Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Кенеден сақтану керек


16 июля 2010, 09:33 | 10 492 просмотра



Жаз мезгілінде көкке шығып демалушылар да, суға түсушілер де көбейетіндігі белгілі. Көп жағдайда қауіпсіздіктің алдын алмастан опық жеп жататындардың баршылығы жасырын емес. Сондықтан да «сақтықта қорлық жоқ» деген қағиданы жанымызға жақын ұстағанымыз абзал. Соңғы уақытта кене жәндігінен сақтану шаралары жайлы аз айтылып жүрмесе де, сіздердің назарларыңызға қауіптен сақтану, алғашқы көмек түрлері жайлы әзірленген қажетті мақаланы ұсынып отырмыз.

Кенелер буын аяқты қансорғыш жәндіктер, адам өміріне өте қауіпті – ол Қырым қанды безгегі, кене энцефалиті, туляремия, Сырдария безгегі сияқты жұқпалы ауруларды таратады. Қансорғыш буынаяқтылар адам мен малдарға көктем мен ерте жазда шабуыл жасайды. Кенелер теріге байқатпай, яғни, ауыртпай жабысады. Жұқпалы ауру адамға кене шаққан кезде ғана емес, оны денеден сығып немесе киімге жабысуынан сақтану керек. Егер кене денеге қадалып үлгерген болса, онда оны ажыратқан жөн немесе спирт, иіс су, лосьон тамызуға болады. Вазелинді да қолдануға болады. Түсіріліп алынған кенені ыстық суға салу керек немесе өртеп жіберген дұрыс. Кене шаққан жерді иодпен, спиртпен жақсылап сүртіп, қолды сабындап жуу керек.

Кене шаққаны туралы дәрігерге уақыт өткізбей хабарлау керек. Кене жоламайтын «Тайга», «Лесная» сияқты майлы заттарды қолдануға болады. Креолин және лизол сияқты май дәрілерінің ерітінділерін түнде жататын жерлерді, мал қораларды өңдеу үшін қолданған жөн.

Күн жылынып, жер көгере бастағаннан-ақ қалалықтар мен қала меймандары тауға шығуға, көгалға демалуға ағыла бастайды. Мұндай жағдайда таза ауада тынығушыларға, саяжайда жұмыс жасаушыларға, малды күтiп, баптаушыларға, жемiс-жидек терушiлерге кенелерден абай болуын ескертемiз. Кененiң шағуы – адамды қауіпті ауруларға және көп жағдайда өлiмге апаруы мүмкiн. Кене үйге гүл шоғымен де, иттiң жүнiне iлесiп те келедi. Кененiң қауiптiлiгi сонда, олар адамның киiмiнiң астарына байқатпай кiрiп, денесiне қадалып алып сорғанда мүлде ауырмайды. Көп жағдайда адам кененi келесi күнi немесе тiптi одан да кейiн байқайды. Ауру сәуiр айынан қазан айына дейiн кездеседi, бiрақ ең қауiптi кезең – мамыр, маусым айлары. Өйткенi кененiң көбейетiн кезi – осы уақыт. Ауру белгiлерi, шаққаннан кейiн 2 аптадан (7-14 күн) соң бiлiне бастайды, кейде 1-2 күннен немесе 45 күннен кейiн бiлiнедi. Себебi, ол ағзаға түскен вирустың көлемiне байланысты. Көпшiлiк жағдайда аурудың жеңiл және орташа түрлерi кездеседi. Бұл жағдайда науқас адамның дене қызуы 38 С-қа дейiн көтерiледi, басы қатты ауырып, бұлшық еттерi сыздайды. Бiрақ, оның ауыр түрлерi де кездеседi. Бұл кезде дене қызуы 39-40 С-қа дейiн көтерiледi, құсқысы келедi, мойнының, қолы мен аяғының бұлшық еттерi сыздап, ауыр тартады.

Кенелерден сақтану үшiн төмендегi ережелердi есте ұстағаныңыз дұрыс. Егер кенелер өмiр сүретiн қауiптi аумақта болсаңыз, ашық түстi киiм киiңiз. Шалбарыңыздың балағын носкидiң iшiне, жейдеңiздi шалбардың iшiне салып және мiндеттi түрде кененiң бар-жоғын бiлу үшiн бiр-бiрiңiздi мұқият тексерiңiздер. Егер денеңiзден кененi байқап қалсаңыз, саспаңыз. Кенеге өсiмдiк майын тамызу қажет. Кененiң тұмсығын жiппен орап алып, ырғақты қозғалыспен жайлап денеден шығарып алу керек. Кененi денеден күрт тартып алу – вирус жұқтыру қаупiн арттырады. Шаққан жерiн йодпен немесе спиртпен сүрту қажет.

Тез арада жақын маңдағы медициналық мекемеге барып көрiнiңiз. Сiзге қажеттi көмек көрсетедi. Кененi сақтап қойыңыз және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына көрсетiңiз. Олар кененiң қаншалықты қауiптi екенiн анықтайды.

Үй жануарларының жүнiн қырыққан кезде абай болыңыз. Өзiңiздi қауiптен қорғау үшiн қолыңызға резiңке қолғап киiңiз. Себебi, қауiптi вирусты жаншылған (кесiлген) кененiң қаны арқылы жұқтыруға да болады.

Алматы қаласы мен облыстың таулы аймағы, оның маңы кене энцефалитi ауруының табиғи ошағы болғандықтан, эпидемологиялық қауiп басым. Алматы қаласында жыл сайын кене энцефалитiмен ауырғандар тiркеледi. 2009 жылы 15 жағдай, 2008 жылы 24 жағдай тiркелiптi, оның бiреуi қайтыс болған. Сонымен қатар, кене шаққан малдың шикi сүтiн iшкен кезде немесе оларды қолмен мыжыған кезде кене энцефалитiмен ауыруы мүмкiн.

Кене энцефалитi – орталық жүйке жүйесiн зақымдайтын ауру. Ауру белгiлерi кене шаққаннан кейiн 1-2 аптадан кейiн немесе 30 күннен кейiн бiлiне бастайды. Аурудың белгiлерi: дене қызуы 39 С-қа дейiн көтерiледi, басы қатты ауырады, жүрегi айнып құсады, бұлшық еттерi сыздайды. Ауыр түрiмен ауырған дененiң бұлшық еттерiнiң салдануы мүмкiн, бұл өз кезегiнде мүгедектiкке әкелiп соғады. Аурудың алдын алу үшiн кенелер белсендiлiгi басталғанға дейiн кене энцефалитiне қарсы екпе алу керек. Ағзадағы иммунитеттi арттыру үшiн екпенi күздiң соңында немесе қыстың басында алған дұрыс. Егер денеге жабысып тұрған кененi байқасаңыз, уақыт өткiзбей күнi-түнi жедел көмек көрсететiн травматологиялық бөлiмшелерге қаралып, кене энцефалитiне қарсы иммунолобулин алу керектігі жөнінде дәрігерлер кеңес береді

Кененiң бәрi бiрдей ауру таратпайды. Дегенмен, вирус жұқтырғыш кене мен жұқтырмайтын кененi ажырату қиын. Сондықтан ең дұрысы, кененiң денеге жабысып, терiге тереңдеп енiп кетуiнен сақтанған жөн.