Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ДӘРІЛЕР ӨЗІМІЗДЕ ЖАСАЛАДЫ, БҰЛ ОТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ ӨРКЕНДЕУІ


16 июля 2010, 09:35 | 1 935 просмотров



“РОМАТ” фармацевтикалық компаниясының президенті Тұрарбек РАҚЫШ:

– Тұрарбек Әмірханұлы, жалпы осы компанияны құрудағы мақсат неден туындап еді?

– Кеңестік жүйе ыдырағаннан кейін елімізде дәрі-дәрмекке үлкен зәрулік туындады. Біздің еліміз сол кездерде халықтың дәріге деген сұранысының 3 пайызын ғана жергілікті өнімдермен жауып отырды. Сол кезде арнайы компания құрғанымыздың септігі бүгін елімізге тиді-ау деп ойлаймын. Сөйтіп, бүгінде үлкен холдингке айналған “Ромат” фармацевтикалық компаниясы 1992 жылы шағын аптека негізінде құрылды. Басты мақсатымыз – Отандық дәрі-дәрмектер өндіретін жаңа саланы қалыптастыру еді.

– Осы жылдар аралығындағы жетістіктеріңіз қандай? Компания бәсекеге қабілетті бола алды ма?

– Бұл күндері компанияға қарасты үш зауыт та толық деңгейде жұмыс істеп, бәсекеге қабілетті кешендердің қатарында халыққа қажетті дәрі-дәрмектер, медициналық жабдықтар шығаруда. Мысалы, облыс орталығындағы медициналық зауыт үш бөлікті, бір рет қолданылатын шприц шығаруды 130 миллион данаға жеткізіп отыр. Бүгінде ол үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ ТМД елдерінде тұңғыш рет туберкулезге қарсы қолданылатын дәрілер шығаруды қолға алып отырмыз. Жалпы өнім өндіру көлемі осы уақыттың ішінде 2-3 есе ұлғайды. Компанияның мақсаты – сапалы, бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие өнім шығару, халықтың қажеттілігін өтеу. Осыған орай, мемлекеттік сапа менеджмент жүйесі ІSO-9001-2001 енгіздік. Яғни, халықаралық талаптарға сай жұмыс жасаймыз. Осыдан үш жыл бұрын елімізде Ғылым қоры құрылып, Үкімет бұрынғыдай маңызы шамалы ғылыми бағыттарға бюджет қаржысын шығындамай, ғылыми жоба ұлттық маңыздағы жаңалыққа, жаңашылдыққа ие болса ғана қолдау білдіретін болды. Сол жолы 70 жоба ұсынылып, соның ішінде 5 жоба ғана таңдалып алынды. Олардың бірі – біздің “Ромат” фармацевтикалық компаниясының ғылыми-зерттеу институты. Бұл біздің компанияның ғылыми негізде дамып келе жатқанын, жаңа технологияларды өміршең етуде барлық мүмкіндіктеріміздің бар екенін көрсетеді.

– Еліміз бойынша өкілдіктеріңіз бар ма? Шетелдерде ше? Олармен қандай байланыс жасайсыздар?

– Біздің холдинг құрамында дистрибьютерлік орталық, аптекалық және логистикалық жүйе, жоғарыда айтып кеткендей, үш зауыт, еліміздің қалаларында орналасқан 18 филиалымыз бар. Сондай-ақ 2006 жылы Пекин қаласынан осындай бөлімше аштық. Алдағы уақытта тағы да бір бөлімшені Мәскеу қаласында ашу ойымызда бар. Бүгінде компанияның барлық жұмыстары компьютерлендірілген, жер-жердегі құрылымдармен жедел байланыс орнатылған. Алыс, жақын шет елдердің 140-тан аса фирмаларымен тығыз байланыс орнатып, олармен ұзақ мерзімдік келісімдер жағдайында бірлесіп жұмыс жасап келеміз. Мысалы, Швейцария, Берлин-Хеми, “Солвей Фарма”, “Ланнахер”, “Рациофарм,” “Шварц фарма”, Германия, Пфанзер Люксембург, Ресейдің “Новосибхимфарм”, Австрияның “Никомед”, Францияның “Анселл”, АҚШ-тың “Пфайзер”, Словенияның “Лек” сияқты әлемге әйгілі ірі компанияларының ресми дистрибьюторы болып саналамыз. Өз елімізде “Роматтың” 40-қа жуық дәріханалары бар. Аталған дәріханалар бүгінгі талапқа сай жабдықтарымен, кәсіби біліктіліктері жоғары мамандарымен ерекшеленеді. Өткен жылдан бастап аз қамтамасыз етілген отбасылар, көп балалы аналар, зейнеткерлер мен мүгедектерге арналған “Әлеуметттік дәріхана” атты арзан бағалы дәрі-дәрмектер ала алатын жобаны іске асыруға кірістік.

