Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АИТВ жұқпасы жас талғамайды


8 февраля 2019, 10:01 | 1 106 просмотров



АИТВ жұқпасының алдын алу және ауру деңгейін төмендету үшін денсаулығымызға жауапты болуымыз керек.

Бүкіләлемдік экономикалық форумның қорытындысы бойынша Қазақстан АИТВ-инфекциясының таралуы төмен елдердің тобына кіреді: жалпы тұрғындардың арасында 0,1% жоғары емес және репродуктивті және еңбекке қабілетті тұрғындардың категориясына жататын 15-49 жас арасындағы таралуы 0,2% деңгейінен төмен. АИТВ барлық жағдайларының 90%-ы осы жас аралығындағы топқа тиісті.

АИТВ эпидемиясы 30 жыл бойында жалғасып келеді. Жыл сайын әлемде шамамен 2 миллионға АИТВ жаңа жағдайлары тіркеледі, 1 миллионнан астам адам АИТВ-мен байланысты себептен қайтыс болады.

            Алматы облыстық ЖИТС орталығында АИТВ-мен өмір сүретін 2181 адам есепте тұр. Соңғы жылдары жыныстық қатынас жолымен жұқтыру үрдісі байқалуда.. 2018 жылдың тоғыз айында жыныстық жолмен берілу 74 %-ға өсті. Бұл көрсеткіш әсіресе жауқазын жастарға тиесілі екені мазамызды қашырады.

Иә, жастар АИТВ жұқтыру бойынша әрқашан тәуекел тобына кіреді. АИТВ эпидемиясының даму тарихында «АИТВ – жастар ауруы» деген түсінік қалыптасқаны тегін емес. Жастардың жыныстық қатыстағы сауаттылықтарының аздығы, соңғы кезде бей-берекет жыныстық қатынастарға әуестенуі аталған топты АИТВ жұқтыратын топтар ішінде ең осал топ ретінде көрсетеді.

Бұл туралы жуырда Талдықорған қалалық №15 және №16 жалпы білім беретін мектептерінде және Балпық би ауылындағы Б.Құндақбаев атындағы №1 орта мектебінің мәжіліс залында өткен «АИТВ жұқпасының алдын алу» тақырыбындағы семинарда жете айтуға тырыстық.  

Жасөспірімдерге бұл жұқпаның берілу және алдын алу шараларын түсіндіріп, сақтануға үндеуді мақсат тұтқан іс-шарада дәрігер-эпидемиолог Р.Ақашева, эпидемиолог көмекшілері  И.Баймолданов, Д.Серікболатовтармен бірге аймақтағы соңғы эпидемиологиялық жағдайды таныстырып, сөзіміз дәлелді болу үшін арнайы бейнеролик көрсеттік. Сондай-ақ, туберкулез, менингококк жұқпасының алдын алу, МӘМС  қағидаттары да сөз болды.    

Негізгі мәселе – әрине, қоғам мен өмірімізге қауіп төндіріп отырған АИТВ жұқпасы жайлы жастарға жете айтып, санасына құю еді. Өйткені ауру айтып келмейді. Бұл аурудың арнайы емі жоқ, сондықтан барлық жүргізілген шаралар ауруды тежеуге және адам өмірінің сапасын шамалы болса да ұзартуға көмектеседі.
            АИТВ індеті ағзаның қорғаныш жүйесін зақымдайды. Оны жұқтырған адамдардың көпшілігі бірнеше жылға дейін өзінің ауырғанын сезбей, сау адамша жүруі мүмкін. Дертке шалдыққан адам тиісті ем алмаса, уақыт өте келе оның бойындағы бұл дерт асқынып, жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына (ЖИТС) ұласуы мүмкін. Яғни ЖИТС – бұл аурудың ең ақырғы сатысы. Алайда бұл туралы хабары аз болғандықтан, көпшілік АИТВ-ға шалдыққандарға үрке қарайды. Аурудың тұрмыстық жолмен берілмейтінін, тек инемен есірткі қолдану, жыныстық жол мен қан арқылы ғана тарайтынын біле тұра, қоғам қауіпті инфекция жұқтырғандардан іргесін аулақ салады. Сол себепті олар өздері туралы ешкімге айта бермейді. Еліміздің ешбір заңнамалық құжатында АИТВ дертіне шалдыққандар жұмыстан шеттетілсін деген талап жоқ. Алайда, біздің елде қауіпті инфекция жұқтырғандарды жұмыстан шығарып жіберу фактісі жиі тіркеледі.

