Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Сезімтал өсімдіктер


13 июля 2010, 12:10 | 3 206 просмотров



Өсімдіктер өмірінен

Қоршаған ортаның адамға тигізетін әсері орасан зор екендігі белгілі. Әсіре-се, өсімдік әлеміне қандай көзқараспен қарасаңыз, ол да сізге солай «жауап» береді. Адамзат баласы сан ғасырлар бойы өсімдікті ем ретінде қолдануда. Өсімдік әлемінің адам-ға берері көп десе де болады. Мысалы, гүлді құмырасымен біреу сыйға тартса, сіз ол адамға сол гүл үшін аз болса да ақы төлеуіңіз керек екен. Себебі, құмырадағы гүл «мені бағалады» деп «риза» болып, одан әрі жай-қалып өсе түседі екен. Ал, өсімдіктерге дұрыс қарамаса, уақытында суғарып тұрмаса «ренжіп», адам ағзасына зиянды улы химиялық заттар бөліп шығаратын көрінеді. Мысалы, қызанақ көшетін бөлмеде өсіріп, су құюды ұмытып кетсеңіз, түнімен ұйықтай алмайсыз.

Ал, кактустар да адамның көңіл-күйіне әсерін тигізеді екен. Кактусқа «туу, түрі құрысын, қандай сүйкімсіз» деп айтқан сәтте-ақ, құрамында алкогольдік қоспалар бар улы зат бөліп шығарады екен. Бұл зат адамды ішімдікке итермелейтін көрінеді. Содан адам ішімдікке әуестеніп кететін кездері болғанын ғалымдар анықтаған.

Ал, кейбір өсімдіктер өз қожайынын бас-қа бір адамнан қызғанатын көрінеді. Биохимия маманы, доцент Дина Балясова көп жылдар бойы адам мен өсімдіктердің қарым-қатынасы туралы зерттеулер жүргізген. Ағылшын физиологы С.Мейсонның бөлмесінде көп жылдар бойы фикус өсіп тұрған. Ғалым үйленгеннен кейін оның әйелі күннен-күнге әлсіреп, сырқаттанып қалады. Ал, жерік болған кезде қатты ит жерік болып, тіпті дәрігерлердің қандай ем қолданғанына қарамай, түсік тастайды. Ғалымның ойына бөлмесінде өсіп тұрған фикус түседі, әйелінің ауруға шалдыққанына сол кінәлі деп оны үйдің қасындағы баққа апарып қояды. Көп ұзамай әйелі құлан-таза айығып, қайтадан бала көтеріп, дені сау, әдемі сәбиді дүниеге әкеледі.

Ертеде «қыдырып» кеткен күйеуін үйге қайтару үшін әйелдер жатын бөлмеге алқызыл түсті гүлді қойған. Сол бөлмеде үш күн қонған ер адам ендігәрі басқаға қарамай, тек өз әйеліне деген сезімі арта түседі екен. Ең жағымды гүлдердің бірі қазтамақ деп есептелінеді. Қазтамақ тұрған бөлмеде ұрыс-керіс те болмайды, ал бола қалған жағдайда, өсімдік адамның жүйке жүйесіне әсер ететін зат бөле бастайды. Содан ұрысып қалғандар тез татуласып кетеді екен. Сондықтан болар, бұл гүлді бұрындары әр үй өсірген.

Гүлді өз қолыңыздан егіп, күтіп-баптаған жөн. Оларды сәбиді баққандай күтсеңіз, өскен соң сіздің денсаулығыңызға, отбасыңыз-ға оң әсер етеді дейді. Гүлдердің қасында бір сағаттай отырсаңыз көңіл-күйіңіз көтеріліп, барлық жаман ойдан арыласыз.

