Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тозған «жедел жәрдемді» ескі бөлшекпен жөндеу


28 февраля 2019, 04:12 | 1 726 просмотров



Науқасқа жәрдем көрсететін көліктердің өзі жәрдемге мұқтаж… Өскемендік жедел жәрдем станциясы жүргізушілерінің қазіргі уайымы осы.

Әрине, жолда бәрі болуы мүмкін. Бірақ, қандай сын сағатта да сақадай сай тұруға тиіс «жедел жәрдем» көлігінің бұзылғанын… естімеген сияқтымыз. Мұндай жағдайдың болуы мүмкін екенінЕуразия арнасы арқылы дабыл қаққан өскемендік жедел жәрдем станциясының автомобиль жүргізушілерінің сөзінен білдік. «Адам өмірін сақтау үшін алдымен тозығы жеткен машиналарды құтқару керек», дейді олар.

Олар күніне 5 көлік шықыртумен бара жатқан жолда істен шығып қалатынын айтады. Ал, станцияда барлығы 20-25 көлік бар. Енді есептей беріңіз, күніне бесеуі бұзылса, бұл көліктердің ішінде сауы жоқ деген сөз ғой. Ең қиыны да сол, күн сайын бұзылатын көліктерді жүргізушілер өздері жөндейді. Өйткені, көлік жөндейтін маман атымен жоқ. Азғантай жалақы үшін көлік айдап жүргендері бір бөлек, түннің бір уағына дейін бұзылған тетіктерді жөндеуге анау-мынау адам төзбесе керек. Өскемендік «жедел» көліктің жүргізушілері де енді шыдамаймыз деп отыр. «Бұдан артық төзу мүмкін емес», дейді олар.

 — 5-6 машина сынады, ескі машиналар. Тәулігіне 18-22 шақырту аламыз. Түскі асқа үлгермейміз. Шақырту көп дейді. Түскі асқа кешкі 4-5-те әрең келеміз. Кешкі асты түнгі 12-1-лерде ішеміз. Солай жұмыс істейміз. Машина сынса, амал жоқ, өзіміз істейміз”, – дейді көлік жүргізушісі Дәурен Елғазинов.

Тағы бір қиын шаруа – азынап тұрған көліктің ішінде күні бойы тоңып отыру. Мұның себебі, шақыртудан басқа кезде көлікті оталдыруға болмайды. Жанармай жетпей қалуы мүмкін. Олай болатыны, жанармай көлік жылытуға есептелмеген, тек жүрген жолыңа ғана бөлінеді.

Қарапайым көлік жүргізушісі үшін қаусаған көлікті күн сайын қатарға қосып отыру оңай шаруа емес. Бізде кім көп, жұмыссыз жүрген адам көп. Соған сеніп алған үлкенді-кішілі басшылар да қол астындағыларға қашан да немқұрайлы қарап үйренген. Станция басшылығы да солай, мінез көрсетіп, наразылық білдіргендерге «Жөндемесең жұмыстан қуыласың, ұнамаса кете бер», дейтін көрінеді. Мұндай болымсыз жалақыға бірнеше адамның міндетін атқарып жүре беруге көп ешкім төзбейді де. Тек, көнбістеу, зейнетақыға аз ғана уақыт қалған жұмысшылар. Зейнетке шыққан соң да ақша керек, амал жоқ, шыдауға тура келеді көп жағдайда (мұны біздің қазақстандықтар жақсы түсінеді).  

Бір қызығы, көліктер ғана емес, оны жамап-жасқайтын автобөлшектер де тозған, ескі-құсқы. Сол себепті де, «тозған көлікті ескі автобөлшектермен жөндегеннен пайда жоқ».

— Машинаны сынса өзіміз жөндейміз. «Запчастарды» әкеледі. Бірақ, сапасы жоқ. Сол салған «запчасть» жиі-жиі сына береді. Бізге «ремонтқа» ақша өте аз төленеді, – дейді тағы бір көлік жүргізушісі Талғат Хизин.

Көліктердің күнде бұзылуына ойқы-шойқы жолдар да аз үлес қоспайды. Оның үстіне, көліктер саны сұраныстан әлдеқайда аз. Оның күн сайын бұзылып жататындарын алып тастасаңыз одан да азая түседі. Ал, сөз жүзінде «сырқаттанғандарды тасып жүрген автомобиль саны 36 делінгенмен, іс жүзінде бар-жоғы 19-20 ғана», дейді. Оның да себебі бар болып шықты. Айтуларынша, 2017 жылы 13 көлікке облыс бюджетінен арнайы қаржы бөлінген, бірақ, әзірге жаңа автомобиль қарасын көрсете қоймапты.

Мұны станция басшылығы да растап отыр. Қалалық жедел медициналық көмек көрсету стансасының бас дәрігері Марат Ластаев бұл мәселе бойынша соттасып жүргендерін айады.

— 2017 жылы расымен жергілікті бюджеттен 11 автокөлік сатып алуға қаржы бөлінген болатын. Тендер ойнатылып, Шымкенттік “Казмедприбор” деген компания ұтып алған. Олар 145 күннің ішінде бізге көліктерді жеткізуі тиіс еді. Алайда, жұмыс істелген жоқ. Біз сотқа бердік. Сот процесі бірнеше айға созылып, біз жеңіске жеттік. Қазір сот орындаушылары бұл сұрақпен айналысуда.

Сотта жеңуін жеңген, бірақ, қаржы қайтарыла ма, жоқ па, ол да басы ашық әңгіме емес. Басшылық та бар үмітті сот орындаушыларына артып қойып, «тек күтуден басқа амал жоқ», деп отыр.

Автор:
zhasalash.kz