8 февраля 2019, 04:04 | 5 550 просмотров
Қазақстандай жері шұрайлы, шөбі шүйгін өлкені мен әрқашан да мақтан тұтамын.Қазақстанның кең даласындай байтақ дала еш жерде жоқ шығар. «Отаның-алтын бесігің», «Отаны жоқтық – нағыз жоқтық»- деп дана халқымыз бекер айтпаған. Өз Отанын сүю, өз ана тілін ардақтау - әрбір азаматтың бірінші міндеті. Ал біздің халқымызда атамекенді ардақтау сезімі өте терең деп ойлаймын. Халқымыздың басынан қандай қиын кезеңдер өткенде де ата-бабаларымыз елімізді сыртқы жаудан қорғай білген. Өз елі үшін жанын да, барын да аямаған. Халқымыздың осы бір қасиеті жанымызға ана сүтімен тарап, ана тілімен дарып, ақ нанымен бекуі тиіс. Өйткені, Отан- біз үшін оттан да ыстық.
Атамекен, туған жер жайлы, оның табиғатының сырын, тарихи шежіресін, ондағы атақты адамдарын білу-сол өлкенің ұрпақтары үшін өтелмес парыз.Өйткені, Қазақстан мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей «Ауыл дегеніміз - сайып келгенде халықтың тұрмыс-салты, мәдениетіміздің, дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыз бен рухани тіршлігіміздің қайнары».Мұны ауылдық жерде өскен әр адам жақсы түсінеді.Өйткені, ауылда туып, ауылда өскен адам еңбекпен есейіп, жер мен елдің қасиетін терең ұғынады.Туған жер табиғаты әр адамның жүрегіне нұр құйып, өмірін жырға айналдырары хақ.Сол себепті де «Туған жердің түтіні де тәтті» көрінеді.
Әр дәуірдің топтан озған дүлділі, есімі ерекше аталар ел таныған дарынды тұлғалары болады.Сол сапқа жататын «Қабан жырау» өз заманында қатарластарынан ілгері озған,тынысы кең, сөз ырыс кені екендігін, ойдың өрнегін келістіре нақыштаған, ірі жыраулығымен танылып, замана жайлы терең толғауларды жырлаған әйдік жырау атанған ақын ретінде дәріптеліп келе жатқан киелі кісі.Он екі ата жалайырдың ішіндегі мырза руынан тарайтын Асанның баласы Қабылиса ақын-Қабан жырау. Жетісу өңіріндегі табиғаты көрікті Шаған тау қойнауының теріскей беткейіндегі Сарыой деген жерде қоныстанған. Менің кіндік қаным тамған жерім осындай әулие кісінің мекені – Қабылиса ауылы.
Шаған таудың басында «Ару қыздың» бейнесі 2500 метр биіктікте көз тартып тұр.Шаған таудың етегінде орналасқан «Жалғызбастау» деген әулие бастауымыз жанға дауа, емге шипасын береді.Шаған тауының бөктерінде «Қараңғы сай» деп аталатын күндіз күннің, түнде айдың сәулесі түспейтін сайымыз бар.Табиғаты өте шебер аңғарғанға.Әруақты ақын бабамыз Қабылисаның басқан жерінде, өмір сүрген елінде «Ақынның қара тасы» деп, аталатын Қабылиса бабамыздың бейнесі бар, өте ғажап, 4-5 қабат үйдің биіктігіндей алып бейне.
Қасиетті, туған жер! Бойымдағы бар жақсы қасиеттерім үшін мен саған қарыздармын. Қажырлық пен қайсарлықты құзды, шыңды тауың мен асау желің үйретсе, жомарттық пен ақпейілділікті мына жатқан жеміс талы сай-салаңнан үйрендім. Шыдамдылық пен байсалдылықты шетсіз де шексіз далаңнан үйрендім. Жаза берсем тарихы таусылмайтын, табиғаты көркем, қаймағы бұзылмаған ауылым алтын бесігім. «Көш жүре түзеледі» демей ме дана халқымыз. Ұлы баба әруағы бәрімізге жар болсын. Осы ауылда туып - өскеніме, Қабылиса атамның ұрпағы болғаныма өзімді мақтан етемін!