– Сонда дәрі-дәрмектердің, яғни препараттардың қанша түрін өндіресіздер? Кәсіпорында қанша адам жұмыс жасайды? Дәрі жасайтын білікті мамандар қайдан келеді?

– Біздің зауыттар қазіргі кезде дәрі-дәрмектердің 200-ден аса түрін шығаруға қол жеткізіп отыр. Кәсіпорын зауыттарында түйірленген және капсулалы дәрі-дәрмектер, инфузиондық сұйықтықтар, ферменттік препараттар және тағы басқа адам денсаулығына қажетті өнімдер шығарылады. Компанияда 1300-ден аса адам еңбек етеді. Әрине, мамандардың көпшілігі еліміздің жоғары оқу орындарын бітірген жастар, олардың үлес салмағы 80 пайызды құрайды. Сондай-ақ бұл салаға шетел мамандарын да жұмысқа тартып отырмыз.

– Өзіңіз осы салада көптен қызмет істеп келесіз. Отандық фармацевтикалық индустрияның қазіргі деңгейіне қандай баға бере аласыз?

– Әрине, отандық фармацевтикалық өндірісінің жағдайы әлі де даму үстінде. Бүгінгі міндет – нарықтық жағдайға бейімделген өндіріс жүйесін жетілдіріп, жаңа технологияларды меңгеріп, жоғарғы стандарттарға сай келетін кәсіпорындарды дамытып, Елбасының алдымызға қойған маңызды шешімдерінің бірі –отандық дәрі-дәрмектерді өндірудің өзара салмағын тұтыну рыногының 50 пайызына жеткізу екені белгілі. Бұл өте жауапты міндет десем, еліміздің фармнарығының жылдам өсуін осы саланың нарықтық экономикаға бейімделуімен және әлемдік нарыққа қарай бет бұруымен түсіндіре аламыз. Сондай-ақ, мемлекеттің денсаулық сақтау саласына назар аударуы да жақсы ықпал етті.

– Шприцтер жасау үшін шикізатты қайдан сатып аласыздар?

– Оңтүстік Кореядан алатынбыз. Инелер жапондық. Дәрі еккен кезде мүлдем ауыртпайды. Шприцтер немістердің жоғары сапалы плесс-формаларында жасалып, кореялық медициналық жабдықтарға оралады. Бұл шприцтер В гепатитінің алдын алады. Ал бүгінде Павлодар мұнай-химия зауыты полиэтилен шығаруды қолға ала бастады. Соңдықтан біз олармен шартқа отыруға дайынбыз. Бұл өте тиімді, әрі өнімнің өзіндік құнын төмендетуге әсер етеді.

– Биыл қолданысқа енген Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесіне байланысты не айтар едіңіз? Өзіңізге белгілі, жуырда Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының жобасы жарық көрді. Бұл жөнінде не дейсіз?

– Аталған жүйе халықтың денсаулығын сақтауда, емдеу шараларының тиімділігін арттыруда нәтижелі болатынына сенімдімін. Өйткені, бұл емдеу орындарының, әрбір дәрігердің бәсекелестігін қамтамасыз етіп, олардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге зор әсер етеді деген ойдамын. “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты да осы. Яғни, денсаулық сақтау саласының бәсекелестік қабілеттілігін қалыптастыру, Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту және елдің әлеуметтік-демографиялық тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Еліміздің бұл биік мүддеге жететініне мен сенімдімін. Өйткені, біздің елімізде оның алғышарттары жолға қойылып отыр.

– Рахмет әңгімеңізге!

Автор:
Әңгімелескен Фарида БЫҚАЙ, “Егемен Қазақстан”.