Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Үйдегі дәрігер» – дәл жаныңызда


19 февраля 2019, 09:36 | 1 435 просмотров



Елордада бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жүйесі дамып келеді. Осы ретте «Үйдегі дәрігер» жобасының мүмкіндіктері айтарлықтай. Жобаға сәйкес тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан шағын дәрігерлік амбулаториялар жұмыс істейтін болады.

Жаңа жобаның бір ерекшелігі – оған арнайы жер учаскесін бөлу, клиниканы салу мен жабдықтауға бюджеттік шығындар қажет емес. Амбулаторияны ашу жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылады. Өткен жылы осындай 8 амбулатория ашылды. Қала құрылысының өсу қарқыны мен жоспарларын ескере отырып, әкімдік 2023 жылға дейін БМСК желісін дамыту жоспарын бекітті. Оған сәйкес қосымша 51 дәрігерлік амбулатория ашылатын болады. Жаңа қызметтің жайын білмек болып, Астана әкімдігінің №4 қалалық емхана шаруа­шылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының №6 отбасылық денсау­лық орталығына бардық.
Көп қабатты үйдің төменгі қабатында орналасқан жинақы жайдың табалдырығын аттаған сәттен-ақ үлкен емханалардағы қарбалас, қай дәрігерге бару керек деп жан-жағыңа алақтайтын әдеттегідей ахуалды көрмедік. Шағын әрі тып-тыныш. Бір-екілі кісілер есік алдындағы үйлестірушіден келген жұмысының жайын анықтап, дәліздегі жайлы орындық­тарға жайғасып, дәрігерге кезегін күтіп отыр. Осы орталықтың меңгерушісі Ұлбала Өмірәлиева 200-ден астам шаршы метрде орналасқан амбулаторияның күнделікті жұмысымен та­ныс­тырды.
– Соңғы кезде әкімдік тарапынан көп мән беріліп отырған мұндай амбулаториялардың артықшылығы барын ісімізбен дәлелдеп отырмыз. Жақын аймақта орналасқан көп пәтерлі үйлердің тұрғындарына қызмет етеміз. Осы күні бізде тіркелген жеті мың адамның 2300-і – балалар. Күніне екі ауысымда 80-100 адамға дәрігерлік қызмет көрсетіледі. Ересектер балаларымен бірге келіп, бір мезетте дәрігерге қаралып, кеңес алады. Басы ауырып, жүрегі сыздаса, алдымен жедел жәрдемді емес, бізді шақыратын болды. Осында жұмыс істейтін төрт дәрігердің байланыс телефондары – тұрғындардың қолдарында. Өзімізде тіркелген аяғы ауыр әйелдердің бәріне ортақ «чат» ашып, олардың күнделікті көңіл күйін бақылап отырмыз. Бала дүниеге келіп жатса, алдымен біз барамыз. Осыдан-ақ отбасының бір мүшесіне, се­німді көршісіне айналдық, – деді орталық меңгерушісі.
Жасыратыны жоқ, емханаға барудың, онда ке­зекке тұруды, бейтаныс дәрігер­дің шаршаң­қы түрін ойлағанда, дәрі­герге көрінудің өзі «бей­нет­ке» айналады. Содан да ауыра қалғанда емхананы айналып өтеміз. Үйде бар дәріні іше саламыз. Осылайша өз денсау­лығымызға салғырт қарауға мәжбүрміз. Ал шағын амбулаторияның ерекшелігі – дәрігерге жұмысқа бара жатып та соға кетіп, қан қысымын тексеріп, ағзадағы қант мөлшерін де анықтап, жүрек соғысын да тың­да­тып үлгереміз. Таяқ тас­там жердегі емханаға жылдам жетіп, тез көрініп, керек шипагердің кеңесін алып, жарты жүйкесі жұқармай, әрі қарай емделіп кетуге де зор мүмкіндік.
– Алты айдың көлемінде халықтың жедел жәрдем шақыртуын азайттық. Жиі кездесетін инфаркт, инсульттен болатын өлімнің азаюына әсеріміз бар. Қалай десеңіз, тұрғындар алдымен бізге хабарласады. Жақын жерден жетіп барып, нау­қастың жайын білеміз. Қажет болса ғана жедел жәр­дем шақыртамыз. Ал науқастың дерті қатерлі болса нышандарынан бірден біліп, инфаркт, инсульт орталықтарына тікелей жеткізуді табыстап, жедел жәрдемнің ауруға бөлетін уақытын қысқартамыз. Мұндай кезде алғашқы сағаттар адам өміріне араша болады. Осылайша халықтың медициналық мекемелерге деген көзқарасын, дәрігерге қаралу мәдениетін өзгертіп, қызмет сапасын көтеріп жатырмыз, – деп ойын түйіндеді дәрігер.

Автор:
www.astana-akshamy.kz