Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тема: ГКП на ПХВ "Капшагайская городская больница"

АИТВ жұқпасы бизнесіңізге әсер етпейді


19 февраля 2019, 05:42 | 1 416 просмотров



Жуырда Қапшағай қаласы әкімдігінің кіші мәжіліс залында қала ширегіндегі бизнес құрылымдары басшыларының басын қосып, АИТВ жұқпасының алдын алу бойынша  кездесу өткіздік. Мақсатымыз айқын – індеттің алдын алу үшін не істеу керек және бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі мәселелері бойынша қандай шаралар атқарылуы тиіс?

Арнайы слайд көмегімен облыстағы эпидемиологиялық жағдаймен таныстырып, жұқпаның  берілу жолдары мен қауіпті жағдайларды болдырмауға көмектесетін мінез-құлық ережелері туралы әңгімеледік. «АИТВ жайлы шындық» атты ақпараттық фильм көрсеттік. Одан соң қоғамдық негіздегі әріптесім – «Оперейшн Мерси» ҚҚ психологы Гүлмира Баймұратқызы Ильясова аурудың әлеуметтік аспектілері жайлы сөз қозғап, екеуміз маман ретінде қатысушылар сұрақтарына жауап бердік.  

Айтайын дегенім, АИТВ жұқпасының алдын алу және емдеу саласындағы жетекші әлемдік мамандар мен ұйымдар АИТВ-ның берілу жолдары туралы білім деңгейі қауіпті мінез-құлық және АИТВ-мен сырқаттанушылық деңгейін төмендету үшін қажетті шарттардың бірі болып табылатынын анықтады. Сондықтан АИТВ/ЖИТС-тың алдын алудың басты құралы – дұрыс ақпаратты меңгеру болып қала береді. Шынында да, бизнес құрылымдарының басшылары мен кәсіпкерлерге айтарымыз: АИТВ/ЖИТС Сіздің бизнесіңізге ешқандай жағымсыз әсер етпейді. Біздің елімізде АИТВ жұқпасымен ауыру төмен деңгейде және экономика мен бизнесті жүргізуге еш әсері жоқ. Сол себепті АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың еліміздің өзге азаматтары секілді құқықтары бар, оларды жұмыстан босатуға немесе жұмысқа қабылдаудан бас тартуға жол берілмейді. Ал науқас адамды АИТВ-дан емдеуге байланысты ешкімнің қалтасынан ешқандай шығын өндірілмейді. Өйткені Қазақстанда АИТВ жұқпасын емдеу тегін және мемлекеттің кепілдігінде. АИТВ жұқтырған адамдар жұмыс бойынша өз әріптестеріне індетті жұқтыра алмайды және ұжым үшін қауіп төндірмейді.  Себебі АИТВ ауадан, қол алысу және құшақтау кезінде, жалпы дәретхананы, лифтті және басқа да қоғамдық орындарды пайдаланған кезде жұқпайды.

Алматы облыстық ЖИТС орталығының мамандары ынтымақтасуға дайын және аймақта орналасқан өндіріс орындары, компанияларда АИТВ жұқпасының алдын алу бойынша лекциялар, семинарлар және әңгімелер өткізуін жалғастыра береді, ал барлық бизнес-жетекшілерді АИТВ жұқпасының алдын алу бойынша әлеуметтік зерттеулер көрсетуге шақырады.

Кездесу соңында Алматы облысы Кәсіпкерлер Палатасы Қапшағай қалалық филиалының өкілі В.Ертлеуова пайдалы ақпарат бергені үшін дәрігерлерге алғысын білдірді. Ал қоғам үшін маңызды мәселеге бей-жай қарамаған 21 басшы  АИТВ/ЖИТС тақырыбы бойынша білімдерін тексеру сауалнамасын толтырды. Қатысушыларға 400 АОҚ және 50 ескертпе таратылды.

 

Автор:
Гүлмира ЖАҚАНОВА, Алматы облыстық ЖИТС орталығының эпидемиолог-дәрігері