Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТІЛ: БАРЛЫҚ ЖОЛ ҒЫЛЫМҒА АПАРАДЫ


16 июля 2010, 09:37 | 1 692 просмотра



(Жалғасы. Басы өткен санда).

Ғалымжан ЕРМЕКБАЙ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тілдер кафедрасының меңгерушісі

- Аударма саласындағы істің ғылымнан басталатыны түсінікті дейік. Енді жоғарыда қайта айналып соғамыз деген мәселені қозғаудың реті келген сияқты. Ұлттық сананы ояту мен тіл полициясын құруды неліктен дәл қазір қолға алуға болмайды және оларды ғылыммен қалай байланыстырасыз?

- Қоғамдық сананы өзгерту мен тіл полициясын құру қоғамда әбден орныққан көзқарас. Тіл десек және «енді қайттік» десек, ең көп айтылатын үш ұсыныстың екеуі осы. Үшіншісі оқулық пен курстар ұйымдастыруға байланысты.

Әуелі қоғамдық сананы өзгерту жайлы. Бұл - күрделі құбылыс. Оны ұлттық рухты көтеру, намысты ояту түрінде айтсақ та - бір жолғы шара жайлы айтып отырған жоқпыз. Біз шектеусіз өмір сүретін ұлттық мінез, діл өзгерістерін айтамыз. Бірақ әлденені өзгерту туралы айту үшін ең алдымен сол әлдененің қалыптасу жолын білу керек қой. Мәселен, тіл мәселесін сананы өзгертумен шешкісі келетіндер «Өзбекстанның тілдік даму деңгейінен аса үлкен алшақтығымыз жоқ, ал тілдердің қолданысы әртүрлі, осыған себеп болған қоғамдық сананы біз де солардікіндей етейік» дер. Шынында бәрі солай қарапайым ба? Осыны түсіну үшін кішкене ізденіп көрсек, екі ел арасындағы айырмашылықтың ғасырлар қойнауына сүңгитінін көреміз. Яғни өзбек пен қазақтың ұлттық иммунитетіндегі айырма соңғы жылдары ғана қалыптасқан жоқ, ол бұдан бір, бірнеше ғасыр бұрын да болған. Мысалы, шетелдік «бейтарап» автор П. Хопкирктің кітабынан Орта Азияны орыстардың жаулап алуына отырықшы өзбектердің пушка атып, қарсылық еткенін, ал көшпенді қазақтардың қамсыздық танытқанын білеміз. Осы себептен кеңестік бір ұлттық саясат та біз бен біздің көршімізде екі түрлі із қалдырды. Ал тәуелсіздік жағдайында бұл елде ұлттық ділдің өзі ғана ұлттық тілді сақтап отырғанына куәміз.

- Сонда басты мәселе не болды?

- Басты мәселе - көз алдымыздағыдан басқаны, яғни кез келген мәселенің түпкі себебін көре білуде. Бұл тек тілге ғана қатысты емес. Мәселен, дамыған елдерде жер жеке меншікте болады деп жерді де үлестірдік. Бірақ ол елдердің тарихына үңілген жан санаулы. Мұндай мезгілі жетпеген шараларға сауатты экономистердің қоғамдық сананы оятуымен қарсы тұрсақ керек еді. Алайда экономика ғылымы алдын алу жұмысын атқара алмады. Өкінішке қарай, кешегі бөгеттің бұзылғаны сияқты зардаптар осындай ғылыми сауатсыздықтың да салдары.

Өзге елдер тіл мәселесін санамен, тіл полициясымен шешіп отыр деп сондай бола қалмақ - сабырсыздық және Абай айтатын басқа да қасиеттер. Тіл ғылымы аталған жолмен жүруге тиісті емес.

Біріншіден, ар жағы табиғат ерекшелігінен бастау алып, тұрмыс салтына орай ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық менталитетімізді өзгертумен тікелей тіл ғылымы айналыспайды. Ұлт санасын, мінезін түсінуге мүмкіндік беретін шынайы ұлт тарихын жазу, ұлт мүддесі үшін құрбан болған қайраткерлерді ұлықтау, сол арқылы бүгінгі қоғамдық санада сілкініс тудыру әуелі - тарих ғылымның міндеті. Ал тіл ғылымының тіл мәселесін шешу үшін басқа ешкім жүре алмайтын дербес жолы бар. Дәл бүгін тіл тәрізді тарих ғылымы да өзінің етек-етек мәселелерін шеше алмай отыр. Шешкен кезде тарихтың арқасында тіл ғылымы да өз мәселесін шешуді жеделдетуге мүмкіндік алады. Сананың тіл ғылымымен байланысатын негізгі жолы осындай ғана.

