Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Балық қырылып жатыр: Атырауда бір ғана кәсіпорыннан 100 тонна бекіренің өлексесі шықты


17 января 2019, 09:25 | 1 085 просмотров



Қазір мамандар суқоймаларын өлген балықтан тазартуда. Балықшылардың жергілікті билікке өкпесі қара қазандай. Көмектесеміз деген уәдесін орындамапты. Арнайы құрылған комиссияның да жұмысы беймәлім. Ал облыс әкімі Нұрлан Ноғаев болса, аудандарды аралап, кадрларды ауыстырып әлек. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қазір Атырауда күнде жиын. Астанадан ат сабылтып, министрліктен келген өкілдің алдында қызыл кеңірдек айтыс-тартыс. Басшыларға сор болған бекірінің өлімі. «Жайық Атырау» зауытынан 2 тоннадай, ал осы өңірден жалға кәсіпорын алған «Луговой жылқы зауыты» серіктестігінен 100 тоннаға жуық балық қырылыпты.

“Жұмыс өте ауыр, мұздың қалыңдығы 30 сантиметрге жетеді. Бар күш жігерімізді жұмсап жатырмыз. Қырылған балықтарды шығаруға әкімдікте көмек қолын созамыз деген, әлі ешкім келген жоқ. Балықтарды сүзіп алып, шығынды есептеуіміз керек” – дейді балық өсіруші Руслан Дусалиев.

Экологтардың болжамынша, бағалы балықтың қырылуына Жайық өзенінің бойындағы кәсіпорындар кінәлі-мыс. Бірақ мәліметтерді құпия ұстап отырған көрінеді. «Атырау жылу электр» орталығына жүргізген тексерістің нәтижесінде жарияламапты. Су арнасы мекемесіне де жоспардан тыс бақылау жүргізіліпті.

“Қазіргі таңда мына алдында айтып өткендей полиция қызметкерлеріменен 2 қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Мұнымен мына құқық қорғау органдары айналысуда. Қазіргі таңда мына сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуіне байланысты бүкіл жұмыстарды полиция департаменті қарастырып жатыр. Сондықтан олар кімнің қандай нәтиже беретіндігі жөнінде өзінің тексеріс аяқталғаннан кейін толық БАҚ-қа хабарлайтын болады” – дейді экология департаментінің бөлім басшысы Жолдасқали Телағысов.

Мамандардың сөзінше, бағалы балықтарды қырылған кезде ғана емес, әрдайым ғылыми тұрғыда да бақылап, зерттеп отыру керек. Ол үшін бюджеттен қаржы бөлініп, ихтиологиямен айналысатын кәсіпорындар жұмыс істеуі тиіс екен. Бұл мәселеге байланысты экологтар да жанайқайын айтуда.

“Балық судың астында жатыр. Оны Каспийге жібермеудің амалын қарастырып жатырмыз дейді. Сау адам солай айта ма?. Балықтың бойындағы ауру баяғыда суға шығып кетті. Мәселе суды тазалау керек. Бір ай бұрын амиак деп айтқан жоқ. Әлі талай шикілігі шығады бұл мәселенің” – дейді халықаралық экология академиясының президенті Мұсағали Дуанбеков.

Бекіренің қырылуына байланысты тиісті органдардың болжамы да сан қилы. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық қадағалау комитеті “аммиактың зияны тиді” деген лабороториялық қорытынды жасаса, атыраулық экологтар судың ластануы себеп болды деп отыр. Ал жергілікті мамандар су астынан шыққан шалажансар балықтарды аман алып қалу үшін күресуде. Егер бұлар қырылатын болса кейбір кәсіпорын жабылуы да мүмкін.

Автор:
http://stan.kz