Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Талдықорған: науқасқа басқа топтың қанын құйған дәрігерлерді тексеру басталды


28 января 2019, 08:42 | 1 122 просмотра



 

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғандағы облыстық ауруханада көз жұмған Анархан Қырғызбаеваның өліміне байланысты арнайы комиссия құрылды. Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы оқиғадан кейін Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының бұйрығымен комиссия құрылып, қазір облыстық аурухананы тексеру жұмыстары жүріп жатыр», - деді осы ведомстваның баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова. Сондай-ақ, тексеру жұмыстарын облыстық  қоғамдық денсаулық сақтау департаменті де жүргізеді. Аталған мекеме тексеруді дүйсенбі күні бастайды. «Шағымдағы айтылған нәрселердің бәрін анықтаймыз. Шын мәнісінде қандай қан құйылды, кім құйды, неге дұрыс анықтамады? Басынан аяғына дейін ақ-қарасын анықтап береміз», - деді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов. Марқұмның жақындары облыстық прокуратура және полиция департаментіне де арыз түсірген. «Біздің жанымызға қатты бататыны -  аурухана басшылығының «науқасқа бір рет үшінші топтағы қан құйылды» деп жалған құжат жасатып, істі жаба салуға  тырысқандығы. Сондықтан, бұл жерде ешқандай келісімге келу, кешірім деген болмайды. Жазықтылар міндетті түрде жазасын алуы тиіс», - дейді марқұмның балалары. Ал гемоглобині 50-ді көрсеткен науқасқа үшінші топтың да, төртінші топтың да қанын құйғандарын дәрігерлер мойындап отыр. «Біз төртінші топтың қанын 4 рет құйдық.  Үшінші топтың қанын екі рет құйдық. Қан тобын анықтау қиын болғандықтан, біз шатасқанымызды мойындап отырмыз», - деді Алматы облыстық ауруханасының бас дәрігері Мұрат Рахметов.  Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін облыстық ауруханаға өз аяғымен барған Анархан Қырғызбаеваға дәрігерлер басқа топтың қанын 4 рет құйып, науқас қиналып қайтыс болғаны жөнінде хабарлаған болатынбыз.  





Автор:
www.inform.kz