Осы тұрғыдан Мемлекеттік тілді дамыту қорының басты бағыты ә дегеннен тарихи жадымызды, рухымызды жандандыруға бағытталып кеткенін жақсы түсінеміз. Алайда барлық істе айқындылық, міндеттердің нақты иесіне жүктелгені қажет. Әйтпесе, қоғамдық түсінбеушілік туады, іс алға баспайды. Тарихи жадымен Мемлекеттік тілді дамыту қоры емес, Тарих қоры айналысуға, жоқ болса - қол жеткізілуге тиіс. Жоғарыда аталған

М. Ататүрк түрік тілін дамыту басталғанда Тарих қорын қоса құрған еді.

Екіншіден, мәселе осылайынан тұрғандықтан, тіл ғылымы сана өзгерісін күтпейді. Тіл ғылымынан бұрын оны тілден тыс, сыртқы факторлар күтпейді. Мәселен, болашақта халықаралық интеграция тек күшейе бермек, тілдік ахуалда озық тілдердің үстемдігі арта түседі. Бір ғана кедендік одақтың тілдік ахуалға тигізетін әсері жан-жақты зерттелуге тиіс. Тіл ғылымы заман талабына сай өз міндетін атқарып үлгермей отыр. Тілдерді дамытудың үстіміздегі онжылдық жоспарының негізгі мақсаты - қазақ тілін мемлекеттік органдарда үстем етудің орындалмауы - кешірілмес қателік.

- Дегенмен жоғарыдағы сұрақтың екінші бөлігін де аша кетсеңіз.

- Тіл полициясы дейсіз ғой. Бұл мәселенің қазір қолға алатын шаруа еместігін түсіну тіпті қиын емес. Жоғарыда аудармадағы қиындықтардың бірі тілдің ішкі мәселелерінің толық зерттелмеуі деп едім. Тілдік мәселелердің жеткілікті зерттелмеуі, ережелердің жоқтығы тек аудармашылар дайындауда ғана қиындық тудырмайды. Ол сондай-ақ қаладағы барлық дыбыстық, бейне және басқа көрнекі ақпараттық безендіруде, халыққа қызмет көрсетуде, тауарлардың заттаңбаларын, оның ішінде дәрі-дәрмектердің нұсқаулығын толтыруда, басқаша айтқанда, тіл әлдебір түрде қатысатын барлық жерлерде қиындық тудырады. Яғни сіздің қолыңызда қазақ тіліндегі ақпаратты қатесіз, дұрыс стилде берудің барлық нормалары жоқ. Мәселен, тек терминдерді дұрыс таңдау немесе аудару барысында қалыптастыру ғана көп талас тудыратын мәселе. Ал соңғы 2007 жылғы орфографиялық сөздік қамтымайтын сөздердің дұрыс жазылуын қайдан көреміз? Оларды дұрыс жазу қағидаттары түгелденген жоқ қой.

Осындай даулы мәселелердің барлығын Тіл полициясы тексеретін болады! Полиция мамандары өздері білмейтін нәрсеге қалай төрелік айтады? ГОСТ-ты МСТ, МемСТ яки сол күйінде жазған тағам сипаттамаларына кезіккенде-ақ саспай ма? Сондықтан тілдің көкейкесті мәселелерін зерттеп, ережелемей тұрып, полиция құру, қателерге айыппұл салу сияқты әңгіме айтуды доғарайық.

Оқулық сапасы да тілдің зерттелуіне байланысты. Қазақ тілінің зерттелмеген мәселелері көп. Өте көп. Мысалы, негізгі заңымыз үндестікке бағынбайтын кірме сөздердің толық тізімі де жоқ. Тілдің өзі тікелей және шет тілдерімен салыстырылып толық зерттелмеген жағдайда сол тілді түсіндіретін сапалы оқулық ешқашан жазылмайды.

- Иә, сөзіңізді қостамасқа амал жоқ. Десе де бүгінгі бар ғылыммен атқаратын шаралар да көп шығар. Мәселен, интернетте қазақша сайттар ашу, теледидарда тіл туралы хабарлар беру, қазақша хабарлардың санын арттыру, арна ашу, газет-журналда қазақ тілін насихаттау?