«Емші» өсімдіктер адамзат дамуының алғашқы дәуірінде адамның негізгі қорегі өсімдік болды. Тағам үшін ішіп-жейтін өсімдіктер түрінің көбейуіне қарай, адам осылардың кейбіреулерінің ерекше қасиеті бар екенін байқаған. Бертін келе сол өсімдіктерді емделуге пайдалана бастаған. Яғни айтқанда, адамның тұңғыш ұстазы – табиғат, ал-ғашқы дәріханасы – орман мен дала болды. Сөйтіп, адам өсімдіктерді тағам ретінде пайдаланудың арқасында халық медицинасын ашты.

Ертедегі египеттіктерге алоэ, қараған, анис, медуница, зығыр, лотос, көкпар, жалбыз, тал, арша, т.б. өсімдіктердің шипалық қасиеті белгілі болған. Ғажап сиқырлы күші бар шөптермен Үндістанның аты шыққан. Бұдан 4 мың жыл бұрын үндістандықтар 760 дәрілік өсімдікті пайдалана білген. Қытайда дәрілік өсімдіктер жөнінде алғашқы кітап бұдан 5 мың жыл бұрын жазылған. Орта ғасыр ғалымы Парацельс ерте заманнан келе жатқан ілім бойынша «емдік өсімдіктің пішіні, түсі, дәмі мен иісі аурудың сипатына сай келуі тиіс» дейді. Мысалы, сарғайып ауырған адамды сары түсті өсімдікпен, бүйрек ауруын жапырағы бүйрек тәрізді өсімдікпен емдеу қажет. Халықтық медицинаның ел арасына көп тараған және тәуір дамыған саласы – шөппен емдеу. Қазақ хал-қының емшілік салтында шипалы өсімдіктерді пайдалану ежелден бар дәстүр. Халық емшілері бұл жөнінде көптеген тәжірибелер де жинаған. Мысалы, қазақтардың қылшадан дәрі жасауына сүйеніп, 1924 жылы П.С.Моссагетов Қазақстанда өсетін қырықбуын қылшасының шипалы қасиетін ашқан. Оның құрамында емдік эфирин заты табылды. Шырғанақтан алынатын майды қазақтар жараны, күйікті жазуға, итмұрын жемісінің қайнатылған тұнбасын аурудан әлсіреген адамға әл беру үшін, тобылғы сабағын қыздырғаннан кейінгі майын теміреткіні және қотырды емдеуге, қалақай, мыңжапырақ тұнбаларын қан тоқтатуға пайдаланған.

Қазақстан жерінде тұзды көлдер, батпақты сорлар көптеп кездеседі. Жаздың ыстық күндері ол жерлерде қос тігіп, ас, сусын ала келіп емделетін. Ұзынша науа тәріздес етіп жерді қазып, ауру кісіні жатқызып, үстін батпақпен көміп тастайтын. Дәл осындай халықтық қағидаға сүйенген ем орындарының бірі Жаңа-Қорған санаторийінің жанындағы «Борықтыкөл» емдеу орталығы еді. Радикулит, ревматизм ауруларын емдейтін бұл санаторий республикадан тыс жерлерге де белгілі болған. Халық аңызы батпақтың емдік қасиетін алғаш ашқан аңшы оғынан жараланған киік деседі.

Айта кететін бір жай – қазақ халқы дәрмене жусанды емдеу үшін пайдалануын ғылыми медицинаға қосқан үлкен үлес деп бағалау ләзім. Өйткені, дәрмене жусанды қазақтың халық медицинасы ішек құрты ауруына қарсы пайдаланған. Бабаларымыз аталмыш өсімдікті атам заманнан бері шет елдерге сауда керуендері арқылы көп мөлшерде жіберіп тұрған. Ол өте бағалы шипалы шөп ретінде, жоғары бағаланған. Себебі, дәрмене жусан Қазақстанның оңтүстігінен басқа жерде өспейді, яғни бұл өсімдікке дүние жүзінде сұраныс көп болған.

Автор:
Б.Ахметжанова