Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АИТВ-ны ерте анықтау және емдеу, денсаулықты қорғауға көмектеседі


5 февраля 2019, 03:20 | 1 397 просмотров



Қазіргі таңда АИТВ-инфекциясы туралы халыққа ақпарат көзі жеткілікті берілуде деп айтуға әбден болады, бірақ өкінішке орай, халықтың белгілі бір бөлігі, өзінің күнделікті өмірінде өзін жұқтыру қаупіне ұшырата отырып, АИТВ-ның алдын алудағы қарапайым ережелерді пайдаланбайды. Олардың біріне бірнеше жыл бойы Астана қаласының ЖИТС орталығында бақылауда тұрған Тимур да жатады. Тимурдан АИТВ-инфекциясы 21 жасында анықталды, жұқпаны жыныстық жолмен жұқтырған. АИТВ-оң статусын ауруханаға ауыр халде түскенде естиді. Қазір Тимур өзінің бей-берекет жүріс тұрысына жоғалтқан уақытын өкінішпен есіне алады. «Енді ғана университет бітіріп, беделді жұмыс тауып, тағылымдамадан өтуге Еуропаға жиналып едім, денсаулығым күрт нашарлап, клиникаға ауыр халде түстім, ол жағдайдың себебі АИТВ салдары екенін кеш түсіндім.... Маған көптеген түрлі зерттеулер мен талдаулар өткізіп, бірақ нақты диагноз қоя алмады. Ауруханаға түскеннен соң бірнеше күннен кейін ЖИТС орталығының дәрігері келді, мен істің не екенін түсініп - дәрігер мен енді өлемін бе? - деп сұрадым. «Біз сізді емдейміз және қазіргі жағдайда емнен бас тартуға болмайды» - деп жауап берді. Дәрігер маған арнайы ем тағайындады, жағдайым да жақсара бастады, бірақ ауруханада жатқанымда бүкіл өмірім көз алдымнан өткен секілді көрінді... ауруханадан шыққан соң мен ЖИТС орталығына бардым, осы уақыттан бастап менің екінші өмірім басталды. Алда ұзақ оңалту және иммундық жүйені қалпына келтіру күтіп тұр».

Астана қаласы ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының емдеу алдын алу бөлімінің меңгерушісі Г.Нургожинаның айтуынша, АИТВ оң нәтиже берген жағдайда барлық азаматтар ЖИТС орталықтарында диспансерлік есепке тұрып, антиретровирустық ем алуы тиіс. Қазіргі уақытта, Тимур белсенді өмір салтын ұстанып, спорттық туризммен айналысады, емдеуші дәрігермен бірге өзінің денсаулық көрсеткіштерін қадағалайды. Тимурдың ауыр жағдайы мен аурудың өршуі вирустың қанда жаппай көбеюіне байланысты болған. АИТВ анықталып, ол ауыр жағдайда ауруханаға түскен кезде қандағы вирустың саны 1 мл қанға шаққанда 85 000-ға жуық вирустың көшірмесін құрады! Тимурдың иммундық жүйесі вирустар мен бактерияларға қарсы тұра алмағандықтан, бактериялық пневмонияның ауыр, асқынған түрінде өтті. Қазіргі уақытта, антиретровирустық терапияның көмегімен Тимурда вирустық жүктеме көрсеткіштері - 40 көшірме/мл-ден артық емес. Дәрігерлер бұл көрсеткішті «анықталмайтын деңгейге дейін вирустық басу» термині деп атайды, ол адам қанындағы иммун тапшылығы вирусының ең аз мөлшері. Бұл антиретровирустық терапияның тиімділігінің ең басты көрсеткіші. Басқаша айтқанда, қазіргі заманауи ретровирусқа қарсы терапияның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, пациент және оның докторы АИТВ инфекциясының дамуын бақылай алады, бұл АИТВ-мен өмір сүретін адамдар арасында өлімнің ең жиі себебі болып табылатын қосарланған аурулар мен асқынулардың пайда болуына және неғұрлым ауыр клиникалық 3 және 4 сатыға (ЖИТС) ауысудың алдын алуға мүмкіндік береді, оған қоса АРТ арқасында АИТВ жұқтырған әйелдер дүниеге дені сау бала әкеле алады  және АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың өмір сүру сапасы, жұмыс жасау белсенділігі жақсарады.

Ретровирусқа қарсы емнің тиімділігі көптеген ғалымдардың тәжірибесінен алынған клиникалық жағдайлармен, адамдардың тағдырымен дәлелденгендіктен, АИТВ-инфекциясын емдеудің негізділігі мен қажеттілігі мәселелерінде ешқандай күмән келтірмеу керектігін ескеру керек. АИТВ-статусын мойындамай және өзін-өзі емдеп, халық емшілерінен «дауа» іздеп, алтын уақытты жоғалтудың қажеті жоқ. Тек ЖИТС орталығының дәрігерлері ұсынған медициналық көмектен бас тартпаңыз.