қаладағы сондай отбасыларының біріне арнайы барды. Тоқымовтар отбасында 6 бала бар. Оның төртеуі қыз бала. Олардың алды аяқтанып, отау құрса, кенжелері 9 жаста. Отағасы Жәнібек Серікұлы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде еңбек еткен. Бүгінде зейнет демалысында. Ал бар ғұмырын бала тәрбиесі мен үй шаруасына арнаған Майра Қостаубайқызы «Күміс алқа» иегері. Бір қызығы, Майра Қостаубайқызының өзі де көпбалалы отбасынан шыққан. Оның анасы Нұрила Жетпісқызы «Алтын алқа» иегері.  Әулеттегі әйел азаматтарды көктемнің шуақ шашар мерекесімен құттықтаған «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары партия тарапынан көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетуге арналған бастамалар жайында айтып, Елбасы тапсырмасымен «Бақытты отбасы» жобасы қолға алынғанын жеткізді.

Автор:
http://kazgazeta.kz