15 февраля 2019, 05:05 | 759 просмотров
Бүгінгі таңда қоғамда кең таралған ой-пікірлердің көп бөлігі ұрпақ тәрбиесіне келіп тіреледі. Белинскийдің сөзімен айтқанда: «Тәрбие – ұлы іс, онымен адам тағдыры шешіледі». Адам баласы дүние есігін аша сала өмірмен таныспайды, тек табысады. Өсе келе ортаға бейімделеді.Тәрбиені осы ортадан қалыптастырады. Анасының құшағына енген сәби сол кезде ортаның жылулығын сезеді. Ананың махаббатына бөленеді. Сәбидің жүрегіне ең алғашқы мейірімділік деген сезім қалыптасады. Әкесінің ержүрек, батыл баласы атанған тіршіліктің тірі бір бөлшегі осы кезде батылдықты ,еркелікті, аялауды, жақсы көруді жас жеткіншек кеудесінің түкпіріне тоқиды. Бір әкенің балаға берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды. Осылай бала ата-анасынан алғашқы тәрбиені ала бастайды. Мектеп табалдырығын аттап, сол тәрбиені мектеп мұғалімдерімен ары қарай жалғастырады. Қоршаған ортамен кеңірек танысады, олармен тіл табысады. Бесіктен дұрыс тәрбие көрген бала ары қарай ненің қара ,ненің ақ екендігін өзі-ақ байқап, болашақ жолын шатаспай тез табады. Ата-анасын аямай, дұрыс тәрбие алмаған бала өз баласына да дұрыс тәрбие бере алмайды. Адамгершілік құндылықтарды жоғалтпай ұрпақтан ұрпаққа жеткізу ұлт болашағының негізі болып саналады. Ата-анадан кейінгі балаға екінші ана мұғалім. Ол бала бойында қандай адамгершілік түсініктер қалыптасқанын, ол қандай жағдайда жүзеге асқанын зерттеп білу қажет. Оқушы жасындағы балаға адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы, өнер-білімге деген құштарлығы, үлгілі,өнегелі болуы ұстазға байланысты. Білім негізі мектепте қаланады десек, ұрпақ тәрбиесінің алдында ұлағатты ұстаздың жауапкершілігі орасан зор. Соңғы он бес жылда оған теледидардың да әсері қосылып отыр. Балалардың кітап оқуға деген құмарлықтары жыл өткен сайын төмендеп келеді, соның салдарынан телефильмдердің көптеген кейіпкерлері олар еліктейтін, ең беделді тұлғаларға айналды. Сонымен, отбасы мүшесіне айналған теледидар, балалардың тәрбиешілері қатарына қосылды. Балаға ұсынылған бейнелер оны «бала болу» міндетінен айырмаса, онда теледидардан еш қауіп жоқ» деген екен ағылшын психосарапшысы Дональд Винникотт.
Көгілдір экранның әсері ең алдымен көру мүшесіне емес, есту қабілетіне зиянын тигізеді. Ғалымдардың зерттеулерінше, бала теледидарды қарамай - ақ, маңында ойнап жүрген күннің өзінде назар аудару, принциптік ойды жұмылдыру қабілеті нашарлап, оның миында кереғар реакция жүреді. Тіпті теледидар басқа бөлмеде қосулы тұрса да бала оны естиді, сөйтіп ойнап жүрген, кітап оқып, үй жұмысын жасап отырған баланың миы тұрақты режимде керексіз ақпараттарды қабылдап, оны алаңдатады. «Көгілдір экран үйде күніне 90 минуттан артық қосылмауы тиіс» деген кеңес береді ғалымдар. Әрине, бұл көгілдір экранға мүлде жоламау деген әңгіме емес, оны орнымен пайдалануда. Теледидар – адамзаттың ұлы жетістіктерінің бірі. Көпшілік жұмыстан кейін үйге келіп таңдаған бағдарламаларын, сериалдарын рақаттанып көреді. Бір жаман жері – ол адамдарды үйге жіпсіз байлап қояды. Уақытының бәрін алады, онымен қоймай, денсаулығына залал келтіреді екен. Соның арқасында біз «Наурыз» сияқты жаппай тойланатын мерекелерге қатысуды ұмытып барамыз, қоғамдық, саяси, спорттық, мәдени шаралардың қайнаған ортасында жүре алмаймыз. Айналамызда болып жатқан барлық жаңалықтар мен әртүрлі оқиғалардың барлығын теледидар арқылы үйімізге әкеліп бергенін қалаймыз. Бірақ одан бізге зиянынан басқа, ешқандай пайда жоқ екенін де түсінуіміз керек.
«Қазақтың өздік ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау менің перзенттік те, президенттік те парызым»,- деп елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ұлттық тәрбиеге мән берді. Біз сол мақсатты іске асыру үшін ұлттық тәрбиенің негіздерін айқындап, тәрбие жұмыстарының ұлттық ерекшеліктерін бала бойына сіңіруге тырысамыз. Ал халық арасындағы көпірімізді зиян жағынан емес, зиялы қауым жағынан пайдаланайық.