- Әрине, белгілі бір шаралар жасалады. Бірақ осы шаралардың барлығы - бізді түпкі мақсатқа жеткізуге тиіс қаржыландырылатын шаралар, яғни «сенген қойларымыз». Сондықтан әрбір шараның пайдалылығын әртүрлі жағдай үшін жеке-жеке салыстырып анықтаудан қашып құтыла алмайсыз. Мәселен, интернет сайттарын қазіргі уақытта көбейту керек дейік, алайда ондағы ақпараттың, яғни контенттің кәдуілгі газет-журнал материалынан айырмашылығы жоқ. Ендеше, газет-журналдар сияқты олар да белгілі бір деңгейде тұрақтағанша дами береді. Содан кейін әңгіме басында айтқан біліми, ғылыми ақпаратқа деген зәрулік мұнда да шығады. Интернетте жасақталып жатқан қазақша ашық энциклопедия осы зәрулік үшін жасалған алғашқы қадамның бірі. Тағы да сол қазақша ақпарат тапшылығынан ол кеңейер емес, негізгі мәселені шешпесек - кеңеймейді де. Қажетті ақпаратсыз интернеттен қазақ тіліне пайда шамалы.

Қазақша ақпарат тапшылығы мәселесі теледидардағы қазақша хабарларға, арналар ашуға да қатысты. Қазақша ғылыми-техникалық журнал саусақпен санарлық жағдайда оларды қандай пайдалы ақпаратпен толтырасыз?

Міне, қазақи құндылықтарымыздың қайсысын алсаңыз да ол қазақша ақпаратқа, ал ақпарат ғылымға барып тіреледі. Тіл жайлы хабарларға да тек осы тұрғыдан қарау керек. Олар тіл мәселесін әр қырынан қазып, түбінде барып тірелетін жерін айта беруі керек, айта беруі керек. Олар тіл мәселесі әуелі ғылым мәселесі екенін қоғамға үсті-үстіне дәлелдеуге тиіс. Сонда ғана олар нәтижелі болмақ. Әйтпесе тіл мәселесіне терминдерді талқылаумен үлес қоспақ болған бұрынғы «Тілдің» де, тексеріске құрылып, «мерзімінен ерте туған» ендігі «Тіл сақшысының» да пайдасы аз. Хабардың пайдасы оның «жоғымен» салыстырғандағы пайдасымен емес, оның орнында болуы мүмкін пайдалырақ хабармен салыстырып анықталады.

Айтпақшы, терминдер мәселесі, бүгінгі қойылысындай, тілшілер мен салалық мамандар жиналып шешілмейді. Терминдер сөздігін том-томдап шығармай тұрып терминологияның ішкі заңдылықтарын, термин түзу қағидаттары мен өлшемдерін жүйелі түрде зерттеу қажет. Он азатжолмен емес, он томдап. Бұл болашақта тілді заманауи ақпараттық технологиялармен дамытуда бір істі екі етпеу үшін, терминдер ішіндегі үлесі барған сайын көбейе беретін салааралық терминдермен шатасып қалмау үшін керек.

Ал кісі аттарын дұрыс жазу мәселесі ғана қаншама уақыт сөз болып келеді десеңізші! Кейбіреулер Үкіметке үміт артады. Кешіріңіз, бұл - таза ғылымның жұмысы. Аса қиын емес осы қарапайым нәрсенің де шешілмеуі - ғылымның өмірден қол үзгенінің айғағы. Ережеңіз дайын болса, Үкімет қаулы шығармаймын деп отырған жоқ болар.

Үлкен қаржы жұмсап, тілді бос насихаттауды барынша шектеу қажет. Біріншіден, тілге атқарылған нақты шара жайлы хабарлаудан, оны қоғамның шындық өмірде сезінуінен артық насихаттың керегі жоқ. Жеңістің де «жарамдылық мерзімі» бар, ал ештеңеге алып келмейтін насихат қоғамға әсер етпейді. Екіншіден, әлдебір игілікке қол жеткізесің деген үгітпен үйреткен тілдің ғұмыры қысқа. Жасанды нәтиженің көрінбейтін зардабы бар. Тілді үйрету үшін бізге әуелі тіл мүмкіндігін көрсету керек.

(Жалғасы келесі санда).

Автор:
Сұхбаттасқан Р. АЛТАЙ