АИТВ дертімен ауыратындардың 85 пайызы 20-39 жас арасындағы өмірге бейім адамдар екенін ескерсек, жұмыссыз қалу оларды әлеуметтік және психологиялық түйткілдерге әкеп тірейтіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан кез келген ЖИТС орталығының мамандары тіркеуде тұрған науқастар жайлы деректерді мейлінше құпия ұстауға тырысады.

Жалпы, еліміздің барлық облыс, қалаларындағы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталықтары АИТВ-ға шалдыққан науқастарды ЖИТС сатысына жеткізбеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. ЖИТС-тен әлі ешкім жазылған емес, өйткені оның шипасы табылған жоқ. БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өткен жылғы баяндамасына сүйенсек, соңғы 15 жылда бұл айықпас дерттен қаза тапқан жасөспірімдердің саны үш есеге артқан. 2014 жылы аталған ауру салдарынан он бес жасқа дейінгі 150 000 жеткіншек қаза тапты. Олардың 90 пайызы – Африка елдерінде тұрған өрімдер. Статистика көрсеткендей, ғаламшарымызда АИТВ жұқтырған 15 жастан жоғары 17,4 миллион нәзік жанды өмір сүреді екен.

Бүгінгі күні елімізде АИТВ жұқтырған әрбір науқасты емдеуге мемлекеттен жылына 500-900 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалады. Әрқайсысының дерті түрлі сатыда болғандықтан, ем әртүрлі деңгейде қабылданады. Айталық, біреуіне бір ғана дәрілік препарат жеткілікті болса, екіншісі екі-үш дәрі қабылдауы мүмкін. Сала мамандары дәрілердің нақты бағасын айтпағанымен, мемлекеттік бюджетке аз салмақ түсірмейтінін емеурінмен ұқтырады. Сондай-ақ, тіркеуде тұратындардың әрқайсысы алып жүрген емінің тиімділігін және иммундық жүйенің жағдайын бағалау үшін жылына кем дегенде екі рет зертханалық тексерістен өтіп тұрады.

Бірақ мамандар есірткі қабылдайтын науқастармен күресте дәрменсіз. Өйткені олар өз денсаулығына көңіл бөлмейді, науқас екенін біле тұра есірткі қолдануды тоқтатпайды. Ине арқылы жұқтырғандарды бақылау қиын болғанымен, инфекцияның жыныстық жолмен таралуын шектеуге болады. Теледидардан да, радиодан үздіксіз берілетін бейнероликтердің, мектептерде, жоғары оқу орындарында оқылатын дәрістер мен семинарлардың да мақсаты сол. Алайда көп адамдар ондағы айтылатын деректерді өздеріне қатыссыз деп есептейді. Жүргізілген сауалнамалар барысында жастар АИТВ туралы білгенімен, одан сақтану шараларын жасамайтындарын ашық айтады.  Сөйтіп, кездейсоқ қатынастар арқылы өз өмірлерін қауіпке тігетінін сезінгісі келмейді.  

Ғылыми әдебиеттерде АИТВ  жұқтырған адам отыз жыл өмір сүреді делінеді. Бірақ көріп отырғанымыздай, біздің еліміздегі науқастардың өмір сүру ұзақтығы бұдан әлдеқайда аз. Сондықтан  мейлінше кездейсоқ кездесу, қауіпті қатынастардан абай болу керектігі туралы айтудан шаршамаймыз. Науқастардың өмір сүру ұзақтығын арттыру – бір мәселе болса, сау азаматтарды АИТВ жұқтырудан сақтандыру – екінші түйткіл. Ұлт саулығы – қазақтың санын көбейтуді мақсат тұтқан мемлекеттің басты мұраты екенін ескерсек, ұл мен қыз өсіріп отырған ата-ананың ұрпақ тәрбиесін босаңсытуға қақы жоқ.

 

Рандир САХАРИЕВ,

Алматы облыстық ЖИТС-тің алдые алу және

оған қарсы күрес орталығы Талдықорған қаласындағы филиалының маманы

Автор:
Рандир САХАРИЕВ